Журнал, Эскиз, Олимпиада. 10 маусымның топ жаңалықтары

Автор: редактор 10 июня, 2024


Кеш жарық, қыздар мен жігіттер!

Назарларыңа бүгінгі күннің ТОП-3 жаңалығын ұсынамыз! ✔️

1️⃣ Қазақстандық ғылыми журнал әлемдегі ең ірі Elsevier платформасында шығарылады.

«Eurasian Journal of Physics and Functional Materials» ғылыми журналы Digital Commons Elsevier платформасында шығарыла бастады. Бұл туралы Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ баспасөз қызметі хабарлады.

Elsevier әлемдегі ең ірі ғылыми баспалардың бірі және дүниежүзіндегі ғылыми журналдардың барлық мақаласының төрттен бірін шығарады.
«Eurasian Journal of Physics and Functional Materials» журналы Еуразия ұлттық университетінде 2017 жылдан бастап ағылшын тілінде шығарылады. Ғылыми басылымның мақалалары Scopus халықаралық ғылыми деректер базасына енгізілген.

Аталған журнал ядролық физика, жоғары энергия физикасы, баламалы және сутегі энергетикасы т.б. саладағы ғылыми зерттеулердің нәтижелері туралы материалдарды қамтиды.
Журналдың халықаралық редакция алқасының құрамына Қазақстан, Ресей, АҚШ, Франция, Жапония, Финляндия, Швеция, Италия, Өзбекстан, Англия ғалымдары, сондай-ақ CERN және Біріккен ядролық зерттеулер институты сияқты әлемдік деңгейдегі ғылыми ұйымдар кіреді.

«Elsevier компаниясының өзі журналды базаға қосу және электрондық нұсқасын шығару туралы бізге ұсыныспен шықты. Elsevier платформасында «Eurasian Journal of Physics and Functional Materials» журналының жариялануы журналдың ғана емес, Қазақстанның бүкіл ғылыми қоғамдастығының дамуы үшін жаңа перспективалар ашады. Бұл Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-да және Қазақстанда жүргізіліп жатқан ғылыми зерттеулер сапасының халықаралық деңгейін мойындау», — деп атап өтті журналдың бас редакторы, ЕҰУ «Еуразиялық физика-энергетикалық зерттеулер және жоғары технологиялар институты» ҒЗИ директоры Қайрат Күтербеков.

Тамаша!🔥

2️⃣ Яссауи қабіржапқышының эскизі әзірленеді.

Яссауи қабіржапқышының түпнұсқасын қалпына келтіру мүмкін емес. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрлігінен мәлім етті.

“Болжаммен 1450-1550 жылдары жасалған қабіржапқыш бүгінде Түркістан қаласындағы «Әзірет Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының қорында сақталуда. Қабіржапқыштың түпнұсқасы оның сақталу деңгейін ескере отырып, қалпына келтіруге жатпайды. Себебі, ол қатаң ерекше температуралық, ылғалдық тиісті режимді жағдайда, күн көзінен және тағы басқа зиян келтіретін факторлардан тыс ортада консервацияланған күйде сақтауды қажет етеді”, — делінген министрліктің агенттік сауалына берген жауабында.

Ведомствоның атап өтуінше, мұндай шешім отандық, шетелдік ғалымдардың (Э. Гюль – Өзбекстан, Р. Гасан –Түркия, Н. Крупа – Украина) ұсыныстары мен ұстанымдары негізінде қабылданған.

“Оны қалпына келтіру үшін жүргізілетін жұмыстар қабіржапқышқа орны толмас зиян тигізуі ықтимал. Алдағы уақытта ғалымдар мен мамандардың күшімен қабіржапқыштың эскизі әзірленіп, ол эскиз келешекте жаңа қабіржапқыш әзірлеу мүмкіндігі туындап жатқан жағдайда қолданылатын болады”, — деді миинстрліктен.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында қасиетті Түркістандағы Ясауи қабірінде көптен бері арнайы жапқыш жоқ екендігін айтқан болатын.

Тарихи орынның жөндеу жұмысы басталып кетті📌

3️⃣ Қазақстандық оқушылар Азия олимпиадасында 7 жүлде жеңіп алды.

Ведомствоның мәліметінше, Малайзияның Кампар қаласында физикадан Азия олимпиадасы өз мәресіне жетті. Онда әлемнің 27 елінен 212 оқушы бақ сынасты.
Қазақстан құрамасы бір күміс, алты қола медальға және бір мақтау грамотасына ие болды.

Жеңімпаздардың есімдері:
Күміс медаль — Маргулан Нурсагатов, Алматы қаласындағы Республикалық физика-математика мектебінің 11 сынып оқушысы;

Қола медаль — Ілияс Қазымбек, Астана қаласындағы Республикалық физика-математика мектебінің 11 сынып оқушысы, Досжан Бисимби, Алматы қаласының «Мирас» халықаралық мектебінің 12 сынып оқушысы, Бекасыл Елубай, Алматы қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11 сынып оқушысы, Артур Ким, Ақтөбе облыстық дарынды жасөспірімдерге арнаған мамандандырылған «Білім-инновация» лицей-интернатының 11 сынып оқушысы, Амир Пшенбаев, Астана қаласының дарынды ер балаларға арналған «Білім-инновация» лицей-интернатының 11 сынып оқушысы;

Грамота — Нұрасыл Барлыбаев, Атырау облыстық № 1 «Білім-инновация» лицей-интернатының 10 сынып оқушысы.
Құрама команда жетекшілері: Самат Мақсұтов — PhD, SDU доценті және Нұрдәулет Қаласов — PhD, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аға оқытушысы.

Құтты болсын!👏🏻