Экономикалық соғыс: Сирек кездесетін металдардың Дональд Трампқа не қажеті бар
Менделеевтің периодтық жүйесіндегі 17 элементбүгіндері геосаяси шиеленістің көзіне айналғанына біраз болды. Онысы, әсіресе әлемдегі екі ірі держава – АҚШ пен Қытай текетіресі барысында ушыға түсуде. Қытайға жол бергісі жоқ АҚШ-тың тура осы сирек кездесетін металдарға келгенде аспан асты еліне күні түсіп тұрған жайы бар. Өйткені Америка тұтынатын бұл шикізаттың 70 пайызы Қытайдан келеді. Экономикалық соғыс жағдайында Бейжің мұндай ықпал тетігін ұтымды пайдаланып бағуда. Сол себепті АҚШ ах ұрып, жан-жақтан сирек кездесетін металдарды жанталаса іздеуге кіріскен. Осылайша басталып кеткен үлкен геосаяси тақтадағы «ойынға» аталған минералдар түріне бай біздің ел – Қазақстанның да ақырындап тартылып жатқан жайы бар. Бұл турасында «Үйде жатпа» сайтынан егжей-тегжей тың мәліметтерден қанық бола отырыңыздар.
АҚШ пен Қытайдың экономикалық соғысындағы басты «қару»
Бүгіндері Украинаға қолқа салып отырған Дональд Трамп алғашқы президенттік мерзімінде де бұл мәселені тереңнен қаузаған. Ол кезде АҚШ президенті ұлттық қауіпсіздік қызметіне қандай шикізат маңызды екенін зерттеуге бұйрық береді. 2018 жылдың күзінде Қорғаныс министрлігі осы бұйрыққа жауап ретінде «өнеркәсіп дәрумендері» деп аталатын сирек кездесетін металдар көптеген қару—жарақ жүйелері, жаңа техологиялар үшін маңызды элемент болып табылатынын айтып, есеп береді. Осы есепте бұл шикізатты басты сатушы ел – Қытай екені айтылады. Сондықтан осы тараптан қауіп бары да ескертіледі. Трамп әкімшілігінің алаңдаушылығы бекер болған жоқ: сирек кездесетін металдар АҚШ пен Қытайдың сауда соғысында «қаруға»айналды. 2019 жылдың мамырында Қытай тауарларына салынатын баж салығының өсуіне және телекоммуникациялық жабдық өндірушісі — Huawei-дің қара тізімге енуіне жауап ретінде Қытайдың мемлекеттік медиасы АҚШ-қа сирек кездесетін металдарды жеткізуге тыйым салу идеясын алға тартты. Бұл сөз жүзінде доқ көрсету болғанымен, АҚШ осы сәтте орнынан қозғалып кетті. Сөйтіп Ақ үй сирек кездесетін металдарды жеткізу тізбегін әртараптандыруға жанталаса ұмтылды. 2019 жылдың маусымында Трамп әкімшілігі маңызды минералдармен қамтамасыз ету жөніндегі стратегияны жариялады, ал қараша айында АҚШ Австралиямен осы шикізатты жеткізудің жаңа көздерін әзірлеу бойынша тұрақты серіктестік туралы келісімге қол қойды. 2022 жылы Lynas атты австралиялық компания Қытайдан тыс сирек кездесетін металдарды әлемдегі ең ірі қайта өңдеушізауытты Техаста салу үшін 120 миллион доллар болатын Пентагонмен арадағы келісімшартқа қол жеткізді. Джо Байден әкімшілігі де сирек кездесетін металдарға қатысты Трамптың тұсында басталған тәсілді ұстанды. Ал қайта билікке келе салып, Трамп 2025 жылдың басында Гренландияны сатып алғысы келетінін мәлімдеді. Бастапқыда, жұрт мұны қалжыңға балаған. Алайда бұл ең бай елдің бай саясаткерінің ашықтан ашық жария еткен ап-айқын мүддесі еді. Сарапшылар да Трамп бұл аралға сирек кездесетін металдарға бай болғандықтан да қызығып отыр деп санайды. Жалпы, АҚШ өзіне бұл шикізаттың қанша көлемі керек екенін де ашық байқатып үлгерді. Бұл турасында Трамп пен Зеленский келіссөздері кезінде мәлім болды. Дональд Трамп Fox News-ке берген сұқбатында Украинадан шамамен 500 миллиард доллар сомасына келетін сирек кездесетін металдар сұрап отырғанын ашық айтқан. Шикізаттың бұл мөлшері, расында АҚШ-тың қытайлық жеткізілімге тәуелділігін азайтуға көмектесе алар еді...
Украинада қанша қор бар?
Бірақ, Украина аумағындағы пайдалы қазбалар кен орындарының көп бөлігі КСРО ыдырағанға дейінгі уақытқа жатады және қазір елде сирек кездесетін металдардың нақты қоры туралы мәлімет жоқтың қасы. Ашық дереккөздерде болмағанымен, Украинаның өзінде ол бар даболар. Алайда сарапшылар АҚШ көз тігіп отырған 500 млрд долларлық көлемді бір Украинаның қамтамасыз етуі екіталай екенін айтады.
Ресей АҚШ-қа сирек кездесетін металдарды беруге дайын
Трамптың Украинамен арадағы келіссөздерде аталған шикізат түрі сөз бола салысымен, Владимир Путин 24 ақпанда Кремльде шұғыл жиын өткізді. Келесі күні оның баспасөз хатшысы Ресейде сирек кездесетін металдар көп екенін және бұл АҚШ-пен арада «ынтымақтастықтың кең перспективаларын ашатынын» айтып, баспасөз мәслихатын ұйымдастырды. Путин Трампен осы мәселеге қатысты телефон арқылы да сөйлесті. Әрине, бұл Ресей мен Украина арасындағы қарулы қақтығысты бейбіт жолмен шешу келіссөздері болғанымен, оның арғы жағындай осындай сипатта сауда жүруде. Ресейдің бұлай алға үмтылатындай жөні бар. Өйткені сирек кездесетін металдар қоры бойынша Ресей әлемде Қытайдан кейінгі екінші орында тұр. Осылайша АҚШ көңілінен шықса, Ресей санкциялар құрсауынан сытылып шығамын ба деп дәмеленеді, әрине. Сарапшылар осындай айқын мүддедегі Ресей өз қорын зорайтып көрсету үшін Қазақстанға да қол салуы мүмкін деген қауіпті айтып қалуда.
«Қазақмыс» кен орындарын Ресейге сатып жатқаны рас па?
Күні кеше «Қазақмыс» компаниясы кен орындарын, онда да ресейлік компанияларға сатып жатпағанын, Қазақстаннан сирек кездесетін металдарды экспорттамағанын айтып, түсініктеме беруге мәжбүр болды.
«Біздің компания ешқандай фактіге негізделмеген ақпараттық шабуылға тап келіп отыр. Компания мұндай ақпараттарды жоққа шығарып, бірнеше мәрте түсініктеме беруге мәжбүр болды», делінген компания хабарламасында. Компания өздеріне жасалып жатқан ақпараттық шабуылға не түрткі екенін білмейтіндерін де нақтылады.
«Қазақмыс» пен «Қазмырыштың» сатылып кету қаупі барын айтып, дабыл қаққандардың бірі — қаржыгер-маман Расул Рысмамбетов. Ол бұл ретте шұғыл түрде стратегиялық активтер агенттігін құруды ұсынған.
«…Айта кетейін, негізі, Қазақстанда ондаған ірі ресейлік жер қойнауын пайдаланушылар жұмыс істеп жатыр. Бұдан, өз басым, мынандай екі қорытынды шығарамын:біріншіден, шұғыл түрде стратегиялық активтер агенттігін құру керек немесе ҰҚК+ Стратегиялық жоспарлау және реформалау агенттігі мен Қаржы министрлігіне (ҚМИП) стратегиялық активтерді қатаң қадағалауды жүктеу қажет. Қауіпсіздік Кеңесінемесе Парламент арқылы осындай активтерді сатуды мақұлдату шарасын бекіту керек. Екіншіден, шетелдіктер, онда да орыстар «Қазақмыс» пен «Қазмырышты» сатып алуға тырысуы мүмкін. Өйткені Ресей Федерациясына қазір меншік деңгейін және кіммен келіссөздер жүргізу керектігін көрсету үшін бақыланатын нарық көлемін ұлғайту өте маңызды. Бұл арада мына жақтан қытайлық компаниялар да шығып, Ресей Федерациясымен бәсекелесуге тырысуы мүмкін. АҚШ-тың өзі мұнда келіп жатпайды, олар үшін сирек кездесетін металдарды тауып, апарып беретін орыстар мен қытайлар бар», деп жазған еді 25 ақпанда маман желіде.
Негізінен, Қазақстанда қазіргі уақытта сирек кездесетін металл өндірісін дамыту үшін 12 учаскеде мемлекеттік геологиялық зерттеу жүргізіліп жатыр. Ал барлау жұмыстарына екі бірдей шетелдік компания тартылған: Cove Capital және HMS Bergbau.
«Сирек кездесетін металдар саласын дамыту шеңберінде 12 учаскеде мемлекеттік геологиялық іздеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бүгінгі күні Күйректікөл учаскесі перспективалы кен орнына жатады. Оның қорында лантанидтерді қоса алғандағы 800 мың тоннадай сирек кездесетін металдар бар. Бұл қорды екі есе арттыру әлеуеті бар», делінеді Өнеркәсіп және құрылыс министрлігідерегінде.
Өткен жылы Қазақстан үкіметі сирек және сирек жер металл өндірісін дамытуға 11,8 млрд теңге бөлінетінін айтқан. Бұл туралы «Сирек және жерде сирек кездесетін металдар саласын дамыту 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспарында» жазылған. Мұның барлығы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырамасы аясында орындалып жатқанын баса айта кетелік.
Сирек кездесетін металдар қайда қолданылады
Ең алдымен, ол тұрақты магниттер өндірісінде керек, ал бұл магниттер томографиялық, ғарыш аппараттарында, қатты дискілерде, сапалы динамиктерде, соның ішінде смартфондар мен теледидарларда, сондай-ақ Tesla 3, Tesla Y және Cybertruck сияқты электромобильдердің қозғалтқыштарында қолданылады . Idtechex есептеулері бойынша, әлемде өндірілетін барлық сирек металдардың шамамен 30%-ы тұрақты магниттер жасау үшін пайдаланылады. Бұл шикізаттың тағы бір ірі тұтынушысы —шыны өнеркәсібі. Фармацевтикалық шыны, оптикалық линзалар және ультракүлгін сәулелерден қорғайтын шыны жасау үшін қолданылады. Сирек кездесетін металдар шикі мұнайды бензин мен реактивті отынға айналдыруға қатысатын катализаторларды жасау үшін де қажет. Сондай-ақ күрделі әскери техника үшін: GPS жүйелері, спутниктер, атқыш қозғалтқыштары және сенсорларда, зымырандарда қажет. Әдетте, әскери техника неғұрлым жетілдірілген болса, соғұрлым оған сирек кездесетін металдарқолданылады. Ғалымдар сирек кездесетін металдарды жаңартылған энергия көздері — жел турбиналары мен күн панельдерін өндірісі, сондай-ақ АЭС құрылысы үшін өте жоғары сұранысқа ие шикізат ретінде атайды. Осы жағынан алғанда, барлық дамыған елдердің мұнайдан кейін өндірісі өте күрделі осы шикізат тұтынысына сұранысы арта түсетін болады. Бұл да Қазақстан үшін үлкен мүмкіндік. Әрине, өзгеге беріп қоймай, өзі өндіре алса…
Кәмшат Тілеуханқызы