Алматыда бір баланы киіндіруге қанша ақша кетеді?

Автор: Редактор 16 Тамыз, 2023


Қыркүйек жақындағанда қуанатын екі тарап бар. Бірі жаңа киім аламын деп алақайлаған оқушы болса, екіншісі саудасы қызып табысы артатын кәсіпкер.

Оқу-ағарту министрлігінің мәлімдеуінше, биыл әр оқушыға киім, оқу құралдарын сатып алуға жұмсалатын қаражаттың ең төменгі мөлшері – 40 567 теңге белгіленіп отыр. Ал, шын мәнінде осы ақша бір баланы киіндіруге жете ме?! Оны Алматыдағы сауда орталықтарын аралап, ата-аналардың өз аузынан сұрап білген едік.

Қаладағы балаларға арналған кимі-кешектің көптеген дүкендері қатар шоғырланған бірден-бір сауда орталығы Grand park-ке келдік. Тамыздың басында келіп, мектеп формаларының бағасын көрген болатынбыз. Ұлдарға арналған пиджак 20 000-нан басталса, 30-48 өлшем аралығындағы классикалық белдемше 7000 теңгені көрсеткен еді. Араға екі апта салып, бағаның өскен-өспегенін бақыладық. Баға сол күйінше.

Алайда, келушілердің саны артқан. Айталық, отандық Glasman және Angelcher тігін фабрикаларының дүкені кезекке толы. Яғни, іште адам саны көп болғандықтан, осылай сыртта күтуге тура келеді.

Ал, жанындағы өзге дүкендерде мұндай қалың адам байқалмады. Пакет толы киіммен шыққан, әкесі мен қызын тоқтатып, қанша теңгеге киіндіргенін сұрадық. Олардан естігенімізге қарасақ, 40 мың теңге бір баланы киіндіруге мүлдем жетпейтінін аңғаруға болады.

– Glasman мен Angelcher екеуі де бір-біріне ұқсайды. Бағасы мен сапасы да шамалас. Бастысы екеуі де отандық өнім. Маған қызымды киіндіруге 70-80 мыңдай кетіп отыр. Бұл оқу құралдарын қоспағанда. Барахолка базарына барып, 25 мың теңгеге түркиялық бір пиджак аласың, мен glasman-нан 18 мың теңгеге алдым. Сапасы да көңіл қуантады. Ал, өткен жылмен салыстырғанда әрине баға жағынан өзгеріс бар. Қателеспесем былтыр 14 мың тұрған киім биыл 18 мың деп тұр. Баланы ыстық күнде ары-бері шаршатпас үшін, осы сауда орталығына келдім. Осы біз аралаған қатар кілең мектепке арналған киімдер. Аралап таңдауға да ыңғайлы болды,- дейді Максим Плюкин.

Glasman дүкенінде ұлдарға арналған шалбар 12 000 теңгені көрсетсе, Angelcher дүкенінде де осы баға екен. Ал, қыз бала киіміне келсек, белдемше Glasman дүкенінде 9000 теңгеден, Angelcher-де 7000-нан басталады. Яғни бағалары бойынша бір-бірінен аса айырмашылығы жоқ.

Glasman дүкенінде, ұл баланы қыркүйекке дайындауға қанша қаражат кететін есептедік. Ең қажетті деген киім, пиджак 16000, жилет 7000, шалбар 12000, жейде 7000, аяқ-киім 19990. Барлығын қосқанда 62 мың шықты. Бұған сөмке мен оқу құралдарын қосу керек болады. Қалай есептесек те, министрлік айтқан бағадан асып кетіп тұр.

Ал оқу құралдарына 30 мыңдай жұмсаймын дейді Алтын есімді тұрғын.

Пластилині бар, түрлі көрнекілік заттары бар әр балаға 30 мыңнан шығып кетеді. Оқу құралы дегеніміз дәптер мен қаламнан тұрмайды ғой. Ал менде үш бала. Бағаға келсек, тамыз бойы бір баға болады. Себебі айдың басынан бастап, алып қоятын ата-аналар бар. Біз шетелде демалыста болдық. Сондықтан орайы тамыздың ортасына келіп тұр екен. Егер үйде бала саны көп, ал қаражат аз болатын болса, шілденің ішінде келу керек шығар. Өйткені, айтарлықтай жеңілдіктер ұсынып жатады. Әрі баланың өз өлшеміне тура келетін киімдер тез табылады,- дейді, ата-ана Алтын Бердалиева.

Әркім өз қалтасына сай, не базар аралайтыны, не сауда үйіне баратыны рас. Бағада айырмашылықтары да бар. Алайда, арзанның құны жоқ дейді, Алтын. Былтыр барахолка базарына жұмсаған 80 мың теңге ешқандай ақша үнемдемеген. Керісінше жейделер сарғайып, тігісі тез бүлініп, жыл ортасында тағы да киіндіруге тура келді.

– Сауда орталығына кіргенде қалтамда 115 мың болған. Қазір 40 мыңдай қалды. Ал мен қазір бір баланың киімінің 40%-ын ғана алып отырмын. Әрқайсысын әртүрлі дүкендерден алдық. Әрине ұнатқанына орай солай таңдалды. Дене тәрбиесіне киетін спорттық киімдері бар. Сонда бір балаға бас-аяғы 150 мың теңгедей кетеді. Былтыр мен 80 мыңға бір баланы базардан киіндірген болатынмын. Алайда киімдердің сапасы мүлдем көңілімнен шықпады. Сондықтан осы жылы сауда орталығына келіп отырмыз, – деді, Алтын Бердалиева.

Мектеп формасының түсі биыл Алматыда қою көк түсті.

«Білім және ғылым министрінің бұйрығына сәйкес, бірыңғай мектеп формасы 2016 жылы бекітілген болатын. Пандемия кезінде оқушыларға еркін киінуге рұқсат бердік. Жаңа оқу жылынан бастап мектеп формасын киеді, яғни қою көк түсті форма. Мектеп формасын ата-ана өзі таңдайды. Аяқ киімге келер болсақ, классикалық туфли киюге міндеттемейміз. Бала өзіне ыңғайлысын киеді», – деген еді, Алматы қалалық Білім басқармасының басшысы Ләззат Жылқыбаева.

Ал мектеп формасының үлгісін таңдауды білім беру ұйымы мен қамқоршылық кеңесі таңдайды. Не болмаса, мектептің өзін-өзі басқаруы арқылы балалардың міндетті түрде қатысуымен ата-аналар комитеті анықтайды. Киімді қандай бағаға және сапамен алатынын ата-аналардың өздері шешеді. Әрине, қалтаға қарайтыны ақиқат.

Авторы: Мөлдір Бегімбет