Ашаршылық туралы әйгілі режиссердің фильмі неге жарыққа шықпай келеді?

Автор: Редактор 23 января, 2024


Киносүйер қауым үшін өткен жыл тосынсыйларға толы болды десе болатындай. Себебі, 2022 жылмен салыстырғанда 2023 жыл апта сайын отандық премьералармен көрерменді қуанта білді.

Кейде 1 аптада бірден 2-3 фильміміз жарыққа шықты. Байқағанымыздай, біздің көрермен қазақ киносына жаппай баруда. Ticketon.kz деректері бойынша біздің фильмдер касса жинау жағынан әлемдік блокбастерлермен бәсекелеседі.

Былтырғы фильмдердің басым бөлігі комедиялар болды, дегенмен кассада жақсы нәтиже көрсеткен басқа жанрдағы фильмдер де жоқ емес. Солардың ішінде «Міржақып. Оян қазақ» фильмі мен хоррор жанрындағы «Дәстүр» фильмі кассалық түсімдермен қатар, әлеуметтік желілерді жаулап алды десек, артық айтқанымыз емес-ау, сірә.

Өткен жылы «ЖЕЛ ТОҚТАҒАН ЖЕР» фильмінің көрсетілімі екі рет кейінге шегерілгенін білеміз. Фильмді «Отырар ойраны» және «Қош бол, Гүлсары» атты сәтті жұмыстарымен  танымал болған режиссер Ардақ Әмірқұлов түсірген болатын.

Баспасөз мәліметтеріне сәйкес, жұт туралы жаңа фильмнің түсірілімі мамыр айында аяқталды, ал оның премьерасы 12 қазанға жоспарланған. Кейін ол 16 қарашаға ауыстырылғанын айта кету керек.

Фильмнің алдын ала көрсетілімі де болған. Баспасөз бен әлеуметтік желілерде сыншылардың оң бағасын алса да, әлі де кинотеатрлардан бірде-бір рет көрсетілмей келеді. Десе де Ардақ Әмірқұловтың бұл фильмі Париждегі халықаралық кинофестивалінің финалына шығып, жоғары мінберден көрінді.

Мәселенің мән-жайын Ардақ Әмірқұловтың өзінен сұрадық.

— Фильміңіз неге әлі жарыққа шықпай жатыр?

— Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығынан: «әзірге фильмді жарыққа шығармаңыз, күтіңіз» деген жауап алдым. Бірақ нақты қандай себептермен кешігіп жатқанын білмеймін. Негізінде қазан айында кинотеатрлардан көрсетілуі керек еді… Енді осы жылдың мамыр айында көзі қарақты көрермен қауымына ұсынылуы мүмкін деген болжамымыз бар…

— «ЖЕЛ ТОҚТАҒАН ЖЕР» фильмі Ермек Тұрсыновтың «Жат» және Болат Қалымбетовтың «Талан» фильмдерінен концептуалды айырмашылығы қандай деп ойлайсыз?

— Әр режиссердің өзіндік көзқарасы, таным-түсінігі болады. Жалпы, мен бұл фильмдерді көрмедім, әйткенмен қалай түсірілгенін, не туралы екенін жақсы білемін. Негізі ұқсастықтары бар болуы мүмкін. Себебі үшеуі де өмірдің шындығын бүкпесіз, боямасыз көрсетеді. Сондай-ақ, адамдардың бір-бірімен қарым-қатынасы, тарих, жақсылық пен жамандықтың күресіне құрылған.

— Жаңа фильміңіз болашақта қандай кинофестивальдерге қатысады?

— Бұны біз алдын ала бағдарлай алмаймыз. Яғни біздің қолымызда тұрған жоқ деген сөз. Егер фильм фестивальге сұранып тұрса, олар шақырады. Негізі біз Эстония астанасы Таллинде өткен «А» классындағы ең үлкен фестивальге қатысқанбыз. Ол жақтан гран приді қанжығамызға байлап қайттық. Бірақ барлық фестивальдер коммерциялық стратегияларға құрылғанын айту керек. Сондықтан менеджерлер қажет деп тапса, баруымыз мүмкін.

— Неге ашаршылық секілді өзекті тақырыптағы осы күнге дейінгі фильмдер Қазақстандағы кассалық кірістер бойынша көшбасшы бола алмады?

— Ашаршылық – кездейсоқ тап болған зобалаң емес. Сондықтан біздің тарихымызға құрылған құнды фильмдердің бағасын кассалық кірістер бойынша беруге болмайды. Біз үшін жастар, жалпы қазақ халқы тарихымыздан тағылым алып, өткенімізді білгенінің өзі жеңіс. Менің ойымша, кассалық фильмдер көбіне ойын-сауыққа, комедияға, хоррорға құрылған. Ал бұл фильм ашаршылықтың азабын, қазақтың басына түскен нәубетті сезіндіруге, көрсетуге арналған.

Сұхбат құрған: Мөлдір Бегімбет