“Жеткілікті өмірдің боларына сенемін”. Аз табыс тапса да, молшылықтан күдерін үзбеген ананың кіріс пен шығысына шолу
🟢 “Табыс & Шығыс” айдарында біз жасы, жынысы, мамандығы, тұрғылықты жері әртүрлі Қазақстан азаматтарының бір айда тапқан табысы мен шығынын есептейміз. Кіріс пен шығынды жатқа білу қаржылық сауатты арттырып, қарыздан құтылып, табысты болуға жетелейді.
🔗 Бүгінгі кейіпкеріміз – Жәудір Мырзабай. 29 жастағы келіншек – балабақшада жұмыс істейді. Түркістан қаласында тұрады. 3 баланың анасы.
💸 Бір айдағы табысы:
Жұмыстағы жалақы – 90 000 теңге
Қосымша табыс –жоқ
Жолдасының табатыны 200 000 теңге
Жалпы табыс – 290 000 теңге
💵 Бір айдағы шығыны:
Азық-түлікке кететін шығын – 80 000 теңге
Кредиттерді өтеу – 70 000 теңге
Берешек қарыздар – 80 000
Көліктің жанармайы және жөндеу жұмыстарына –20 000
Дәрі-дәрмекке шамамен – 10 000 теңге
Жол шығыны – 2 000 теңге
Коммуналды шығындар – 15 000 теңге
Абоненттік төлем – 3 000 теңге
Күнделікті қалта шығындары теңге – 3 000 теңге
Күнделікті нанға кететін ақша – 500 теңге
Той, жиындарға – 30 000 теңге
Жалпы шығын – 320 000 мың
Бір айдағы сальдо – минус 30 000теңге
🖍️ Жәудірдің түсініктемесі:
Кірісімізден шығысымыздың көп болғанына қарап, аз табыс табатынымызды аңғаруға болады. Бірақ бұл біздің аз жұмыс істейтіндігімізді білдірмейді. Үйге таңғы 7:30-дан кеткеннен кешке бірақ кіремін. Жалақысы жоғары жұмысқа орналасу әзірге бұйырмай тұр. Кейде, мен осы нені дұрыс істемей жүрмін деген сұрақ мазалайды. Мұның алдында түрлі тәттілер пісіріп, үйден де табыс таптым. Тапсырыс берушінің аздығы ма әлде шығынын ақтамадым ба әйтеуір көзін таба алмадым. Сонымен тоқтап қалды. Өзім құр уайымға салынғанша деп қолымнан келгенін істеуге асық болып тұратын адаммын. Балаларымды үйде қайын атам қарайтындықтан, балабақша төлеміне ақша кетпейді. Ал тұңғышым даярлық тобына барады. Айтқандай атамыздың зейнетақысы бар. Дегенмен дәрі-дәрмегі, баратын жері деген секілді өз шығындарына кетеді. Бірақ үйге ет алуға көмектеседі. Несиені де арасында төлеп беретінін айта аламын. Байқасам, ай сайын қарызға қарыз қосылады екен. Бұл мені одан әрі уайымға салып, денсаулығыма нұқсан келтіреді. Дегенмен Құдайдан ешқашан үмітімді үзген емеспін. Жеткілікті өмірдің боларына сенемін. Бастысы, “бақытым – балаларым” деген анамын.
Өз отбасыңыздың бір айдағы қаржылық картинасымен бөліскіңіз келсе, «Табыс & Шығыс» айдарының колумнисті Мөлдір Бегімбетке хабарласыңыздар: WhatsApp +7 775 609 75 45