Жол, Қоңырау, Наурыз. 25 сәуірдің топ жаңалықтары

Автор: редактор 25 апреля, 2024


Бәріне сәлем!

Қыздар мен жігіттер, назарларыңа кезекті ТОП-3 жаңалықты ұсынамыз!✔️

1️⃣ Қазақстанда жаңа жол белгілері бекітілді.

Қазақстанда бірнеше жаңа жол белгілері бекітілді. Бұл туралы Қазақстан стандарттау және метрология институты баспасөз қызметі мәлімдеді.

2024 жылғы 25 сәуірдегі ақпарат бойынша:

«ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті мен ҚР СИМ ТРМК Қазақстан стандарттау және метрология институты әзірлеген осы өзгерістер жолдардағы қауіпсіздікті арттыруға және жол қозғалысының барлық қатысушыларына қолайлылықты қамтамасыз етуге бағытталған.»
Сонымен қатар, ағымдағы жылдың 1 мамырында қолданысқа енгізілетін ҚР СТ 1412-2017 «Жол қозғалысын реттеудің техникалық құралдары» ұлттық стандартына өзгерістер мен толықтырулар туралы болып отыр.
Негізгі жаңалықтардан:
Міндетті айырым белгісі: гибридті қоспағанда, барлық электромобильдер қолдануға тиіс «Электромобиль» белгісі.

Жаңа жол белгілерін енгізу:
Жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және мүмкін болатын авариялық жағдайлардың алдын алу үшін тротуарларға орнату жоспарланған «Электр самокаттарда жүруге тыйым салынады»

«Қарама-қарсы жүріс бөлігіне қайта ауысу»

Белгілермен таныстыңыз ба?🤔

2️⃣ Ел мектептерінде соңғы қоңыраудың орнына бірыңғай сынып сағаты өтеді.

ҚР Оқу-ағарту министрлігінің ақпаратына сүйенсек, 2023-2024 оқу жылын 3,8 млн-нан астам қазақстандық оқушы аяқтайды, оның 186 мыңы мектеп түлектері.

Биылғы оқу жылының ұзақтығы 34 аптаны құрайды, оқу 25 мамырда аяқталады.
“Су тасқынынан орын алған жағдайға және 25 мамырдың демалыс күніне сәйкес келуіне байланысты 24 мамыр күні барлық мектептерде сабақта 2023-2024 оқу жылының аяқталуына арналған сынып сағаты ұйымдастырылады. Онда сынып жетекшілері оқушылармен бірге өткен оқу жылын қорытындылайды” — деп атап өтті Тәрбие жұмысы және қосымша білім беру департаменті директорының орынбасары Қарлығаш Құрманбекова.
11 (12) сынып түлектеріне аттестат тапсыру және ерекше үлгідегі «Алтын белгімен» марапаттау 12-15 маусым аралығында мектептердегі барлық емтихандар аяқталғаннан кейін өтеді.

Айта кетейік, 9-11 сынып түлектерінің қауіпсіздігін және емтихандарға сапалы дайындығын қамтамасыз ету мақсатында ақша жинауға, салтанатты іс-шаралар, банкеттер ұйымдастыруға және автомобильдермен шығуға тыйым салынады.

Төтенше жағдайға байланысты осындай шешімге келген екен👍

3️⃣ “Наурыз” тұрғын үй бағдарламасына өтінім қабылдау басталды.

“Наурыз” тұрғын үй бағдарламасына қатысуға өтінімді «Baspana Market» жылжымайтын мүлік порталында (otbasybank.kz) беруге болады. Өтінімдерді қабылдау 25 сәуірден 30 маусымға (2024 жыл) дейін жалғасады. Өтінім беру уақыты мен күні маңызды емес. Отбасы банкі салымшыларының бағдарламаға қатысуға өтінім беруіне екі ай уақыты бар”, — делінген банктің Instagram парақшасында.

Бұған дейін “Наурыз” тұрғын үй бағдарламасының іске қосылатыны туралы хабарлаған едік. Оның талаптарымен толығырақ сілтеме арқылы танысуға болады.

Сіз де қатысып көріңіз!🔥