Қайырлы күн! Менің есімім Сұлтан, біз кофехана бизнесімен айналысамыз. Кофеханамыз «Time Coffee» деп аталады.
1. Неліктен кофехана ашуға шешім қабылдадыңыз?
— Себебі, біз кофе тенденциясын бақылап жүреміз. Көптеген тұрғындардың таңертең кофе ішуге немесе оны үйде дайындауға уақыты болмайды. Біз осы тұрғын үй кешенінің кез келген тұрғындарына жұмысқа дейін, жұмыстан кейін, түскі уақытта кофе ішулеріне жағдай ұсынамыз. Кофехана бизнесі: бизнес орталықтарында, тұрғын үй кешендерінде, үлкен көшелер мен даңғылдардың жанында жақсы дамығандықтан, біз де кофехананы ашуды сынап көруге шештік.
2. Кофехана үшін локацияны қалай іздедіңіз?
— Бірінші кезекте, біз өтілімі көбірек болатын локацияны іздедік. Бұл орынды бизнес орталықтан немесе тұрғын үй кешенінен табу керек болды. Көптеген бизнес орталықтардың кофеханалары бар. Біз былай айтқанда, квадратта кофеханалар аз жерді іздедік те, осы локацияны таптық. Бұл аймақта кофеханалар өте аз болғандықдан және «Молодежный» тұрғын үй кешені орналасқандықтан, осы жерден ашылуға шешім қабылдадық. Мұнда негізінен жастар тұрады, тәулікпен пәтерлер жалға беріледі, сондықтан локацияның таңдауы осы аймаққа түсті. Жалпы айтқанда, орын тауып, жөндеу жұмыстарын жүргізіп, жабдыққа қаржы салып, кофехананы аштық.
3. Кофехана ассортиментінде не бар?
— Бізде кофенің таңдауы өте үлкен: классикалық кофе, раф кофе, капучино – бұл балмұздақ қосылған кофе, флэт уайт, цитрустық раф. Сонымен қатар, круассандар мен кондитерлік өнімдер бар. Бізде асүй болмағандықтан, күнделікті, әр таң сайын жаңа піскен круассандар мен кондитерлік өнімдерді әкелеміз. Жалпы бізде кофенің ассортименті үлкен.
4. Қандай акциялар бар немесе іске қосуды жоспарлап отырсыз?
— Instagram-да 10%-дық жеңілдік бар. Клиент келген кезде «біз туралы қалай білдіңіз» деп сұраймыз, егер ол Instagram арқылы десе оған жеңілдік беріледі. Сонымен қатар, біз болашақта «6-шы кофе сыйлыққа» карточкаларын іске қосқымыз келеді. Бұл негізінен күнде жұмысқа баратын жергілікті тұрғындарға бағытталады. Біз карточкаларды жасағаннан кейін 6-шы кофе тегін беріледі, клиент кез келген кофені таңдай алады.
5. Кофехананы ашу жолында қандай қиыншылықтар болды?
-Бірінші кезекте инфляцияға тап болдық. Барлық ингредиенттер, өнімдер, соның ішінде кофе, шайдың бағалары көтерілді. Жиһазды жеткізу және жиһазға тапсырыс беру, техника қымбаттады. Былай айтқанда, бұның барлығы Қазақстанда қаңтар оқиғаларынан кейін қымбаттады.
6. Бизнеспен айналысқалы жатқан жастарға қандай кенес бере аласыз?
-Кез-келген бизнес — бұл қателіктерден өту, жаңа нәрселеді сынау болып табылады. Бұл жерде тек қана, жаңа бастамаға сәттілік тілей аламын.