1 курс студенті өмірдің жаңа кезеңіне алаңдағаны болмаса, жатақхана туралы еш бас қатырмаса да болады. Себебі, бірінші кезекте олар грант мейлі ақылы бөлімге түссе де, міндетті түрде жатақханамен қамтылады. Өңірдің алыс жақындығы да маңызды емес. Соңғы жылдары бұл толығымен шешілген. Ал, арнайы әлеуметтік категорияға кіретін және белсенді 2,3,4 курс студенттеріне ғана жатақханадан орын бөлінеді.
Барлығы бұл тізімге енбейтіндіктен жоғарғы курс студенттері жатақханасыз қалады. 15 тамыздан бастап, жоғарғы курс студенттері 25 тамызға дейін онлайн өтінім берді. Себебі, оларда университеттің ақпараттық порталында жеке кабинеті бар. Ал, бірінші курс студенттері оқуға түсу құжаттарымен қоса, оқу орнына барып жатақханаға өтініш береді. Шынымен 1 курс студенттерінің барлығы дерлік орын алатынына көз жеткізу үшін, бірқатар орындарға барған едік. Орындыққа жайғасқан қасына ересек адамды ерткен студент мұнда көп. Солардың бірінің жанына барып әңгімеге тарттық.
«Ақтаудан келген інімнің құжаттарын тапсырып жүрміз. Сол шаруаларды бітіргеннен кейін, жатақханаға өтініш береміз. Физика-математика факультетіне грантқа түскен. Әкесі жоқ, яғни тұл жетім, алыс облыстан келгені бар. Сондықтан жатақхананы алатынына әрине сенімдімін. Өзге өңірден жаңа келген бала университет қалашығының ішіндегі жатақханада тұрғаны дұрыс қой. Үлкен қалада әзірге ары-бері сабылып жүргені не керек. Қала тіршілігі мен студенттік өмірге үйренудің өзі стресс», — дейді інісін жетектеп жүрген әпкесі Салтанат.
Хош, сонымен кешегі талапкер университет маңынан жатақханада бөлмесі бар студентке айналады екен. Жалпы елімізде білім беретін 112 жоғары оқу орны бар. Соның ішінде 30-ға жуық университет Алматыда орналасқан. 90 жылдық тарихы бар беделді ұлттық университетіміз ҚазҰУ-де бүгінгі таңда 20 мыңнан аса студент білім алып жатыр. Алатаудың етегіндегі әсем қалада білім алғысы келетін жастардың қатары жыл сайын көбеймесе азаймайды. Олар үшін оқудың екінші курсынан бастап, «қайда жатамын» деген жайт қылаң бере бастайды. Аталмыш мәселе бойынша басы ауырып, ақыры жатақханадан орын ала алмай, баласына пәтер жалдап берген анамен тілдестік. Айтуынша, айына 60 мың теңгеге пәтер жалдаса, тіпті оған шәкіртақысы да жетпейді деп отыр.
«Балам 2 курста оқиды. Ал, жатақхана 1 курстардан артылса ғана, орын тиеді екен. Ал, қалмаса, неге менің 18 жастағы балам хостел іздеп сандалу керек?! Әлі оң-солын толық танып үлгермеген бала ғой. Сондықтан жеке өзін қаладағы хостел не пәтерге тұруына қарсымын. Ал, жатақханада қанша дегенмен тәртіп пен бақылау бар, уайымсыз жүруші едік. Жаз бойы ауылда әкесіне қолғабыс еткендіктен, тамыздың соңғы аптасында ғана Алматыға кетті. Таза, бағасы тиімді, бейнебақылау, күзетші-вахтері бар хостел кезікпеді. Университетпен ортақ келісім шарты бар яғни тек, сол оқу орнының студенттері жататын хостелден орын қалмапты. Сонымен былтыр жатақханада бір бөлмеде тұрған көзтаныс кілең 2 курс студенттерімен пәтерге шықты. 4 бала айына 250 мың теңгені бөліп төлейді!», — дейді анасы Күміс Зияшқызы.
Студент баласы оқитын қаладағы есімі көпшілікке жақсы таныс Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дегі факультетіне бардық. Сөйтсек, тап осы факультетте студент салыстырмалы түрде өзге мамандықтардан өте көп болғандықтан, орын оқуға жаңа түскен баладан артылмайды екен.
«География және табиғатты пайдалану факультетіне былтыр 750 студент қабылданса биыл 900-ден асып отыр. Биыл студент саны басым. Әрине, бірінші оқуға жаңа түскен студенттер жатақханамен қамтылады. Одан жоғары курс студенттеріне орын қалса ғана ала алады. Оның өзінде әлеуметтік жеңілдікке ие болуы керек», — дейді, факультеттің студент деканы Мейірхан Паримбай.
Қазақстанда жатақхана мәселесіне көмектесетін бірыңғай байланыс орталығы іске қосылған болатын. Аталмыш нөмірге хабарласып, олардың нақты қандай көмек беретінін білгіміз келді. Тұтқаны көтерген оператор, қай университет, мамандық екенін сұрап, сол факультеттің аға кураторы мен жастар ұйымының жетекшісінің нөмірін айтты. Яғни, соған қоңырау шалып, әрмен қарай білу керек. Сондай-ақ жоғарғы курс студенттеріне бірден хостелдердің мекен-жайы мен соларға тұруды ұсынып кетті. Құдды бір хостелдің жарнама агенттігі ма дерсің. «Хостелге баланы ата-аналар жібергісі келмейді, басқа қандай көмек бере аласыздар» дегенімізде, министрлікке хат жолдап бере алатынын айтты. Сөйтіп, біз ұлына жатақхана іздеген ананың өтінішімен хат жолдадық. Жақын қандай да бір жауабы бойынша хабарласады деді. Алайда бізге ешкім кері байланыс берген жоқ. Сонда пайдасы жоқ бұл орталықтың жұмысы кімге керек деген сұрақ туындап үлгерді. Айтпақшы, тілдескен оператор өзін таныстырмағандықтан есімін сұрағанымызда оны айтуға болмайды деді.
Биыл 2024-2025 оқу жылында оқу үшін жоғары оқу орындарында 112 мың грант бөлінген. Жатақханадан орын проблемасы сол қаладағы танымал 7-8 мемлекеттік университеттің төңірегінде ғана болатындай. Себебі, оларға түсушілер көп. Ал жартылай немесе толық жекеменшік оқу орындарында жатақхана тапшылығы жыл сайын сезілмейді.
Алматыда былтыр 300 орындық жатақхана, биыл 980 орындық 3 заманауи жатақхана ашылды. Ашылу салтанатына ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Азамат Қалдыбеков, қоғам белсенділері мен қала жастары қатысқан. Жатақханалар барлық талапқа толықтай сай, тұрмысқа қажеттінің бәрі бар. Әкімдіктің сөзінше, студенттік жатақханалар құрылысын жалғастыруды көздеп отырғанын айтты. 2025-2026 жылдары 34 мыңнан астам орындық жатақханаларды пайдалануға беру жоспарланған.
Айта кетерлігі, бұл жатақханалар жеке қаражат есебінен салынған. БАҚ және әлеуметтік желі арқылы қоғамдағы түрлі соның ішінде жатақхана проблемасы жиі бой көтергендіктен, қалталы азаматтар бұл мәселеге бей-жай қарамайтын болғаны деп түсіндік. Сондықтан, «Жамал апам қартайса» да мәселені қайталап айта беруден еш әбестігі жоқ секілді. Байқап қарасақ одан нәтиже болып жатыр. Сондықтан биыл тағы да осы тақырыпты көтердік. Біздікі барша студенттер жайлы да заманауи жатақханада алаңсыз білім ала берсе екен деген халықтың тілегін жеткізу ғана.
Мөлдір Бегімбет