Қалалықтарға қарағанда ауылдық жасөспірімдер жазды жұмыс істеумен өткізіп жүр

Автор: Редактор 06 Шілде, 2023


Жаз келсе жасөспірімдер жұмысқа кірісіп кетеді. Үйде жатпайды. 14 жастан бастап, жазғы демалыста жұмыс істейтін балалардың қатары көп.

Олар интернетті ашып, қандай жұмыс бар деп іздеп те жүрмейді. Өзіне қолайлысын бақылап жүріп, жылдам тауып алады. Мұны олардың өз сөздерінен байқадық.

16 жасынан сән салонында тырнақ әрлеуші боп істейтін Жұлдызай, қалаған затымды өзім сатып ала аламын дейді. Екі жылдан бері жұмыс істейтін қыз баласы, болашақта да осы мамандықпен табыс тапқысы келетін көрінеді.

-Мен жұмыс жасауды 9 сынып оқып жүргенде бастадым. Ешкімге тәуелді болмай жұмыс жасағанды ұнатамын. Жұмысты алып кету маған өте оңай болды. Себебі қызығушылығым басым еді. Күніне орта есеппен 5-7 мың табамын. Ересек адамдармен салыстырғанда жасөспірімдер кез-келген істі тез алып кетеді деп ойлаймын. Себебі, ынтасы мол болғандықтан, жұмысқа бейім болады. Тырнақ әрлеу ісімен болашақта да айналысқым келеді,-дейді Жұлдызай Байбол.

Ата-анасы мектепте жұмыс істейтін жасөспірім жоғарғы білімді міндетті түрде алатынын айтты. Ол білімнің адамның ой-өрісінің кең болуы үшін оқымақ. Сұлулық салонындағы жұмысы өзіне ұнайтындықтан осы іспен айналысуды құп көріп отыр. Яғни, жеткіншек жасынан жұмыс істеудің пайдасы ептілігін арттыратыны ақиқат. Мұны анасы да мойындап отыр.

– Бастапқыда қарсы болдым. Оқуына кедергі болады деген қорқыныш болды. Бірақ талпынып тұрған баланың бетінен қайтаруға дәтім бармады. Табыс тапқалы көпшілікпен тез тіл табысып кететін болды. Өзіне деген сенімділігі артып, байсалды бола бастағандай. Кейде, «Жұлдызай дүкеннен ананы алшы, келерде мынаны сатып ала салшы» дейтін болдық. Жасынан табыс тапқаны, үлкен өмірде қиындықтан тез жол тауып, өз басын алып жүре алуына көмегі болып жатса әрине бізге жақсы. Біз бала күнімізде бау-бақша, қора-қопсы, ас үйдегі жұмыстың барлығын жасадық. Бірақ одан ақша келмеді. Ал бұл күндегі балалардың өз еңбегін бағалап үйренуіне де ықпалы бар екенін байқадым, -дейді Жұлдызайдың анасы Алтынай Әнуарбекқызы.

Нарық заманында табыс табуға жасынан меңгеру бір жағынан уақыт талабы болып отыр. Ең бастысы денсаулығы мен мінез-құлқына зиян келмейтін жұмыс түрімен шұғылдану жасөспірімдер үшін аса маңызды.

ҚР Еңбек Кодексі 69-бабына сәйкес, 14-16 жас аралығындағы балалар күніне 2,5, ал 16-18 жас аралығындағы жасөспірімдер күніне 3,5 сағат жұмыс істеуі керек. Кәмелетке толмаған баламен бірге құжатқа ата-анасының біреуі (немесе қамқоршы, асырап алушысы) қол қоюы керек, өйткені баланың жұмыс істеуі үшін оның рұқсаты қажет. Ең бастысы, ауыр жұмыс істеуге тыйым салынған.

Алайда, таңнан кешке дейін жұмыс істейтіндердің қатары көп секілді. Алматыдағы екі бірдей базарға кірдік. Қала ішіндегі «Сарыарқа» базарында киім, азық-түлік дүкенінде сатушы боп жүргендердің қарасы көп.

Әрине көпшілігі ата-анасының қасында қолғабыс тигізіп жүргендер. Себебі, кәсіпкерлер жасөспірімге жұмысты сеніп тапсырғысы келмесі анық. Заң талаптарына сай болмағандықтан ба әлде, қатарластарынан қысылатыны себеп бе әйтеуір көпшілігі пікір беруден бас тартты. Жоғарыдағы кейіпкеріміз болса, болашақта да осы іспен шұғылданғысы келетіндіктен бе, тілдесуден қашпаған еді.

14 жасқа дейінгі балалар Қазақстанның еңбек заңнамасына сәйкес, оларға еңбек шарты бойынша циркте, театрда, концерттерде өнер көрсетуге немесе киноға түсуге болады (ҚР Еңбек кодексінің 31-бабы).

Алайда, көбіне сауда саттықпен айналысу жұмыстары арқылы табыс тауып жүр. Мұны қаладағы тағы бір базарды аралағанда көз жеткіздік.

«Алтын Орда» базар әкімшілігінде, сатушылардың біразы жазда жасөспірімдерге айналатындай. Жұмысшыға ақы төлегеннен гөрі, өз жанұясының мүшесін жұмысқа тартқаны ата-ана үшін әрине тиімді. Әрі еңбекке баулып өсіргеннен зиян тартпасы рас. Оңтүстік өңірден келетін қарбыз-қауынды ұсынушылардың да біразы оқушы балалар.

Әлбетте, ата-ананың қасында балалар қауіпсіз. Дегенмен, оларға тиын-тебен болсын беріп, еңбекақы түсінігін ензінгені маңызды. Бұдан бөлек, даяшы, көлік жуу, курьер, smm, промоутер, ойын алаңдарында қызметкер, жиын-тойда өнер көрсетуші секілді жасөспірімдер жасайтын танымал жұмыс түрлері бар. Қай-қайсысы да балаға қаражаттың қадірін ұқтырады.

Биыл, мамыр айында Қазақстанда жасөспірімдерге 200-ге жуық бос жұмыс орны ұсынылған. Орташа жалақы – 70 мың теңге. Жалпы, жұмыс істеп жүрген балалар арасында жазда ауылдан қалаға кеп істейтіндері көбірек секілді.

Ал, қаладағы тұрғындардың ішінде үй-күйі жоқ, өзге мекеннен қоныс тепкендер. Осыған қарап, қажеттілік туындағандықтан, 14 жастан жұмыс істейтінін аңғаруға болады.

Еңбекке ерте аралассын, ерке болмасын деп арнайылап жұмыс істететін әке мен ана аз. Ал бұрынғы кезеңде, буыны бекіместен жұмысқа салатын-ды.