ЖСН, Платформа, Балуан.29 қарашаның топ жаңалықтары

Автор: редактор 29 ноября, 2023


Кеш жарық, қыздар мен жігіттер!

Назарларыңа бүгінгі күннің ТОП-3 жаңалығын ұсынамыз✅

1️⃣ Ризабек Айтмұхан UWW таңдаған үздік 5 балуанның қатарына енді.

Еркін күрестен тәуелсіз Қазақстан тарихындағы тұңғыш әлем чемпионы атанған балуанымыз Ризабек Айтмұхан Бүкіләлемдік күрес ұйымы (UWW) таңдаған үздік бес балуанның бірі атанды.

Ұлттық олимпиадалық комитеттің мәліметінше, бүкіләлемдік күрес ұйымы (UWW) әлеуметтік желіде болашағынан үміт күттіретін үздік бес балуанды ерекше атап өткен.

«Жұлдызы енді жанып келе жатқан осы бес балуанға назар салу керек. Олардың қайсысы Олимпиада медалін бірінші болып жеңіп алады?», — делінген жазбада.

UWW ұйымының үздік балуандар тізбегінде еркін күрестен әлем чемпионы Ризабек Айтмұхан, бахрейндік Ахмед Тажудинов, әзербайжандық Хасрат Жафаров, жапониялық Акари Фуджинами мен америкалық Амит Элордің есімдері аталған.

Естеріңізге сала кетейік, Ризабек Айтмұхан жақында еркін күрестен қазақтан шыққан тұңғыш әлем чемпионы. Ол Белградта өткен әлем чемпионатында 92 келі салмақта қарсылас шақ келтірмей, жеңіс тұғырының ең биік сатысынан көрінді.

Құтты болсын!🔥

2️⃣ Елімізде ЖСН алу тәртібі өзгереді.

Қазақстанда жеке сәйкестендіру нөмірін (ЖСН) алу тәртібін өзгерту жоспарлануда.

Ішкі істер министрлігі «Қазақстан Республикасында уақытша болатын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға жеке сәйкестендіру нөмірін жасау және түзету» мемлекеттік қызметін көрсету қағидаларын бекіту туралы» бұйрығын талқылауға шығарды.

Министрлік бастамашы болған жаңа ережеге сәйкес, шетелдіктер электронды үкімет порталы арқылы ЖСН ала алмайды. ЖСН алу үшін тұрғылықты жері бойынша Халыққа қызмет көрсету орталығына өзі келіп, өтініш беруі қажет.
Көрсетілетін қызметті алушы:
көрсетілетін қызметті алушының жеке басын сәйкестендіру;
құжаттарда көрсетілген мәліметтердің дұрыстығын тексеру;

Халыққа қызмет көрсету орталығының интеграцияланған ақпараттық жүйесінде (ИИЖ) өтінішті толтыру.

«Қазақстан Республикасының соты бас бостандығынан айыруға сотталған шетелдіктердің, азаматтығы жоқ адамдардың және тұрақты емес мәртебесі бар адамдардың жеке басын куәландыратын құжаттары болмаған жағдайда, мемлекеттік қызметті алу үшін осы қағидаларға сәйкес өтініш негіз болып табылады», — делінген құжатта.

Жаңа ережемен таныстыңыз ба?🤔

3️⃣ Жұмыссыз жастар үшін Алматыда жаңа платформа іске қосылды.

Алматыда жастарды жұмысқа орналастыру үшін Jobfаir365 бірыңғай платформасы құрылды.

Бағдарлама үш аспектіні қамтиды – жастарды өз мамандығы бойынша жұмысқа орналастыру қызметі, тегін курстар қызметі және қала жастарына арналған ақпараттық портал.

Бұдан бөлек, сайтта орыс және қазақ тілдерінде қысқа мерзімді курстар бар.

“Қысқа мерзімді курстардың тізімін анықтау үшін еңбек нарығындағы сұранысқа талдау жүргізілді. Талдау жастарды табысты жұмысқа орналастыру үшін қажетті өзекті әрі сұранысқа ие мамандықтарды анықтауға мүмкіндік берді. Осылайша, курстар ақпараттық технология, цифрлық маркетинг, қаржы, бухгалтерлік есеп, жобаны басқару, кәсіпкерлік, дизайн, сату менеджері, SMM менеджері, мобилограф, графикалық дизайнер, таргетолог, туроператор, гид, курьер, хаускипер және тағы басқа салаларды қамтиды”, – деп атап өтті әкімдіктен.

Курстың бағытына байланысты сабақ 20-дан 30 адамға дейінгі топта өткізіледі. Пайдаланушылар аптасына үш рет 2-3 сағат оқиды, онда оқытудың теориялық бөлігі 1 — 1,5 айға дейін созылады.

Қазіргі уақытта порталда 3,7 мың бос жұмыс орны бар және 20 өңірден 1,5 мың жұмыс беруші тіркелген. Бүгінде 10,2 мың адам оқытылды, оның 9,2 мыңы жұмысқа орналастырылды.

Енді жақсы мүмкіндікті сіз де пайдалана аласыз!👍