Оқушыға киім-кешек пен оқу құралдарын сатып алуға қанша ақша кетеді?

Автор: Редактор 19 августа, 2024


Тамыз айы әрбір балалы отбасы үшін перзенттерін жаңа оқу жылына дайындаумен өтеді. Демек, қаланың әр бұрышында сауда қыз-қыз қайнауда. «Жиғаның тойға шашылсын» дейтін қазақтың теңгесін аямайтын тағы бір жері —  баласын мектепке дайындау.

«Баладан аяғанды ит жесін» дейміз-ау, бірақ титықтамай емін-еркін алуға мүмкіндік болып жатыр ма? Базар мен сауда орталығындағы бағаның айырмашылығы қандай? Көршілес елдермен салыстырғанда бізде қымбатшылық па? Қалтасында қаражаты мол табысты да танымал жандар балаларын мектепке дайындауға қанша ақша жұмсайды? Оқушы мен ата-ананың соңынан еріп, біз де бағаны көріп қайттық.

Алматыда мектепке киім іздегеннің барлығы тек барахолка мен «Grand Park» сауда орталығына барады деп ойлайсың. Себебі, таңдау көп болады деген пікір бар. Ал біз қала ішіндегі шағын базарлар мен сауда орталықтарына бас сұққан едік. Сөйтсек, қолынан жетектеп, үстіне форманы ары кигізіп, бірнеше рет өлшеп жүрген ата-аналар мұнда да жетерлік. 15 жылдан бері «Сарыарқа» базарында тек оқушы формасын сататын саудагерден бағасын сұраған едік. Айтуынша, аса өзгеріс жоқ. Қымбатшылық ол азық-түлік дүкендерінде болар дейді.

Былтырғымен салыстырсақ баға бойынша өзгеріс жоқ.  Ұл балаға 15 мың мен 30 мың аралығында менің киім дүкенімнен киінуге болады. Жейде 2500 теңгеден басталады. Менде Түркия, Бішкек, Қытай, Өзбекстаннан әкелген киімдер. 15 жылдан бері осы мектеп формасын сатумен айналысып келе жатқан адам ретінде баға бойынша айтарым, соңғы 7-8 жылда аса өзгеріс жоқ. Иә, қоғамда қымбатшылық болып жатыр. Бұл азық-түлік, қызмет көрсету салаларында солай шығар, бірақ киімге қатысты емес. 2017-2018 жылға дейін баға тұрақты болды. Ал одан кейін курстың бірден күрт өсуіне байланысты бағада үлкен секіріс болғаны рас. Мен әрқашан тиімді бағада және сапалысын ұсынуға тырысамын. Осының арқасында тұрақты тұтынушыларым көп,- дейді саудагер Эльвира Сыздықова.

Әрбір оқушыға киім-кешек пен оқу құралдарын сатып алу үшін ең төменгі қаржылық қолдау мөлшері биылғы жылы – 43 407 теңгені құрайды. Ал, былтыр Оқу-ағарту министрлігі 40 567 теңге деп белгілеген болатын. Байқағанымыздай 1 жылдың ішінде баға 3 000 теңге қосылып тұр.  Оқушылардың мектепке киетін киімін тұрақты сатып жүрген Эльвираның тәжірибесіне қарасақ, министрлік бекіткен бұл бағаға төменгі сыныпта оқитын ұл баланы ғана киіндіруге болатын секілді. Себебі,  қыз балалардың талғамы әр түрлі және алатын киімдері көп. Сонымен қатар, көп балалы ата-анамен бір-екі баласы бар ата-ана ақшаны әрқалай жұмсайтын көрінеді. Мұны да тіс қаққан саудагердің өз аузынан естідік.

Қыз балаларға арналған дайын форманы әкелмейміз, себебі біреуіне пиджагы ұнамай қалса, біреуі басқа белдемше кигісі келеді. Кейбір мектеп тік белдемше сұраса, кейбіреуі шотландық түрін дегендей. Жағдайың келсін келмесін қыз балаға 2-3 кофта алу керек болады. Ұлдарда шығын аздау.  Ұл балаға үштік киім 15 мыңнан басталады. Бір-екі баланы киіндіретін ата-ана бағасына қарамай, сапалысын таңдап алады. Ал, бірнеше баласы барлар Бішкектен келген киімдерді алып жатады. Отбасылық бюджетіне қарайды ғой. Барахолканы, «Алтын орда» базарларын аралап келсе де, менен келіп алатын тұтынушылар көп. «Алтын орда» арзан болғанымен ассортимент жоқ деп келеді. Ал, барахолка жекелеп алатын адам үшін бағасы аса арзан емес дейтіндер бар. Мен де бірнеше нұсқалары бар және бағасы қалта көтерерлік. «Алтын орда» базарынан азық-түлік алғанымызбен, осы қала ішіндегі базарлардан киім аламыз дейді, менің тұтынушыларым. Арасында жәрмеңкелерге шығамыз. Барахолкаға барған көршімнің сөзінше 2 жейде және шалбар 50 мың теңгеге шыққан. Отандық фирмалар тігетін киім тек жакетсіз шалбар мен костюмді 30 мыңға алып келеді. Менде түркиялық сапалы киімдерде бар. Отандық брендтерден бағасында айырмашық болғанымен сапасында аса қатты өзгеріс жоқ дер едім. Үйреніп қалған адамдар әрине сол жерден киіндіреді. Мынау тұрған Өзбекстанның өзінде экспортқа деп  сапалы тігіспен түркиялық киіммен пара-пар етіп шығарып жатыр. Ажырата алмайсың. Кейбіреулер соны түркиялық деп сата береді. Мен олай ете алмаймын, — дейді Эльвира Сыздықова.

Байқауымызша, әр үй әртүрлі бағаға киіндіретін көрінеді. Қаражаты жетіп тұрғандар болса, алты күнге 6 жейде ала салады екен. Себебі, таңнан кешке дейін жұмыста жүретін ата-аналар солай жасайды дейді саудагер. Себебі, олардың күнде кір жуатын уақыты жоқ. Ол кезде бір баланы 40-50 мыңның арасында киіндіру әсте мүмкін емес-ті. Кейбір жандар болса, ауыстырып кигенге былтырғысын қолданады. Мұндайда, көп балалы аналарға жаны ашығаннан аздап жеңілдік жасайтынын да айтып қалды саудагер. Сонымен, тамыздың басына соңына дейін киімдерде ешқандайда бағасында өзгерістер болмайтынын білдік. Сондай-ақ келушілердің қарасы да тап солай, айдың басында да аяғында да адам көп. Оның ішінде шалбарын бір келіп, кейін айдың ортасында оқу құралдарын алып, соңында қалған майда-шүйде заттарын алып жататындар бар екен.

Бірнеше жылдан бері, Бішкек пен Қытайдан келетін киімдердің қатарына өзбекстандық киімдер қосылған болатын. Мұны базар аралап жүргенімізде, киімдердің этикеткасынан «made in Uzbekistan» деген жазуды көзіміз көп шалды.  Мұндайда, демек ол елдерде баланы мектепке киіндіру бізден қарағанда арзан болар деген ой сумаң ете қалатыны анық. Жолдасының жұмысы уақытша ауысуына байланысты  4 жылдан бері Ташкентте тұратын жанұямен тілдескен едік. Алайда,  баға жағынан елімізден арзан емес деп отыр. Екі баланың анасы Гүлмираның айтуынша, азық-түлік салыстырмалы түрде қымбат болса, киімдер де арзанға соқпайды. Өзбекстандық киімдерді қолжетімді деп халқымыз алып жүргенімен, ол жақта оған сұраныс жоқ көрінеді.

Мектеп формасы болсын, кез-келген сәнді жалпыламай киімдерге мұнда таңдау көп емес. Жергілікті цехта шығатын киімдер бағаланбайтындықтан, жаппай алып жатқан адамдарды байқамайсың. Мұндағы халық Түркия мен Қытайдан келетін киімдерді тұтынады. Қазақстанмен салыстырғанда шетелдік масс-маркет санатындағы болсын киім дүкендеріне салық жоғары, сәйкесінше қымбат. Сондықтан біз елге барғанда киініп келеміз. Өзбекстанда іш-киім мен көрпе-төсек секілді тоқыма бұйымдарын өндірушілердің көптігіне байланысты, оған баға қолжетімді деп айта аламын.  Ташкенттің сауда орталығынан студенттер мен кез-келген адамдар жиі киім-кешек ала бермейді. Себебі, жалға алу құны өте қымбат. Сондықтан базарға барушылардың қатары көп. Ал, оқу құралдары Қазақстанмен бірдей десе де болады. Сондай-ақ, такси мен жеміс-жидек бағасы бізден әлдеқайда арзан болса,  риэлтор, пәтер құны, ет қымбат, — дейді Гүлмира Селеусін.

Мектеп формасы туралы айтқанда отандық «Glasman» және «Angelcher» тігін фабрикаларын сөз етпеу мүмкін емес. «Grand Park» сауда орталығындағы дүкендерінде кезек көп болғандықтан, қала ішіндегі басқа нүктесіне арнайы барып, балаларына киім алған анамен жолығып қалдық. «Сарыарқа» базарында 4 000 теңгеден басталатын жейдені «Glasman» дүкенінен 10 000 мыңға алған.

«Grand Park» сауда орталығында адам көп. Киім дүкенінің ішіне кіру үшін сыртта кезекте тұру керек. Сатушы кеңесшілер де үлгермей жатыр. Сондықтан осы «Moskva» сауда орталығына келдім. Мұндағы «Glasman» дүкенінде адам аз екен. Жылдам қажет киімімізді таңдап сатып алып шықтық. Angelcher-ден белдемше, жакет, жейде және галустукқа 16 000 кетті. Ал Glasman-нан 2 жейдені 20 000 теңгеге алдым. Екі балама бас-аяғы 150 мыңға киіндіремін деп есептеп отырмын, — дейді Ғалия Досанбаева.

Ыңғайлы сервисі үшін және үйреніп қалған брендтерге киіну әрине базардағы бағамен салыстырғанда жоғары болып шығады. Мүмкіндігі жететін жандардың жаратқан ақшасына көпшілік қызығып қарайтыны рас. Айталық, ел алдында есімі таныс, танымал жандардың қанша жұмсайтыны халыққа тіптен қызық. Айталық, белгілі әнші, көп балалы ана Салтанат Бақаева былтыр бір баланың өзіне сол 150 мыңды жұмсаған. Ал, биыл үш баласы мектепке барған ана сапалы да тиімді бағамен сауда жасадық дейді.

Былтыр екі баланың оқу құралына 50 мың теңгені жұмсасақ, биыл үш балаға 30 мың теңге кетті. Иә, бағаларында өзгеріс бар. Себебі, биыл барахолкадан көтерме бағада алған болсақ, былтыр қала ішіндегі дүкендерден алған болатынбыз. Мектеп формасына келер болсақ, өткен жылы екі балаға 300 мың теңге жұмсадық. Ал, биыл 26 мың теңгеден ұл балаға форманы алдық. Біз биыл үш баланы киіндірсекте, былтыр екі балаға жұмсаған ақшадан көп шықпады. Себебі қолжетімді жерлерден алған соң ақшаға үнем болып отыр. Аяқ-киімдерді де сапасы жақсы, бірақ бағасы қолжетімді келетін дүкендерден алдық. Яғни, тиімді сауда жасай білудің арқасында болып отыр, — дейді әнші, актриса Салтанат Бақаева.

Көп не аз қаражат жұмсаса да,  кез-келген оқушы жаңа оқу жылына жаңалап киініп баратыны ақиқат. Бастысы дені сау, оқуда озат болып, еліміздің дамуына үлес қосса болғаны емес пе?! Бұл әсте кез-келген ата-ананың арманы!

Мөлдір Бегімбет