Автобус күткен өмір. Алматы іргесіндегі ауылдардың ұлғайғаны дұрыс па?

Автор: Редактор 26 октября, 2023


Алматы жұмыс орны мен оқу ордасы ең көп қала екенін білеміз. Ал, қаламыз жыл өткен сайын тығыздалып жатыр. Қымбатшылық жайлаған заманда екінің біріне алып шаһардың тұрғыны болу бұйырмай тұр. Не істемек керек?! Осы орайды, қызметтік мобильдікті қамтамасыз етудің әлемдік тәжірибесіне көз салған жөн.

Қала іргесіндегі ауылдардан жер алып үй салады я болмаса арзан болғандықтан пәтер жалдайды. Өзі бағасының тиімділігіне бола алыстан келетін халық әлбетте қоғамдық көлікпен қатынайды. Олар автобусқа уақытылы отыра алып жүр ме? Онсызда алыстан келуге шыдаған жүйкені көп күтетін маршруттар тоздырып жүрген жоқ па екен?

Қала сыртына шығып, маршруттарды бақылап қайтқан едік. Мегаполиске күн сайын бас-аяғы 150-ге жуық кенттен адамдар шаруамен келетін көрінеді. Ал, олар автобуспен уақытында жұмысына жетпесе қандай қиындықтың туатынын ойлай беріңіз.

Алып шаһарға 21 км жердегі облысқа кіретін Қарасай аудандарына қарасты ауылдардан бұл күнде күнделікті қоғамдық көлік қатынайды. Алтын орда базарына барсаңыз, газель көліктері тұрады. Кемертоған, Көксай елді мекендеріне қатынайтын автобус іші адам толса болды жүріп кетіп жатыр. Дегенмен, таңертең автобусқа сыймай қаламыз дейді тұрғындар.

— Кемертоғанға 452 және 53 деген екі автобус қана қалаға қатынайды. 452-ші автобус алтын орда базарына дейін ғана жүреді. Ал, 53 ші автобус қала ішіне дейін жүретін болғандықтын, көпшілігі осы автобусқа мінеді. Базарға шаруамен келетіндеріміздің біразы осы 452-ші автобусты кейде жарты сағаттан көп күтіп қаламыз. Ал, 53 уақытпен жүретін болғандықтан, ол автобуста күту жағынан проблема жоқ. 452-ші автобус біздің Кемертоғаннан кейінгі Көксай ауылын толық аралап шығатын болғандықтан, уақыт жағынан кішкене тиімсіз. Қалаға сабақ не жұмысқа барушылар 53-ші автобусты тұтынады десек те, базарға келушілер де уақыт үнемдегісі келеді. Сондықтан, таңертең және кешкі қарбалас уақытта автобус санын арттырса жақсы еді. Ал, басқа уақытта адам аз болатындықтан, қажет емес. Қыс мезгілінде адамдар қалың киіммен жүретіндіктен орын тез толады. Сондай-ақ, далада суықта жарты сағат тұру да оңай емес, — дейді Кемертоған тұрғыны Гүлжайнар.

Соңғы екі жылда қалада пәтер ақысы күрт қымбаттауына байланысты іргелес елді мекеннен келушілердің саны артпаса кемімеген. Әсіресе, қалаға өзге аудандармен салыстырғанда жақынырақ орналасқан Қарасай аудандарына қарасты ауылдар жыл өткен сайын ауқымы кеңейіп жатыр. Қошманбет, Ұлан, Жамбыл, Жібек Жолы кенттеріне бір бағытта баратын 12-ші автобусқа міндік. Қаладағы жұмысынан шығып, Алтын Орда базарына жетем дегенше ауылдың автобустары тоқтап қалады екен.

— Қошманбет ауылынан күнде қалаға жұмысқа келемін. Кешке сағат жеті мен сегіздің аралығында келсек, автобус жүрмей қалады. Амал жоқ, таксимен қайтуға тура келеді. Тым құрығында сегіз жарымға дейін автобус жүріп тұрса екен. Автобустың өзі 300 теңге, — дейді тұрғын.

Ал, Алматы облысының Іле ауданына қарасты ауылдар қалаға салыстырмалы түрде алыс болғандықтан ба, автобус мәселесінде проблема бар болып шықты. Ынтымақ, Қоянқұс, Жаңаталап және Жаңадәуір ауылдары қалаға тұрмақ, ауылдардың арасында автобустарда адамдар сыймай жатыр. Аялдамада тұрғанымызда Айшат есімді оқушы қыз бала күнде Жаңадәуір ауылынан Қоянқұстағы мектепке бару үшін автобусқа сыймай қалатынын айтты. 7 сынып оқушысы үшін, ертең қыс мезгілінде жаурап тұрғанын ойласақ, тіпті қиын. Айшат сабағы күндіз басталса да жағдай осы. Шағын автобусқа сыю үшін 1 сағаттан соң ғана Айшатпен бірге әрең отырдық.

— Мектепке келерде және қайтарда автобус толып қалады. Әр 15 минут сайын жүргенімен, 3-4 автобусты өткеріп барып мінемін. Себебі, келген автобустарда ішіне сыю мүмкін емес. Өйткені 214-ші автобус көлемі кішкентай, — дейді Айшат Темірбекқызы.

Бұрыннан іргедегі елді мекендерде тұратын жанұялардың балалары жоғарғы оқу орнына Алматыға түссе жағдай тіпті қиын. Өйткені, оларға жатақхана берілмейтіні анық. Амал жоқ, таңертең әтешпен бірге оянып, университетке бару үшін 3 сағатты жолға кетіруіне тура келеді.

Айталық, Алматы облысының Жамбыл ауданына қарасты Ұзынағаш ауылынан да күн сайын қалаға келетіндер бұл күнде жетерлік. Әсіресе алып шаһарда білім алатын студенттер аз болмай тұр. Олар үшін күн сайын таксиге қаражат жұмсау қалтаға ауыр. Себебі, Ұзынағаштан қалаға жүретін қоғамдық көлік мүлдем жоқ.

— Ұзынағаш ауылынан қалаға сабаққа келу үшін, күніне 1500 теңгедей ақша жұмсаймын. Себебі автобус жоқ. Бұл ақша толығымен таксиге кетеді. Үйден орталыққа дейін, 150 теңге. Бұл жерден Төлеби мен Момышұлы қиылысына дейін 500 теңгені тағы да таксиге төлеймін. Түскен соң, 65-ші автобусқа мініп, Абай мен Достық қиылысында орналасқан университетіме барамын. Негізі Қаскелеңге дейін ешқандай кептеліс жоқ. Сондықтан мемлекеттік қоғамдық көліктерді Ұзынағашқа дейін қосса екен деген тілек. Себебі, қаншама адам күн сайын қалаға қатынайды, — дейді Ұзынағаш тұрғыны, студент Анжелика Сұлтанбаева.

Сонымен, байқағанымыздай Алматыда облыс пен қала аралығына қатынайтын қоғамдық көлік әлі де жетіспейді. Күн сайын іргелес елді мекеннен алып шаһарға жұмысқа келетін тұрғындар біразы жеке көлігімен, қалғаны қоғамдық көлікпен келеді. Қалаға келетін қоғамдық көліктердің санының артқаны тек тұрғындар үшін ғана пайдалы емес. Кептеліске себепкер жеңіл көліктердің азаюына да бәлкім ықпал етер.

Өйткені, күн сайын 400 мыңнан астам көлік облыстан қалаға кіреді. Алматы облысына қарасты қала маңындағы ауыл тұрғындарының бір мәселесі осы.
Онымен бірге, пилот ретінде Қонаев пен Алматы арасында электр пойызы ұйымдастырылғанын білеміз. Алайда, таңғы 6-да жүретін пойызға халық тарапынан қызығушылық аз. Себебі, халықпен кеңеспей жасағандықтан, шикі жоба болып шықты. Болашақта мұндай жобаларды әбден пісіріп барып жасаған жөн.
Автор: Мөлдір Бегімбет