Жол, Теннис, Үй. 1 желтоқсанның топ жаңалықтары

Автор: редактор 01 Желтоқсан, 2023


Кеш жарық, қыздар мен жігіттер!

Назарларыңа бүгінгі күннің ТОП-3 жаңалығын ұсынамыз✅

1️⃣ Қазақстанда жас ғалымдарға арналған тұрғын үй бағдарламасы іске қосылды.

«Отбасы банк” елімізде жас ғалымдарды баспанамен қамтамасыз ету бағдарламасы іске қосылғанын мәлімдеді.

Отбасы банк пен ғылым және жоғары білім министрлігі арасында қол қойылған ынтымақтастық туралы келісім аясында бүгін, 1 желтоқсаннан бастап ғалымдардан несие алуға өтініш қабылданады.

Бағдарлама ғылыми ұйымдар мен жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының жас ғалымдарына 5 жыл бойы қолжетімді шарттармен баспана алу мүмкіндігін береді.

«Ғалымдарымыз күнделікті мәселелерді ойламай, ғылымға ден қоюы үшін біз өз тарапымыздан оларға баспана мәселесін шешуге көмектесуге дайынбыз. Біз ғылым және жоғары білім министрлігімен бірлесіп, Отбасы банкінен жылдық мөлшерлемесі – 5%, ең төменгі 10%-тік алғашқы жарнамен несие алуға мүмкіндік беретін бағдарламаны іске қосып жатырмыз», – деді «Отбасы банк» АҚ басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова.

Ғылым министрлігі ғылыми ұйымдар мен жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейiнгi бiлiм беру ұйымдарының тiзімін құрып, банкке ұсынады. Ал қатысушылар пулын жұмыс беруші белгілейді.
«Ғылыми ұйымдардың бірінші басшылары қол қойған жолдаманы алған қызметкерлер төлем қабілеттілігін бағалату үшін банкке жолдама алады», – делінген хабарламада.

Бағдарлама шарттары

Баспананы жаңа немесе қолданыстағы тұрғын үйлерден сатып алуға болады.

кредиттің жылдық мөлшерлемесі – 5% (ЖТСМ 5,2% бастап).

алғашқы жарна 10%-тен 50%-ке дейін болады.

бағдарлама қатысушысына берілетін ең жоғары қарыз сомасы – 20 млн теңгеге дейін.

Сондай-ақ «Жасыл ипотека» бағдарламасы аясында да несие алу мүмкіндігі бар. Оның ең жоғары сомасы 35 млн теңгені құрайды. Несие бойынша мөлшерлеме – жылдық 8% (ЖТСМ 8,2%-тен бастап). Алғашқы жарна – 20%-дан 50%-ға дейін.

Бағдарламаға қатысатын ғалымдардың жасы 40 жастан аспауға тиіс. Оның және онымен бірге тұратын отбасы мүшелерінің соңғы 5 жылда баспанасы болмауы керек.

Керемет мүмкіндік екен!🔥

2️⃣ Медеу-Шымбұлаққа кіретін жол демалыс күндері ашылады.

«Биыл 1 желтоқсаннан бастап Медеу-Шымбұлақ жолында апаттық-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуге байланысты жабылған жолмен автокөліктер мен жаяу туристердің кіруіне жексенбі күндері жол ашылады. Бұл күндері жұмыс жүргізілмейді, жаяу жүргіншілер мен автокөлік жүргізушілерінің өміріне қауіп төнбейді», – делінген хабарламада.

Қалған күндері өткізу режимі бұрынғы кестеге сәйкес жұмыс істейді: 09: 00-ге дейін және 18.00-ден кейін электромобильдер мен такси жүргізушілеріне кіруге рұқсат. 13:00-ден 14:00-ге дейінгі кезеңде техникалық қызметтердің арнайы көлігі ғана кіре алады.

«Ал жаяу жүргіншілерге жол бойымен жүруге қатаң тыйым салынады. Жаяу жүргіншілер студенттік соқпақ арқылы жүре алады».

Еске салайық, «Мохнатка» және «Горельник» тауларының баурайында құлаған тастың салдарын жою бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. 25 қазаннан бастап осы күнге дейін еңісті тазарту (тазарту) жұмыстары 80 пайыз орындалған.

Сондай-ақ, бұрғылау қондырғыларын қолдана отырып, еңісті нығайту және нөсер жүйесінің құрылысы жүргізіліп жатыр. Кешенді жұмыстар қыс бойы жалғасады және 2024 жылдың күзінде аяқталады.

Медеу мен Шымбұлаққа барып жүрсіз бе?😍

3️⃣ Қазақстандық қос теннисші Әмір Омарханов пен Асылжан Арыстанбекова жасөспірімдер арасында Аустралия чемпионатында ойнайды.

Қазақстан теннис федерациясынан мәлім еткеніндей, сонымен қатар Даниал Рахматуллаев, Виталий Зацепин, Ілияс Маратұлы және Айя Нұпбай іріктеу сайыстарында бақ сынайды.

Жасөспірімдер арасында Аустралия біріншілігі 20-27 қаңтар аралығында өтеді.

Қарағанды теннис мектебінің түлегі Әмір Омарханов 16 жаста. Жасөспірімдердің әлемдік рейтингісінде 55-орында тұр. Ол ITF Juniors санатында өткен жарыстарда жекелей және жұптық сында бес реттен жеңімпаз атанды.

Алматы теннис мектебінің түлегі, 17 жастағы Асылжан Арыстанбекова рейтингіде 68-сатыда келеді. Ол ITF Juniors додаларында жекелей сында бір рет чемпион болды. Ал жұптық сында 13 титулға қол жеткізді.

Спортшыларымызға жеңіс тілейміз!👏🏻