Табыс & Шығыс айдары

Автор: редактор 21 мая, 2025


Табыс & Шығыс айдары:

“Еңбекке ерте араласу – қаржылай сауаттың бастауы”. 23 жастағы бойжеткен бір айлық табысы мен шығынын айтты

📍“Табыс & Шығыс” айдарында біз жасы, жынысы, мамандығы, тұрғылықты жері әртүрлі Қазақстан азаматтарының бір айда тапқан табысы мен шығынын есептейміз. Кіріс пен шығынды жатқа білу қаржы сауатын арттырып, қарыздан құтылып, табысты болуға жетелейді.

💁🏻‍♀️ Бүгінгі кейіпкеріміз – Ақтоты Қалмұрат. 23 жастағы ару маркетолог әрі smm болып жұмыс істейді. Жан-жақты табыс көзі бар бойжеткен қашықтан да қаражат табуға бейімделген. Алматы қаласында тұрады. Тұрмыс құрмаған. Жоғары білімі бар. Студент кезінен шәкіртақыдан бөлек, қосымша табыс табумен айналысқан.

💸 Бір айдағы табысы:

Жұмыстағы жалақы – 500 000-600 000 теңге
Қосымша табыс – 500 000 теңге
Жалпы табыс — 1 000 000 теңге

💸 Бір айдағы шығыны:

Азық-түлікке кететін шығын – 50 000 теңге
Пәтерақы — 75.000 теңге
Кредиттерді өтеу – жоқ
Түскі асқа – 5000 теңге
Дәрі-дәрмекке шамамен —  30 000 теңге
Жол шығыны – 5000 теңге
Күтім заттарына – 70 000-100 000 теңге
Коммуналды шығындар –  10 000 теңге
Жақындарыңа көмек ретінде беретін ақша –50 000теңге
Қыдырып демалуға –  70 000 теңге
Интернет төлемі – 6700 теңге
Киім-кешек  — 30 000-50 000 теңге
Кітап алу/курс оқу – 30 000-100 000 теңге
Фитнес залының төлемақысы – 50 000 теңге
Әлеуметтік желіге арналған жазылым ақысы- 4500 теңге
Ақылы ұялы телефон қосымшалары — ⁠10 000 теңге

💵 Жалпы шығын – 470 000 айына мың
Бір айдағы сальдо – плюс 500 000 теңге

📌 Ақтотының түсініктемесі:

Орталық Азия соның ішінде дамушы мемлекеттің азаматшасы болғандықтан, қатарыңнан қалмау, талпынып жан-жақты тірлік қылу біздерге тән. Яғни, аяқты аспанға көтеріп, алаңсыз күн кешу деген жоқ. Бір жағы дамыған елдердегідей бәсеке басым болмағандықтан, мүмкіндік те көп. Аллаға ниет етіп, қолдан келген амалдың барлығын жасасаң табыссыз қалмайсың деп ойлаймын. Өзім студент кезден жұмыстың ауыр жеңіліне қарамай, бос уақытымның барлығында еңбекке араластым. Ақшаны ерте жастан табудың пайдасы көп екенін нақты айта аламын. Себебі, қаржылай жауапкершілік пайда болады. Қаржы сауаты мезетінде қалыптасқан адамның кіріс-шығысқа есеп жүргізуі, өз ақшасын өзі басқара алуы оңай болады. Кризис, инфляция секілді т.б күтпеген соққылар кезінде жұтылып кетпеуге берісі ұтылып қалмауға алдын ала қалқан жасайсың. Түрлі жұмысты істеп көргенімнің арқасында, өзіме не керегін білдім. Ысылдым. Негізгі мамандығым педагогика бағыты. Дегенмен мен маркетинг саласын тәжірибеде жасап бастап, одан соң арнайы оқып та алдым. Есесіне, кәсіби түрде меңгергенімнің арқасында әрдайым жұмыс көзі маған дайын тұрады. Онлайн саудамен де ара-тұра айналысамын.

Уақытымның ауқымды бөлігін жұмыс істеуге арнайтындықтан, үйден сирек тамақтанамын. Яғни, толтырып азық-түлік сатып алмаймын. Оны әзірлеуге уақыт кетіргенше, табыс тапқан мен үшін абзалырақ. Салыстырсам сырттан тамақтанумен шығыны бірдей-ақ. Жұмыстан босаған уақытта нарықты зерттеуге немесе жаңа білім алуға  назар қоюға тырасамын. Қазір қыздармен бірлесіп пәтер жалдап тұрамын. Коммуналдық шығын және пәтерақыны бөліп төлейміз. Қазір жеке үйімнің болуына аса қажеттілік жоқ. Алайда болашақта өз қаржыммен үй ала аламын деп ойлаймын. Бастысы, басымда қарыз жоқ. Еркінмін. Ақша жетіспеушілігі, біреуге борышкер болу адамды ішкі мазасыздыққа алып келеді.

Онымен алысып күрескенше, нәпсіңмен күрескен тиімдірек. Қыз баласы болсаң да, тұрақты жоғары табыс керек. Адамға сенімділік және ертеңгі күнге үміт сыйлайды. Сүйікті ісіңмен айналысу өмірдің мәні іспетті. Ол әрі жеткілікті қаражат әкеліп тұрса, адамның жаны толығымен тыныштықта болады деген пікірдемін. Әрі қайырымдылықпен айналыса алуға септігі бар. Өмірде алу мен беру заңдылығын сақтаған адамда орынсыз шығын алдынан шықпайды деп ойлаймын.

📞 Өз отбасыңыздың бір айдағы қаржылық картинасымен бөліскіңіз келсе, «Табыс & Шығыс» айдарының колумнисті Мөлдір Бегімбетке хабарласыңыздар: WhatsApp +7 775 609 75 45