Featured Video Play Icon

Герпетология нені зерттейді? Экзотикалық жануарларды үйде ұстауға балады ма?

Автор: редактор 01 Шілде, 2022


Менің аты-жөнім Марина Чирикова. Мен мамандығым бойынша зоолог-герпетологпын.

1. Өз кәсібіңіз туралы айтып бересіз бе?

Герпетология – бұл қосмекенділер және бауырымен жорғалаушыларды зерттейтін ғылым. Осы жануарларға қатысты барлық аспектілерді қарастырады. Біз таралуы мен сыртқы морфологиялық ерекшеліктерін, мінез-құлықтарын зеттейміз. Олардың санын есептейміз, қорғаумен айналысамыз, осы жануарларды сақтау бойынша түрлі шараларды ұйымдастырамыз. Табиғаттағы тіршілігін – қалай көбейетінін, күндіз уақыттарын қалай өткізетінін, маусымдық белсенділіктерін бақылаймыз. Жалпы, биологияның барлық аспектілерін қарастырамыз.

2. Қазақстанда бауырымен жорғалаушылардың түрлері көп пе?

Жартылай Қазақстан шөл және шөлейт болғанына қарамастан, бізде бауырымен жорғалаушылар көп емес. 50 түр ғана бар. Оңтүстік елдермен салыстырғанда біздегі құрам аса бай емес, бірақ дегенмен зерттеу нысандары көп. Ал қосмекенділердің тек 12 түрі бар.

3. Қосмекенділер мен бауырымен жорғалаушылардың айырмашылығы неде?

Қосмекенділер мен бауырымен жорғалаушылар 2 түрлі жануарлар класына жатады, олар бір-бірінен қатты ерекшеленеді. Эволюциялық тұрғыдан қарастырғанда да олар әртүрлі уақытта пайда болған. Қосмекенділер сәл ертерек пайда болды, содан кейін ежелгі қосмекенділердің ата-бабаларынан (стегоцефалдардан) бауырымен жорғалаушылар туындады.

Қосмекенділердің бауырымен жорғалаушылардан айырмашылығы – олардың тіршілігі мен көбеюі сумен байланысты. Олардың терісі өте нәзік және сүйектері аз.

Бауырымен жорғалаушылар (құстар мен сүтқоректілерден бұрын) – құрлықты игерген алғашқы топ. Бұл оларда мүлдем басқа тері жабыны пайда болғанына байланысты. Қабыршақтар пайда болып, осындай кератин қабатымен жабылған тері ылғалдың булануына кедергі жасады. Яғни, сусыздануға жол бермеді.

Бізде ерекше құйрықты амфибия – Жетісу бақатісі мекен етеді. Бұл эндемик жануар, ол тек Жоңғар Алатауында өмір сүріп, жер шарының басқа жерлерінде кездеспейді. Таралу аймағының бір бөлігі Қытайға келеді, бірақ негізгі популяциялар Қазақстандағы Жоңғар Алатауында тіршілік етеді. Ол таулардың жоғары беткейлерінде мекендейді. Оның таңғаларлық бейімдеушілігі бар, бұл – өте төмен температурада тіршілігін сақтай алуы. Олар баяу ағып жатқан ағындарда тіршілік етіп, кейде тіпті қатуды да төзеді.

4. Экзотикалық жануарларды үй жануарлары ретінде ұстауға бола ма?

Бауырымен жорғалаушылар мен қосмекенділердің экзотикалық түрлері – үйде күтіп ұстаудың сүйікті нысандарының бірі. Қазақстанда бұл бағыт аса дамымаған, бірақ бар. Әртүрлі түрлерді үйде ұстайды. Ең көп кездесетіні – сақалды агама, хамелеондардың кейбір түрлері мен айдаһаршаларға жататын жылан түрлері. Жергілікті фауна өкілдерін де үйде ұстайды. Бірақ, менің айтарым, осындай жануарларды сатып алмас бұрын, оның арнайы құжаттары бар ма, жоқ па, соны білулеріңіз қажет. Себебі қазір жануарлардың заңсыз саудасы қару-жарақ пен есірткіні сатудан кейін 3 орынды алады. Жануарларды жиі заңсыз алып келеді, осы үшін біздің заңнамада тиісті айыппұлдар қарастырылған. Жануарды сатып алмас бұрын, оны өсіру немесе ҚР-ға әкелу туралы құжаттардың бар-жоғын біліп алу қажет, егер осы құжаттардың барлығы бар болса, онда бұл жануарларды ұстауға болады. Әрине, біріншіден үйде ұстаудың барлық ережелерімен танысу қажет, себебі бауырымен жорғалаушылар үшін температура режимі мен ультракүлгін сәулелердің жеткілікті мөлшері өте маңызды.

5. Қазақстанда улы жыландар бар ма? Олардың қайсысы ең қауіпті?

Қазақстанда улы жыландардың 3 түрі бар. Олардың бірі біздің Республикамыздың солтүстік шегінде және Шығыс Қазақстанда таралған. Қалған 2 түрі кең таралып, елдің көптеген аймақтарында кездеседі. Бұлар – дала сұржыланы мен қалқантұмсық жылан. Олар адамдарды өлімге әкелетіндей улы емес, бірақ егер адамда аллергия болса немесе бұл кішкентай бала болса, шағудың салдары өте ауыр болуы мүмкін. Бірақ жалпы, менің білуімше, қазіргі уақытта Қазақстанда осы түрлерден өлім жағдайлары тіркелген емес.
Жыланды баспау және оны қорқытпау керек. Жылан сізден көбірек қорқады, сондықтан бірінші кезекте қашуға тырысады. Шаққан жағдайда ең алдымен дәрігердің көмегіне жүгіну қажет.

6. Герпетолог болу үшін қайда оқуым қажет?

Арнайы герпетологқа еш жерде оқытылмайды, териолог және орнитолог сияқты басқа мамандықтар да солай. Бізде зоологтарды дайындайды. Қарағанды мемлекеттік университетінде зоология кафедрасы қалды. Бұрын Қазақ Ұлттық университетінде де зоология кафедрасы болған. Қазіргі уақытта биоалуантүрлілік кафедрасы бар, онда сіз барлық қажетті білімді ала аласыз. Бірақ біз осы немесе келесі жылы, ҚазҰУ-да зоология кафедрасын ұйымдастырамыз деген үміттеміз. Себебі қазір біз ғылыми бағдарлама мен білім беру бағдарламасын әзірлеумен белсенді жұмыс істеп жатырмыз. Нақты зоологтарды даярлау үшін. Осы бағдарламада герпетология курстары да қарастырылған.