Қос бүйірді қысқан қымбатшылық, қосымша табыс көзін іздеу мәселесі арысы 20-ға жетпеген жастарды курьер қылып қойды. Себебі, ыңғайлы графигі оларға бірден ұнай кеткені ақиқат. Ал бұл тұрғындар мен автокөлік иелеріне қолайлы болмай шықты. Себебі, Алматыда көшеде соғылған көлікті көрсек, мопедтің қатысы бар ма екен деген күдікойға бірден келетін болған. Аударылып жатқан мотокөліктерге көз үйреніп барады. Айталық, өткен екі ай ішінде мопед жүргізушілерінің қатысуымен 82 жол-көлік оқиғасы тіркеліп үлгерген. Мұның салдарынан 80-нен аса адам зардап шегіп, әртүрлі деңгейдегі дене жарақатын алды.
Иә, мопедтің көбеюін автокөлік иелері аса ұнатпайтынын жиі байқап жүрміз. Аяқ асты жанынан зу етіп өте шыққанда, қайдан келіп қалғанын байқамай қалатынын айтады. Қалатұрғындары да бұған аса қуанышты емес. Себебі, жол-көлік оқиғасына себепкер болып, кептелістің артуына ықпал етеді дейді.
-Күнделікті жұмыспен «Саяхат» бекеті жақтан үйге қайтамын. Райымбек даңғылы кешқұрым онсызда кептеліп тұрады. Егер мопед пен жеңіл көліктің соқтығысы болса, жол бойында қозғалыс одан әрі баяулайды. Шаршап тұрған адам үйге ертерек жеткісі келеді ғой. Автобуста тік тұрып, терезеден аударылып жатқан мопедтерді көріп, одан әрі зығырданым қайнайды. Онсызда жылдамдығы көліктен жоғары. Неге соншама қатты айдап, артық қылам деп, тыртық қылады екен. Нан тауып жүргенін түсінемін. Бірақ осындай жағдайдың жиілемеуі үшін, барлығына тиімді жағдай жасалу керек шығар деп ойлаймын, -дейді қала тұрғыны Қымбат Мырзабай.
Мопедке қатысты негізгі ережелер ҚР ЖҚЕ-нің 16 және 24-бөлімінде көрсетілген. Мопедпен қоғамдық көлікке арналған жолақты қоса алғанда, жүргін бөліктің оң жақ шетімен жүруге рұқсат беріледі. Бұл тек веложолақ болмаған жағдайда ғана, себебі мопедшілер велосипед жолағымен қозғалуға міндетті. Осы заң талаптарын сақтау оларға қаншалықты ыңғайлы дегенді білу үшін, қос дөңгелекті тізгіндеушінің бірін сөзге тартқан едік. 19 жасар Алматы тұрғыны курьер болып жұмыс істегеніне жарты жылға жуықтаған. Өзінің негізгі жұмысына қосымша табыс көзі ретінде айналысатын көрінеді.
—Веложолақтарда мен жаяу жүргіншінің жолын әлі күнге дейін ажырата алмайтын тұрғындар бар. Сондықтан, бұл жолда еркін жүрі біздерге айтарлықтай қиын. Құлаққап киіп алып, осы жолда жүретіндер бізге кедергі келтіреді. Ал тасжолда мопедтің қатысымен болатын қайғылы оқиғаларға екі жақтың да қатысы бар. Жеңіл көлік иесінің де мұқият болмауы да себепші. Әр адам көлікті әртүрлі тізгіндейді. Ережені сақтау барлығына ортақ тәртіп. Ауыр жүк көлігі, автокөлік, мопед болсын барлығының бір жолда кетіп бара жатқаны да оңай емес, -дейді Жан Біржан.
Курьерлердің қатары көбейгенмен, төрт дөңгелекке қарағанда екі дөңгелекті тізгіндеу батыр жүректілердің ғана қолынан келетіндей. Әрі онымен жүруден қысылмаудың өзі ерлікпен тең.Мопед жүргізушілерінің көбеюін курьер былай түсіндірді.
-Қатып қалған жұмыс кестесі жоқ. Кез-келген уақытта жұмысқа шыға аласың. Еркін жұмыс түрі болғандықтан, адамдарға бұл тиімді. Компания табыстың 25%-ын алып қалады. Кептелісте тұрмай тез жетесің. Артықшылықтары көп. Ал, тәжірибиелі мопед жүргізушісі ол арақашықтықты сақтап жүре алады. Негізі, бұған жету үшін 2-3 ай жеткілікті. Сондықтан, жол-көлік оқиғасына екі тараптың да жауапкершілігі маңызды дер едім, -дейді мопед жүргізушісі.
Мопедке мемлекеттік нөмір беріліп, толық көлікқұралы ретінде тіркелуі маңызды. Себебі, жеңіл көлік иелері де, қос дөңгелек иелерінің құқығын таптамауына ықпал етпек. Әрі мопед жүргізушілері де, жоғары жылдамдыққа бара қоймайтын болады. Бұл бастаманы сарапшылар да, мопед жүргізушілері де қолдайды. Ұсыныстың жауабын жаңа құрылған Парламент мәжілісінен күтудеміз.
Еуропада мопед әлдеқашан азаматтардың өмірінің ажырамас бөлігіне айналып үлгерген. Ыңғайлы және үнемді болуы себеп. Германияда 15 жастан бастап, мопед тізгіндеушілеріне жүргізуші куәлігі беріледі. Сәйкесінше, тас жолда ешкім-ешкімді төменсінбейді.
Біз де өзімізге арналған әрі баршасына қолайлы өзгерістің болғанын қалаймыз. Карантиннен кейін, курьердің қызметін тұтынушылардың қатары көбейгені баршаға белгілі. Алдағы уақытта да, сұраныс артпаса кемімейді. Үй-ішіне қолғабыс тигізіп жүрген 18 жасар баланың анасын алаңдатып қоймайықшы. Амандық бәріне керек.