Қазақстанда демалуға болатын ТОП-5 локация

Автор: Редактор 21 июня, 2024


Жазғы демалыс – жыл бойы жиналған шаршаудан арылтып, адамға серпіліс сыйлайды. Сондықтан, бір мезгіл демалып алғанды ұмытпаған да жөн-ау. Әдетте, қаржылық жағынан еркін адамдар бағаға бас қатырып жатпайды. Біз бүгін табысы орташа жандар үшін, ел ішіндегі демалыс аймақтарының құнын есептеп, тиімді жолдарын көрсетуді жөн көрдік.

Аптап ыстықта адамдар әлбетте су жағасына барғысы келеді. Ендеше, еліміздегі танымал 5 жағажайға бір аптаға демалып қайтудың қанша тұратынын іздедік.

Каспий теңізі

Каспий теңізінің жағалауындағы қонақ үйде тәулігіне 20 мың теңгеден басталады. 5 күнге екі ереске және екі балаға 230 мың теңге тұрады.

Алматыдан Ақтауға ұшу құны 54 мың теңгеден, Астанадан 48 мың теңгеден басталады, басқа қалалардан ұшу қашықтыққа байланысты. Ал пойызға билетті бірнеше ай бұрын алмасаңыз тіпті ақшаңызға таппайсыз.

Ақтауға осы батыс өңірінен демалушылар жиі келеді. Себебі еліміздің басқа өңіріндегілер үшін бұл жақтағы баға шетелден де қымбат боп сезіледі. Әрі жолақыда арзанға түспейді.

Бурабай

Бурабай еліміздегі қонақ үй бағасы бойынша өзге өңірлерден салыстырмалы түрде қымбат болып келеді. Мәселен, биыл шілде айына екі адамға арналған нөмірдің құны бір түнге 40 мың теңгеден басталады. Бұл ретте, жекелеген авторлық тур арқылы бір күнге тамашалап қайтуға болады. Астанадан Бурабайға 1 күнге бір адамға  15 мың теңге кетеді, — дейді туроператор.

15 мыңның ішіне транспорт, түскі ас кіреді. Бөлектау, Жұмбақтас, Абылайхан алаңы секілді үш нүкте кіреді. Шағын жеке демалыс үйлерінің бағасы күніне 80 мың теңгені құрайды.  Көптеген жерлер жекеленіп кеткен. Сондықтан да баға өте жоғары, — дейді авторлық тур ұйымдастырушы Алтынбек Сейткәрім.

Қапшағай

Бұл Алматы облысының тұрғындары мен барша қазақстандықтардың танымал демалыс орны. Су қоймасының жағалауында жекеменшік демалыс орындары жетіп артылады.  Қапшағай шипажайы Алматы облысында орналасқан, сондықтан алдымен Алматыға жетіп алу керек. Әуе билеттері екі жаққа 125 мың теңге тұрады. Қапшағайда бір апта тұру 90-300 мың теңге аралығында болады.

Алакөл

Туроператорлардың мәліметтері бойынша бір апта демалыс жеке адам үшін 80 мың теңге. Алайда шілде айында бағалар  көтеріледі. Мұнымен қоса, Алматы немесе Шығыс Қазақстан жағалауларына трансферді ескеру қажет. Алматыдан Үшаралға ұшақпен 25 мың және одан да көп теңгеге жетуге болады. Семейден Достыққа баратын пойыз 5 мың теңге.  Алматыдан Алакөлге жатып жүретін кереуеті бар автобустар бір ересек адамға 21 мың теңгені көрсетіп тұр.

Катонқарағай

Катонқарағайда қонақ үйлер 18 мыңнан басталады. Ал оған жету үшін, әуелі Өскемен қаласына келу керек. Өскеменнен автобус не тек таксимен ғана бара аласыз. Бағасы 3500 теңге. Есесіне, жол бойы керемет табиғаттың куәсі боласыз. Зырян ауданындағы иір-иір серпантинмен өтіп,  Самар ауылын басып, одан әрі Бұқтырма өзенінен пароммен жүзіп, Катонқарағай ауданының орталығы арқылы жетесіз.

Жақында мемлекет басшысы туризмді дамыту жөнінде кеңес өткізген болатын. Қасым-Жомарт Тоқаев, туризм саласы қарқынды түрде даму үшін шұғыл әрі жүйелі шаралар қабылдау қажет екенін де тілге тиек етті. Сондай-ақ,  президент соңғы төрт жылда экономика құрылымындағы туризмнің үлесі 3,7 пайыздан 3,2 пайызға дейін азайып кеткенін айтып өткен еді. Мұның себебін туроператорлардан сұрағанымызда туризмді дамытуға арналған бастамаларға қолдаудың жоқтығымен түсіндірді.

Біз секілді жекелеген адамдардың өз бетімен ұйымдастырып жатқан турлары соңғы жылдары көптеп пайда болуда. Авторлық турдың артықшылығы адам транспортты баратын орындарды қарастырып уақыт өткізбейді. Бұл жұмыстың барлығы туроператордың еншісінде. Біз ішкі туризмді дамытуға барынша үлесімізді қосқымыз келеді. Айталық, табиғатының сұлулығы Исландиядан тіпті асып түсетін оңтүстік өңіріндегі Аққұм сарқырамасына апарып жүрміз. Міне осы жерді көпшілігі білмейді. Яғни, ел ішінде де танылмаған тамашалайтын әрі демалатын орындарына тур жасаудамыз. Демек, мұны мемлекеттік жобалар емес біздер жасап жүрміз. Тек туризмді оқытатын салалық оқу орнымызға осы орайда алғысымды білдіргім келеді. Отандық туризм саласының нағыз патриоттары етіп тәрбиелеуде.  Негізінен, әлеуметтік желіде контентіміз арқылы саяхатшылардың қатарын көбейтудеміз. Бұдан да көп идеяларымыз бар. Мемлекеттік деңгейде қолдау шаралары көбейсе, ішкі туризмді дамытудың жолы көп, — дейді тур автор Алтынбек Сейткәрім.

Алтынбек досы Данияр екеуі туризм мамандығының 4 курсында оқып жүріп, авторлық тур ашқан. Ашылғанына 4 ай болса да, 200-ге жуық туристті саяхатқа шығарып үлгеріпті. Олар оқитын «Халықаралық туризм және меймандостық университеті» КЕАҚ ҚР туристік саласын дамытудың 2019-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында құрылған-ды.

Жазғы демалыс тек жағажай мен тау-тас аралаудан тұрмаса керек-ті. Мемлекетіміз тарихи-мәдени мұраларға бай екенін ескерсек, этнотуризмнің де қызықты болатыны рас-ақ.

Айталық, Түркістандағы Орталық Азиядағы ең ірі «Керуен-сарай» көпфункционалды туристік кешені 3 жылдан бері сан мыңдаған туристті қабылдап келеді.  Маусым айында киелі мекенге сапарлау бұйырыпты. Ұшақ билеті Алматыдан екі ересек пен екі балаға 3 күн бұрын алғанымызда бір бағытқа 79 мың теңгені құрады.

Барарда екі орындық автобусқа 20 мың теңге кетті. Керуен Сарайдың қонақ үйі таңғы асымен бір күнге 45 мың теңгеден басталатын көрінеді. Бұл бағаға ұшатын театр кіру, спа және аттракционға кіру кіреді екен. Қонақ үйге аялдамасақ та, теңдессіз кереметтерін тамашаладық. Алтын Самұрық ұшатын театры адам басына 7500 теңге. Мұны көрмей қайту мүмкін емес. Қайыққа отыру да осы шамалас баға. Ал, билейтін субұрқақ, су бетіндегі қойылымды тамашалау қонақтар үшін тегін. Алыс жақын шетелдерден келген аз-кем туристерді көріп марқайып қалғанымызды жасырмаймын.

Жазғы демалыста міндетті түрде бір апта немесе 10 күн демалу керек деген заң жоқ. Қалтаңызға қарайлап, 1 немесе 3 күнге демалып қайтуға да болады. Бұл ретте, авторлық турлардың қызметін тұтыну мүмкіндігі бар. Баға жөнінен әрине жақын маңдағы демалыс орындарын таңдау ұтымды саналмақ.

Тиімді саяхаттаудың жолы көп. Ал, сапар адамды өсіреді. Ендеше, жазыңыз жайдарлы өтсін.

Сіздердің гидтеріңіз — Мөлдір Бегімбет. Үйде жатпаңыздар!