Доллар орнын криптовалюта баса ма?

Автор: редактор 14 мая, 2025


Қазақстанда криптовалютаны қолданушылар саны күннен күнге артып келеді. Бейресми деректерге сүйенсек, қазір елімізде жүргізілген барлық крипто-операциялардың 95% — ы заңды алаңнан тыс жерде жасалады. Реттеуші органдардың мәліметінше, Қазақстандағы криптовалютаның көлеңкелі айналымыжылына 15 миллиард доллардан асады. Ал бұл елімізде рұқсат етілген АХҚО сынды заңды алаңдарда жүргізілетін операциялардан 18 есе көп көлем. Сондықтан Қазақстанда цифрлық активтердің айналымын заңнамалық реттеу үшін тиісті құжатты әзірлеу жұмыстарына бел шеше кіріскен. Тек былтырдан бастап елімізде сегіз криптобиржа заңды түрде жұмыс істей бастады. Демек, бұл валюта түрінің заңды қолданысына жақын күндері елімізде кеңінен жол ашылмақ. Сондықтан бүгін “Үйде жатпа” сайты криптовалюта сатып алғысы келетіндер үшін толыққанды мағлұмат ұсынбақ.

Білгеніміз маңызды…

2018-19 жылдардан бастап осы жаңа саланы реттейтін кез келген заңнаманың болмауы (бізде тыйым салынбаған нәрсе рұқсат етілген деп қабылданатыны белгілі) және салыстырмалы түрде арзан электр энергиясы елімізге майнерлердің лап қоюына түрткі болды. Олар 2021 жылға қарай Қазақстанды өндірілген криптовалюта көлемі бойынша әлемдегі екінші елге (АҚШ-тан кейін)айналдырды. Билік жер қойнауынан материалдық шикізат өндіруге асығыс кірісіп, салық заңнамасына түзетулер енгізіп, майнерлерді прогрессивті шкала бойынша салық төлеуге мәжбүр етті. Бірақ, ақырында заңсыз жұмыс істейтін майнерлердің бір легі әлемнің аз реттелетін экономикаларына кетіп тынды. Қазіргі уақытта заңнама тұрғысынан елімізде криптовалюта мәртебесі шектеулі: Қытайдағыдай толықтай тыйым салынбаған, бірақ крипта төлем құралы ретінде елімізбен ресми танылмаған, тіпті, бертінге дейін оның эмиссиясы мен айналымына да тыйым салынып келген.

Крипто мәртебесінің тұрақты жаңартылып отыратындығына қарамастан (мысалы, 2024 жылдың сәуірінен бастап негізгі цифрлық валюталардың бағасындағы өзгерістер ҚР Салық сайтында жарияланады), бұл процесс токендер, салық салымы, тіпті көлеңкелі құрылымдар мен терроризмді қаржыландыру тәуекелдерін пайдалана отырып операцияларды реттеуге байланысты қордаланғанмәселелердің көптігімен өте баяу жүруде. Әрине, содан кейін де реттелмеген және үлкен құбылмалылыққа бейім криптовалюта нарығына алапсатарлар мен алаяқтар үйір. Соның кесірінен қаншама инвесторлар орасан ақшасын жоғалтты, кейбір биржалар тақырға отырды, ал алаяқтық болса, нарық төңірегінде қатты жылдамдықпен өрбуде. Бірақ соған қарамастан шенеуніктер өз кабинеттерінде заңнамалық жобаларды әзірлеуде еш асығар емес.

Әзірге, ерекше мәртебеге ие «Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) шеңберінде фиаттық емес ақшалар айналымына рұқсат етілген. Онда да АХҚО-да криптовалюта ақша айырбасы, ақша жинағы және есепайырысу құралы ретінде ғана қарастырылады. Яғни, фиаттық валюта үшін сатып алу және сату операцияларын жүргізуге рұқсат, онда да ұлттық валютаға айырбастауға. Бұл транзакциялардың барлығы бұрын тек заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлерлікке ғана бағытталған. АХҚО криптовалюта операцияларын нарықтық операциялардың жеке түрі ретінде қарастырады және контрагенттерге криптовалютаны фиат валютасына сатып алуға, сатуға және айырбастауға, сондай-ақ бір цифрлық активті екіншісіне айырбастауға көмектесетін қызметтер көрсетеді, бірақ бұл операциялардың барлығын АХҚО қатысушылары ғана жүзеге асыра алады.

Қазақстанда лицензияға ие криптобиржалар

Осылайша, 2024 жылдың басынан бастап АХҚО шеңберінде белгілі бір түрдегі стейблкоиндердің эмиссиясына да рұқсат етілді. Сегіз криптобиржа ресми түрде лицензияға ие болды: Binance, Bybit, ATAIX Eurasia, Biteeu, CaspianEx, BigOne, Delta DA және Xignal&MT. Бұлардың ішінде тек  ATAIX  қазақстандық болып табылады. Биржалардың өздері сауда-саттық рәсімдерін жеңілдету үшін кейбір ЕДБ-мен (екінші деңгейдегі банктер) интеграцияны жүзеге асырды, осылайша биржалық шотты тікелей карточка арқылы толтыруға болатын мүмкіндік туды. Бұл ретте АХҚО-ның міндетті талабы бойынша әрбір алаңда ақшаны жылыстату жағдайы (MRLO) бойынша есеп беретін офицер болады.

ҚР Ұлттық Банкі тарапынан криптобиржалар қалай реттеледі?

Бұл ретте реттеуші процесті барынша бақылауға тырысады және крипто нарығын өте мұқият ырықтандыруға тырысады: енді тек АХҚО-ның лицензиясы бар валюталармен сауда жасауға болады (қазіргі уақытта олардың саны — 106), ал валюталардың өздері қатаң тексеруден өтеді, мысалы, аноним мүмкіндігіне ие токендер, әдетте, бұл тексеруден өтпейді. Шешім қабылдау кезінде жаңа криптовалютаны сауда-саттыққа жіберу туралы көптеген аспектілер қарастырылады: ашықтығы (құрумақсаты, хаттамалар, блокчейн, құрылтайшысы), басқа елдердегі заңды қолданысы, қадағалауға жататын мүмкіндігі, токен саны, капиталдандыру, өтімділік және құбылмалылығы. Биржаның қазақстандық нұсқасында Binance P2P, Binance earn операциялары, фьючерстер саудасы жасалмайды.

Виртуалды валюта және оның негізгі артықшылықтары

Крипто-активтердің артықшылықтары туралы айтқанда, оған Үкімет пен мемлекеттік банктер тарапынан реттеудің болмауы. Соңғы уақытта жаңа заңдар белсенді қабылдануда, ал қазір Қазақстанда бұл ретте реттеуге жататын басты нәрсе – криптовалютадан фиатты валютаға айырбастау.

Басқа артықшылықтары:

• ақаулардан қорғанысы;
• пассивті (инвестиция) және белсенді (сауда) табыс табу мүмкіндігі;
• қожайының анонимділігі;
• ақшаның құнсыздануына қарсы дефляция механизмдерінің болуы.

Қазақстанда криптовалютаны қалай сатып алуғаболады

Виртуалды ақшаны реттеуші орган берген лицензиясы бар мамандандырылған крипто биржалардан сатып алуғаболады (мысалы, ataix Eurasia). Реттеуші орган рөлін «Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) жанындағы арнайы тәуелсіз орган – қаржы қызметтерін реттеу комитеті (Astana Financial Services Authority, AFSA) атқарады. Яғни, криптовалютаны сатып алу үшін АХҚО-ның лицензиясына ие біздегі сегіз биржаның біріне тіркелуіңіз керек. Мәселен, Ataix Eurasia – қазіргі уақытта АХҚО лицензиясына ие ең ірі қазақстандық криптобиржа. Биржаның басты артықшылығы — ЕДБ (Halyk Bank, Altyn Bank, Zaman Bank, Freedom Bank, Bereke Bank, Nurbank, BCC, JusanBank және Qazpost) арқылы соманы толықтыру және оны алуды қарастыратын бір жолға қойылған фиат арналарының болуы. Төрт банкпен, атап айтқанда HomeBank, Altyn-i, Bereke және BCC арқылы мобильді банкинг арқылы балансты жедел толтыру мүмкіндігі жүзеге асырылды.

Картаны пайдалана отырып, криптовалютаны қалай сатып алуға болады:

• Қолданушы өзі тіркелген криптобиржа аккаунтынакіреді ( мысалы, Binance) — криптаны сатып алу опциясын таңдайды — картамен төлем әдісін таңдайды (дебеттік/несиелік);
• одан кейін валютаны таңдайсыз – крипт және фиаттық(ұлттық) таңдалады, сатып алу сомасы енгізіледі — солкезде мониторда автоматты түрде есептелген криптовалюта сомасы пайда болады;
• содан кейін адам «сатып алу» түймесін басу арқылы криптоны сатып алғанын растайды және банк картасының деректемелерін енгізеді.
• Операция сәтті жүзеге асырылса, «Фиат және спот» әмиянында белгіленген сома пайда болады.

Банктік аударым

Криптовалютаны деректемелер бойынша шотқа төлем жасай аласыз. Мұндай транзакциялардың сомалары, әдетте, әлдеқайда жоғары және аз кідіріспен есептеледі: бірнеше сағаттан 3 күнге дейін. Бұл әдіс арбитраждарға, орта және ірі трейдерлерге, заңды тұлғаларға қолайлы, сонымен қатар ол әлдеқайда арзанға түседі. Егер биржа мен клиенттің бір банкте шоты болса, ол өте ыңғайлы болады: аударым мүмкіндігінше тез және арзан жүреді. Балансты толтырудыңмұндай әдісі, әдетте банктің мобильді қосымшасында қолжетімді.

P2P

Қазақстанда P2P лицензияланған алаңдарында крипто сатып алу үшін пайдаланушы:

• Сервиске тіркеледі, KYC (know your customer) рәсімінен өтеді;
• «P2P Саудасы» опциясына өтеді, онда басқа пайдаланушылардың сатып алу және сатуға арналған барлық қолжетімді тапсырыстары көрінеді;
• Өзін қызықтырған баға бойынша сату ордерін ұсынады / немесе тізімнен қолайлы мәмілені таңдайды.
Сатып алудың бұл әдісінің артықшылығы – P2P маркетплейсінің ғаламдық сипатқа ие екендігінде, нарық арбитражындағы қауіпсіз мәмілелер, төлем опцияларын таңдау мүмкіндігі.

Қазақстан биржаларында криптовалютамен қандай операциялар жүргізуге болады?

Рұқсат етілген биржалық операциялар елде салыстырмалы түрде реттеледі. Спот саудасы мен айырбастан басқа криптовалюталар биржаларда тұрақты монеталардың кейбір түрлерінің эмиссиясына рұқсат етіледі (тұрақты валюталар – кез-келген фиат валютасына байланысты тұрақты бағамы бар виртуалды ақша). Қазіргі уақытта әлемдегі ең танымал және капиталдандыру бойынша ең үлкен стаблкоин — бұл Tether (USDT), оның бағамы АҚШ долларына байланған. Сондай-ақ, алаңдар крипто-активтерді сақтауға арналған әмиян опциясын ұсынады. Жаңа өнімдерді (маржалық сауда, опциондар, стекинг және т.б.) енгізу жайын алаңдарәлі талқылап жатыр.

Қазақстанда криптоға не сатып алуға болады?

Австралияда, Жапонияда, АҚШ-та және Канадада криптовалютамен (мысалы, дүкендерде) заңды түрде төлем жасауға болады. Ал Қазақстанда тауарлар мен қызметтерге ақы төлеу тек теңгемен ғана жүргізіледі, ал виртуалды валюта, әзірге ресми төлем құралы болып табылмайды. Бірақ қазақстандық пайдаланушылар үшін басқа елдерде криптомен сауда жасауға мүмкіндіктер бар.

Жалпы, жаһандық экономикалық жүйеге барынша интеграциялануға бағытталған Қазақстан әлемдік крипто нарығының толыққанды қатысушысы болуға ұмтылады. Бұған ішкі қиындықтар мен геосаясат кедергі келтіреді, алайда мемлекет өз экономикасын сенімді түрдеырықтандырып, белсенді цифрландыруда. Бұл ретте ел ішінде талқыланып, ұсынылып жатқан бірқатар маңызды аспектілерге де тоқтала кетелік:

Қазақстан қаржыгерлерінің XII конгресі, ҚР Ұлттық Банктің төрағасы Тимур Сүлейменов (2024 жылы қараша):

«2022 жылы майнерлермен күреске бел шеше кіріскенде, біз АХҚО аясында крипто биржалардың жұмыс істеуіне рұқсат береміз дедік. Сол кезде заңнамалық кейбір мәселелерді анықтап, белгіледік. Өкінішке қарай, арада екі жыл өтсе де мұның қатты серпін бермегенінің куәсі болып отырмыз. Біздің реттеуге жатпайтын қамтамасыз етілген және қамтамасыз етілмеген активтердің үлкен көлемін байқап отырмыз.  Мысалы, жеке-дара қаржы орталығы емес, ұлттық деңгейде заңнамалық тұрғыда криптовалютаны ретеуге көшкен  Қырғызстан мен Өзбекстан – сауда көлемі бойынша бізді бірнеше есе басып озады. Сондықтан біз де, ең құрымағанда жалпы юрисдикциямыздың бір бөлігі ретінде реттелетін, түсінікті ашық, ішінара бақыланатын түрде қамтамасыз етілген активтерді шығаратын күнге жеттік деп ойлаймын. Өйткені қазақстандықтар криптовалютаны көптеп қолдана бастаған, ал мемлекет болса, бұл процесті әлі күнге бақылай алмай отыр. Көзге ілмей қойсақ, ол өздігінен жоғалып кетпейді «.

Азат Перуашев, Мәжіліс депутаты (депутаттық сауал, 2025 жылдың көктемі):

«Соңғы жылдары криптовалюта жаһандық қаржы жүйесінің ажырамас бөлігіне айналды және қазақстандықтар цифрлық валюталарға қызығушылық танытып, оларды инвестиция құралы ретінде қарастыруда. Алайда қазір Қазақстанда мұндай активтерді заңды пайдалану үшін құқықтық инфрақұрылым қарастырылмаған. Осыған сүйене отырып, біз Қазақстанда криптобанк құруды ұсынамыз. Бұл цифрлық активтер нарығын көлеңкеден шығаруға, құқықтық инфрақұрылымды құруға және оның деректері бойынша елдегі криптовалюталардың жалпы айналымының 90% -ын қамтитын заңсыз операциялардың көлемін қысқартуға мүмкіндік берер еді».

Блокчейн және цифрлық майнинг қауымдастығының басшысы Данияр Мубараков:

«Криптобанк — дәстүрлі банкке ұқсас қаржы мекемесі. Ол да депозиттер, несиелеу және кассалық есеп айырысу қызметтерін ұсынады, бірақ криптовалюта операцияларына, жеке тұлғаларға және криптовалюта нарығының ойыншылары – криптобиржа және қаржылық технологиялық компанияларға икемделе отырып, жұмыс істейді. Бүгіндері екінші деңгейдегі банктер цифрлық әмияндарға қарамайды, бірақ биржадан кіммен жұмыс істейтіні, клиент профилін және AML секілді деректерді ұсынуы үшін KYC (Know Your Customer) рәсімдерін сақтау бойынша регламенттер мен құжаттарды сұрайды. Ал толыққанды криптобанк жағдайында бұл ұйым криптовалюта операцияларын бағалауға өз бетінше қатыса алады. Мұндай банк клиенттің сандық әмиянын тікелей өзінен сұрай алады, блокчейндегі активтердің қозғалысын талдап, скоринг жүргізеді және операциялардың тәуекел деңгейін бағалай алады. Бұл жоғары бақылау мен қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. Негізі, Қазақстанда криптобанк құру үшін тек саяси ерік керек. Оның үстіне шешім қабылдадық дегенмен мәселе шешілмейді. Мұндай жобаны іске асыру уақытты, инвестицияларды және стратегиялық тәсілді қажет етеді. Бұл тек қаржылық аспектілер ғана емес, сонымен қатар технологиялық жаңашылдықтарға ілесіп отыруды танытады. Блокчейн инфрақұрылымында тәжірибесі бар әзірлеушілер, KYC, AML, blockchain network Analytics сынды сала мамандары қажет. Бұл жаңа кадрлық резервті қалыптастыру қажеттігін білдіреді».
PS Сөз соңында сарапшылардың АҚШ пен Қытай текетіресі криптовалюталар қолданысының өзектілігін арттырады деп санайды. Қос алып державаның сирек кездесетін металдарға деген қызығушылығы да осы бағытпен түсіндіріледі. Технологиялық жарыс – криптовалютаны да қамтиды. Сондықтан да болар, бүгінгі таңда бұл актив түрі жоғары сұранысқа ие.  Бірақ, алаяқтық өршіп тұрған заманда цифрлық валюталар қолданысында аса сақ бола білген жөн. Әрине, доллардың орнын криптовалюта баса алмайды. Алайда жаңа актив түрі ретінде оның болашағы зор.

Авторы: Кәмшат Тілеухан