Мұнай қымбаттаса да теңге құнсыздануда. Неге?
🖇️ Ұлттық валютамыздан берекелі қашқалы біраз болды. Кеше де KASE-де 1 АҚШ долларының орташа бағамы 530,20 теңгені құрап, тағы 1,49 теңгеге қымбаттады. Әдетте, экономикамызға жауапты шенді-шекпенділер мұның себебін ел экономикасының басты табыс көзі – мұнай бағасының төмендеуімен байланыстыратын. Алайда әлемдік нарықта АҚШ-тың Ресейге қарсы бағыттаған кезекті санкцияларынан кейін «қара алтын» бағасы жоғары қалыпты ұстап тұр. Сонда теңгеден күй кетуге не түрткі? Мұның жайынан «Үйде жатпа» ұсынған осы сараптамалық мақаладан оқып-қаныға аласыздар.
💸 Доллар бағасы тағы 530 теңгеге барып алды
Өткен апта соңында ғана 1 АҚШ долларының ресми бағамы 524,75 теңге болған. Ал осы апта бастала салысымен, америкалық валюта бірден күшіне міне жөнелді. Дүйсенбі, 13 қаңтарда Ұлттық банктің бұл реттегі бекіткен ресми бағамы 526,81 теңге болса, ал кеше таңертең 1 АҚШ долларының құны 528,52, кешке қарай, тіпті 530 теңгеден бір-ақ асты. Сонда айналдырған екі жұмыс күні ішінде америкалық валюта құнына 5,45 теңге үстемелеп ала қойды. Онда да Ұлттық банк бұл арада «айға бата жасап отырмағаны анық». Интервенция жүргізді ме, жоқ па, оны айдың соңында білетін боламыз (себебі ҰБ әр айдың қорытындысын жариялап отырады). Ал, реттеуші орган интервенция жүргізгені рас болса, онда теңгеміз бұдан да ары құнсыздана түсер еді. Демек, ұлттық валютамызға қысым күшейіп-ақ тұр. Ал «жау» қай тараптан алашапқындауда? Енді осы жағын зерделеп көрелік.
📉 Сонымен рубль дегенді айтпайтын боламыз ба?..
Бірден айтайын, бұл реттегі сөзді әріден бастауға тура келіп тұр. Сонда толыққанды картинаны көруге болады. Қараша айының соңы естеріңізде болар, «доллар құны, ойбай, әне-міне 500 доллар болады» деп жүргендердің айтқаны келген кез. Сол заматтағы ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров (бүгіндері отставкада) теңгенің құлдырауына түрткі басты үш факторды атап көрсетті: 1) доллар индексінің жаһандық сипатта күшеюі; 2) мұнай бағасының төмендеуі; 3) ресейлік рубльдің арзандауы. Дегенмен ақша саясатына жауапты Ұлттық банк соңғысымен қос қолын көкке сермеп, мүлде келіспейді. Тіпті, бір апта бұрын осыған қатысты ҰБ төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова БАҚ алдында шығып, арнайы мәлімдеме де жасады. Онысы қарапайым адамдар түгілі, кейбір қаржыгерлерді де аң-таң етті. Сонда не деді дейсіздер ме? Молдабекова былай дейді:
«Қазіргі жағдайдағы Ресей рублінің динамикасы бізге бағдар болмауға тиіс және ол нарықтың шамадан тыс реакциясына ықпал етуі мүмкін. Ал бұл жергілікті нарықта бағамның қалыптасуын бұрмалап, артық құбылмалылыққа әкеледі. Қазіргі уақытта біздің елдеріміздің нарықтары әртүрлі жағдайда жұмыс істейтіні анық. Сондықтан осы жағдайларда Ресей рублінің АҚШ долларына қатысты күрт ауытқуы теңге/доллар айырбастау бағамында көрінбеуі керек, өйткені ол іргелі экономикалық шындыққа сәйкес келмейді».
Түсінікті ғой, демек, ақша бағамын айқындауда рубльдің жағдайы бағдарға алынбайды. Бір сөзбен айтқанда, Ұлттық банк теңге құнсызданса «рубль деп мүлде ауыз ашпаңдар», — дейді, өйткені «ақша бағамын айқындауда Ресей валютасы бағдарға алынннбайды» дегенді қадап-қадап айтады.
Ұлттық банктің өзі сөйдеп тұрғаннан кейін бүгінгі теңгенің әлсіреуіне ықпал етуші факторлардан оны «сызып тастай»тұралық. Сонда бізде доллар индексінің жаһандық сипатта күшеюі және мұнай бағасының төмендеуі сынды сүйенетін екі фактор қалады. Алайда мұнай бағасы қазір қатты төмендеп жатқан жоқ. Өткен апта соңында ғана АҚШ Ресейге қарсы, онда да мұнай-газ секторына бағытталған санкцияны жариялады. Сол-ақ екен, осы дүйсенбіде мұнайдың басты маркалары қымбаттап шыға келді. Нақтырақ айтсақ, 13 қаңтарда Brent маркалы мұнайдың бір баррелі 1,35 долларға қымбаттап, бағасы 81,11 доллар болды. Негізінен, сарапшылар оптимистік сценаридің өзінде 2025 жылы мұнайдың бір бареллінің бағасы 71,7 теңгеге дейін төмендейді деп болжайды. Сол кезде ұлттық валютаға, расында қысым күшейеді. Ал қазіргі баға, керісінше оңтайлы. Ендеше мұнай бағасының ықпалын да бұл арада сызып тастауға тура келеді. Доллар индексінің теңгенің әлсіреуіне әсері бары рас. Ол бүкіл әлем елдері ақшаларына күш салуда. Алайда, теңгенің бұлайша «шайқалуы» аталған жалғыз фактордың әсерінен десек, жаңылысарымыз анық. Ал көршімізге көз сүзсек, рубльдің жағдайы да қазір мәз емес. Әрине, санкциялар төбесінен кезек-кезек тоқпақтап жатса, ол қайтсін?
«Ұлттық банк не десе, о десін» деген болар, қаржыгерлер қауымының бір парасы да осы жолғы теңгенің әлсіреуінің бір себебін осыдан көріп отыр: экономист Ғалымжан Айтқазин және Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы жүргізген сауалнамаға қатысушы сарапшылар да.
⚖️ Бұл әлі басы…
Айтайын дегенім, жылдың басы. Яғни, жыл басталмай жатып, өздеріңіз көріп отырғандай, теңгеміздің теңселіп жатқан жайы бар. Ал алда бізді нағыз экономикалық сынақтар күтіп тұрғаны мәлім. Қазіргі түрі мынандай теңгемізге ол кезде не болатынын елестетудің өзі қиын…
Өткен қарашадағы жағдайда «бүгін — 500, ертең — 600» деп Ұлттық банк төрағасының орынбасары Виталий Тутушкиннің доллар бағамына қатысты айтқанын жаңылтпашқа балап, желіде келекеге айналдырғандар оның астарында бір шындық барын сол күйі бажайламай да кетті, негізі. Шынтуайтында, бұл психологиялық «дайындық» еді. Құлақ еті үйрене берсін дегені. Басқа амал жоқ…
Расында, «жаман айтпай, жақсы жоқ» демекші, былтыр сарапшылардың бір парасы 2025 жылы Қазақстан экономикасын қос бүйірден қысатын үш оқиғаның атын атап, түсін түстеген болатын. Олар:
1️⃣ бюджеттік дағдарыс, ҚР кірістері мен шығыстары арасындағы алшақтыққа байланысты тапшылық (2025 жылы — 4,1 трлн теңге);
2️⃣ сауда балансының дағдарысы, импорттың экспорттан едәуір асып кетуі, яғни шетелге капиталдың ағылуы басым болады;
3️⃣ сыртқы қарыз бойынша дағдарыс: 2025-2026 жылдарда жеке компаниялардың халықаралық ұйымдар алдындағы борышын өтей бастауы тап осы кезеңге сай келеді. Ал жеке компаниялардың сыртқа қарызы шамамен 101 млрд долларды құрайды. Демек, бұл капиталдың орасан көлемде сыртқа ағылуын танытады.
«Жығылғанға жұдырық» демекші, мұндайда көмек болуы тиіс ұлттық компанияларымыздың да жағдайы мәз емес. Олардың рентабельділігі мен табысы 2024 жылдың бойында тек төмендеумен болған. Салыстырып көреміз десеңіздер өткен жылғы рентабельділік бойынша цифр міне: ІІІ-тоқсан — 13,3%, ІІ-тоқсан — 27,7%, І-тоқсан — 60,4%. Ол ол ма, Қазақстан экономикасына тартылған жалпы тікелей шетелдік инвестициялар көлемі де 2024 жылдың 9 айында қатты төмендеген.
Мұның бәрін не үшін айтып жатырмын дейсіздер? Баяғы, девальвация қаупін анықтау үшін. Демек, 2025 жылы теңгенің девальвацияға ұшырау ықтималдылығы жоғары.Әзірге, жарияланған болжамдарда 2025 жылдың соңына дейін 1 АҚШ доллары 531,2 теңге (BCC Invest), 552,5 теңге(Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы), ал бір жерде 600 теңгеден де асатыны (қаржы сарапшысы Арман Бейсембаев) айтылады.
Бұл арада, қазір бізге оңтайлы болып тұрған мұнай бағасының алда құлдырау ықтималдылығы үлкен рөл атқарары сөзсіз. Санкциядан кейін әлемдік нарықтағы сұраныс бойынша ресейлік мұнай орны басқаларымен толтырылғаннан кейін (мұны ОПЕК аясында өндіріс шектеуіне ұшырап отырған Қазақстанның бір өзі де орындауға қауқарлы) баға төмендеп қоя беретіні болжанып отыр. Мұндайда мұнай табысына тәуелді, бюджет тапшылығына ұрынған Қазақстан экономикасына күшті теңге тиімсіздеу болады, негізі…
✔️ Ұлттық банк не істеп жатыр? Ақша айырбас орындарында не жағдай?
Ұлттық банктің үкімімен 1 қаңтардан бастап елімізде доллар сатып алуға қатысты шектеулер енгізілді. Оған сәйкес, бұдан былай егер қазақстандық компания 1 жұмыс күні ішінде 50 000 АҚШ долларынан асатын қолма-қол ақшасыз шетел валютасын сатып алғысы келсе, онда ол валютаны не үшін сатып алып жатқанын, мақсатын нақты көрсетуге тиіс болады. Сондай-ақ банкке валюталық шартты ұсынуға міндеттеледі. Егер компания, заңды тұлға сол сатып алған 50 000 АҚШ долларынан асатын соманың бір бөлігін 10 жұмыс күні ішінде пайдаланбаса, онда пайдаланылмаған валютаны банкке кері сатуға міндетті болады. Бұл талап тек жалпы жиынтығында 50 мың доллардан асатын сомаларға таралады. Бұл – біріншіден. Екіншіден, кеше ғана Ұлттық банк ақша айырбастау пункттері арқылы жүргізілетін операциялар бойынша теңгеге шетел валютасын сатып алу бағамының сату бағамынан ауытқу шегін белгілегелі жатқандарын жариялады: АҚШ доллары үшін – 7 теңге, евро үшін – 10 теңге.
Бұл екеуі де, ең алдымен, валюта нарығындағы алыпсатарлық әрекеттерді төмендетуге, сондай-ақ қаржы нарығына қатысушылардың тәуекелдерін сейілтуге бағытталғаны айтылады. Алыпсатарлық демекші, бүгіндері ақша айырбастау орындарында доллардың ескі купюрасына (1996 мен 2006 жылдар аралығында шыққандар) қатысты мәселе туындап, ақыры іске реттеуші органның осылай араласуына тура келіп отырған жайы бар. Негізі, ескі доллар ресми бағамнан әлдеқайда төмен сатылуда. Өйткені оны кейбір елдер алмайды. Сұраныс болмаған соң оның бағасының түсуі де заңды. Ал жаңа өзгеріске сәйкес, ақша айырбас орындары ескі доллар бағамын енді қатты төмендете алмайтын болады. Ұлттық банк қабылдаған бұл реттегі өзгерістер, шынымен де мәселе шешімі болады алады ма, бұл енді алда қамтылар өзге тақырып талқысы.
Сөз соңында, Ұлттық банктің теңге бағамын қолдау үшін орасан валютаны «өртеп» жатқанын баса айта кетелік. Мәселен, Ұлттық қордан өткен айда ғана 900 млн доллардың валютасы сатылды, ал 2025 жылы қаңтарда Ұлттық банк қордан 750 -850 млн АҚШ долларына дейінгі мөлшерде валюта алып, сатады деп күтіледі. Яғни, бұл белгілі бір деңгейде теңге бағамын тұрақтандыруға кетіп жатқан ақшалар. Өкінішке қарай, жоғарыда айтылғандарды ескерсек, бұл үрдіс 2025 жылдың бойында да өз жалғастығын табатын секілді…
Авторы: Кәмшат Тілеухан