2025: жаңа жылдық дастархан құны қанша?

Автор: Редактор 20 декабря, 2024


Тәуелсіздік күні жетіп, оған берілетін мерекелік демалыс өткен соң, жұртшылық жаңа жылды қарсы алудың қамына кірісе бастайды. Әлбетте ең бірінші шығынды есептеуге кірісеміз. Алғашқысына дастарханға керекті заттардың тізімі тұрады.

Салат, тіскебасар, ыстық ас, сусындардың реті жазылып, мейрамды атап өтуге қатысушылардың санына қарай шығын көлемі де белгілі бола қалады. Әдетте төрт-бес адамға арысы 50 000 теңгені жеткізуді көпшілігі қалайды. Біз осы ретте zhatpa.kz репортері Мөлдір Бегімбет жыл сайын бағаны байқап, өткен жылмен салыстыруды жөн көрді.

Төмендегі бірінші бағаны былтыр жариялаған мақаламыздан үзінді.

Былтыр 2023 жылдың желтоқсанындағы баға:

картоп — келісі 155 теңге;
сәбіз — келісі 167 теңге;
жұмыртқаның – ең төмен бағасы 599 теңге;
пісірілген шұжық – 877 теңгеден және одан жоғары;
тұздалған қияр – 858 теңге;
жасыл бұршақ консервілері – 1 банка 849 теңге;
майонез –295 теңгеден және одан жоғары;
тұз — 70 теңге

Енді осы баға биыл қымбаттады ма жоқ па, оны тағы да сол еліміздегі ел көп баратын ірі супермаркетке барып салыстырып қайттық.

Биылғы жылдың желтоқсан айындағы баға:

картоп — келісі 162 теңге;
сәбіз — келісі 189 теңге;
жұмыртқаның – ең төмен бағасы 649 теңге;
пісірілген шұжық – 890 теңгеден және одан жоғары;
тұздалған қияр – 875 теңге;
жасыл бұршақ консервілері – 1 банка 849 теңге;
майонез –309 теңгеден және одан жоғары;
тұз — 79 теңге

Мінекей, байқағандарыңыздай көпшілігінде баға өскен. Демек, отбасылық шығын биыл да артады деген сөз. Естеріңізге сала кетейік, 2024 жылдың 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы 85000 теңге мөлшерінде белгіленген болатын. Ал, 2023 жылы ең төменгі жалақы мөлшері 60 000-нан 70 000 теңгеге дейін ұлғайтылатын еді. Иә, жыл сайын қосылған жалақыға, нарықтағы баға да еш қалыспай соңынан куып келеді.

Хош, сонымен жаңа жылдық дастархан басында міндетті түрде бой көрсететін тағы бір өнім ол мандарин жемісі. Супермаркет аралағанымызда мандарин ұстаған тұтынушыны сөзге тарттық.  Қала тұрғыны жыл сайын азық-түліктің қымбаттап жатқанын растап отыр.

— Былтыр айналдырған өзіміз деген үш-төрт адамға дастарханға кеткен ақша 60 000-нан асқан болатын. Өзім жұмыста болғандықтан барлығын анам дайындады.  Әрине қазір өзім көріп тұрғандай барлық азық-түлікке баға қосылған. Соған қарағанда былтыр жұмсаған 60 000 биыл жетпейтін шығар. Мына мандариннін өзі 150 теңгеге қымбаттаған. Ал мен кемі 3 кг алуым керек,-дейді Алматы тұрғыны Балжан Абусалықызы.

Ыстық тағамсыз халқымыз қонақ күтпейді. Мұндайда етке кететін ақшаның көпшіліктің көңілін түсіретіні анық. Мәселен, былтыр сиыр етінің келісі Алматыда супермаркетте 3399 теңгені көрсетсе, биыл 3538 теңгеге барып тұр. Елдің барлығы мәнтіні ұнатпаса керек. Оның үстіне халқымыз алыстан келген сыйлы қонаққа міндетті түрде бүтін ет асады. Бұл дәстүр әлі де өзектілігін жоймай келеді.  Алматы тұрғыны Бижамал, соғымсыз қыстың да, жаңа жыл мерекесінің де сәні кірмейді дейді.

— Басқа-басқа етті желтоқсан айында мүлдем базардан не маркеттен сатып алмауға тырысамын. Өйткені бағаның ұшып тұратыны белгілі ғой. Міндетті түрде ауылдағы ағайынның соғымына жазыламыз. Әрі дәмді де сенімді ет болғандықтан бұған еш ойланбаймыз. Қыстық етке деп алдын ала қаражаттың ретін келтіріп қоятындықтан, оған кететін ақшаға аса бас қатырмаймыз. Сол етпен жаңа жылдық мерекені де, қонақты да, үш ай қысты да өткеріп шығып жүрмін деп айта аламын,-дейді қала тұрғыны Бижамал Бекенова.

Айтпақшы, біз азық-түлік бағасын көреміз деп супермаркет аралағанда мына қызықты жайтты байқадық. Адамдар бұрынғыдай кассада кезекке тұрып, арба толы затты арқалап жүруге құмартпайды. Ажиотаж жасайтындай, ығы-жығы халықтың нөпірі де жоқ. Біразы онлайн тапсырыс беріп, есіктен күтіп алғанды құп көреді. Уақыт пен жүйкеге үнем болатын бұл әдіске еті үйренгендердің қатары артқаны байқалады.

Алты жыл бұрын онлайн сауда үлесі жалпы сауданың небәрі 2,9%-ын құраса, 2021 жылы ол 9,9% шегінде болды. Биылғы көрсеткіш бұдан да жоғары. Азық-түлік сегменті де электронды саудаға көшкелі бағаны базар аралап байқаудың қажеті шамалы. Қосымшасынан көре қоясыз да, қажетті соманы дайындай бересіз.

Автор: Мөлдір Бегімбет