Қазір жастардың гаджетіндегі плейлистінен тек шетелдік хит әуендер емес, ана тіліміздегі әндер де жиі бой көрсетеді. Яғни, музыка бағытында ізденіс пен даму бар екендігін көз көріп жүр. Міне сол секілді, қазақша білім алу көздерінің артып жатқанын байқаймыз. Бұл әрине қуантарлық жағдай. Сонымен, қазақша онлайн курс нарығында қандай өзгерістер бар? Ол халыққа не береді? Болашағы қандай? Міне осы сауалдарға жауап іздеп көрдік.
Жалпы, бұрындары кез-келген сұрақ бойынша интернетке орысша жазып, жауабын білгенге қол үйренген еді. Ал, қазір әлеуметтік желінің іздеу жүйесіне таза қазақша автоматты түрде теретін күнге жеттік. Гүл өсіру, бала күтімі деген сөздерді еш ойланбастан жазып, қазақша қажетті мәліметімізді оқып жүрміз. Халық үшін аса пайдалы болғаны анық.
Қазақша курстар бастапқыда пайда болған кезде, негізгі сұранысқа ие 3 сала бар болатын. Олар психологиялық онлайн курстар, бизнес ашу және әлеуметтік желі арқылы табыс табуды үйрететін смм марафондары.
Қазір тақырыптардың аясы кеңейгені белгілі. Айталық, тіпті мектеп мұғалімдеріне цифрлық сауатты үйрететін курстар бар. Ал, бұл не үшін керек болды дегенімізге мамандар, пандемия кезінде қашықтан оқыту кезінде ұстаздарға әдіс-тәсілді жаңарту керектігімен түсіндірді. Заманауи ұстаз болуды үйретіп жүрген эксперт Диас Түймехан бұл мұғалімдер тек пайдалы болмаса зияны жоқ деп отыр. Айтуынша, таңнан қара кешке дейін мектепте жүретін мұғалімдер технологиялық құралдардың игілігін қолданудан тысқара қалып қалмауы керек.
— Былайғы уақыттың өзінде, партада отырған баланың барлығының сабаққа ынтасы жоғары бола бермейді. Ал, пандемия кезінде онлайн оқыту мектеп мұғалімдерінің жүгін ауырлата түсті. Себебі, оқушыларды қызықтыру тіптен қиындағаны рас. Осы кезде заманауи ұстаз болуды үйрететін курстарымыз сұранысқа орай дүниеге келді. Дайын сабақ жоспарын жасап беру, түрлі ойындар секілді дүниелеріміз ұстаздардың жұмысын жеңілдетуге көмегі болып жатыр. Жалпы, қазір жаңа технологиялық әдіс-тәсілдерді меңгеру мұғалімдер үшін қажет дүние деп есептеймін. Бұл тек оқушылардың сабаққа қызықтыру ғана емес, мұғалімдердің уақытын тиімді пайдалануға да себепші. Ал, қалған бос уақытын өзге де шаруларымен айналыссын. Қосымша жұмыс істеп табысын арттыруына немесе денсаулығына көңіл бөлуіне әбден болады,- дейді Диас Түймехан.
Иә, бұдан біз қазақша курстардың салалық дамуын, мезетіндегі қажеттіліктің тікелей ықпалды болатындығын айқын аңғарамыз. Сан айтылған жерде сапада сөз болу керек-ті. Ел ішінде кең таралған «ауадан ақша жасау», «инфоцыгандық» тіркестерінің пайда болуы осы сапаға көңіл толмаудан хабар беретіндей.
Еске салсақ, елімізде онлайн курсты алғаш жасағандардың бірі маркетолог Қуаныш Шоңбайдың онлайн курстары 2018 жылдары пайда болған-ды. Бұл күндегі талайғы жұлдыз блогер, әр түрлі саладағы эксперттер онлайн курс сатудың әліппесін осы жерден бастаған еді. Әлгі піспеген курстар шала күйінде тұтынушыға жол тартқандықтан, сапасыз курстар да бой көрсетті.
Еліміздегі ақпарат сату нарығында курс жасаушы жетекші методолог мамандардың бірі Назерке Құлжабай мұны болуы тиіс қалыпты жағдай деп баға берді. Барлық жаңа дүние арнайы кезеңдерден өтетін болғандықтан, бұл заңдылық дейді.
— Сала нарықта жаңа болғаннан кейін, 2018 жылдары бастапқыда тәжірибенің жоқтығынан олар білімін қосымша толықтырмастан өздерінің курстарын сатты. Нақты білімі болмағаннан кейін осылай арасында сапасыз курстардың саны артып кеткен болатын. Дей тұрғанмен, эволюциялық тұрғыдан дамудың бір элементі деп білу керек. Бұл этаптан қазақша курстар өту керек болды. Сапасыз курс алса да бұл да талғам қалыптасуына ықпал етті. Нарықтың талабы жоғарылай бастаған сайын, сапалы онлайн қазақ тіліндегі курстардың деңгейі өсе бастады. Қазір бұрынғыдай курстың тақырыбын көріп ала салу деген жоқ. Технологиялар тез өзгеріп жатыр. 4 жыл бойы бір мамандықты бітіремін дегенше ол тез ескіріп жатыр. Сондықтан онлайн курстар, инфобизнес саласы өте жақсы альтернатива деп есептеледі. Инфобизнестің пайда болуының өзі ақпаратқа аш екенімізді білдіреді. Ескі көнерген тақырыптардан, актуалді емес дүниелерден шаршағанбыз. Сондықтан да ана тіліміздегі курстардың болуы өте жақсы мүмкіндіктерді сыйлайды, — деп түсіндірді методолог Назерке Құлжабай.
Ал, бізде қандай тақырыптағы қазақша курстар жоқ дегенге сарапшы былай жауап берді:
«Бізде курс көп секілді көрінгенімен, салалық бағыттар дамымай жатыр. Қазір қазақша фильмдерге барушылар көп, бірақ сценарий жазуды немесе режиссер, бейнебаян түсіруді жеке дара үйретіп жатқан курстар жоқ. Тапшы. Қазір аттап бассақ, құрылыс жүріп жатыр. Жөндеу жұмыстарын үйрететін қазақша курстар жоқ. Сапалы курстар көбеюі үшін, жалпылама оқыған емес, жеке дара саланы меңгерген көбею керек. Айта берсек бос нишалар толып тұр. Ал, орыс тілінде өнім көп. Дегенмен, көрсеткіш жаман емес. Әлемдік үздік кітаптарды қазақшаға аударып жатқан үрдісті байқап жатырмыз. Мәселен, мен жасанды интеллект туралы курсым бар. 2023 жылдың ақпан айынан бастап, GPT секілді жүйелерге тіркеліп, солай таныла бастады. Шетелде мұны үйрететін курстар көбейді. Барлығы оны қолданып біткеннен кейін неге қазақтар білуі керек деп мен қазақ тілінде онлайн курс жасаған едім. Жасанды интеллект арықарай өмірімізді жеңілдететін құрал. Біз оны қазір игеріп алмасақ, көштің артында қалып қаламыз. Жаңа өзгерістерден біз дер кезінде игергеніміз дұрыс»
Енді қазақша курстардың тіл тазалығына келер болсақ, құлаққа таныс сөздермен ұсынуға мәжбүр дейді Назерке Құлжабай. Маманның айтуынша, ИП десек қолданысқа ие да, ЖК десек ешкім түсінбейді. Сонымен, тақырыптар «ИП ашуды үйретемін» боп кетіп жатыр. Тіл тазалығына қатысты, маркетолог мұны тек аудиторияға жаппай, өнім сатушы өзі бастап әрекет жасау керек деп отыр.
— Маркетинг саласындағы терминдердің басым бөлігі орыс тілінде болғандықтан, тіл тазалығы тұрғысынан қазақ тілді курстар әлі де ақсап тұр. Бұған қоса, орысша аралас ақпарат желіде көбірек қаралым жинайды. Оқырмандарға түсінікті болса болды деп, олай әдепсіздік жасамаған дұрыс деп ойлаймын. Бұл бір жағы мақсат тек қаражат табу үшін болғандықтан, осындай күйде болып тұр. Әрине ана тілімізге деген құрмет болу керек. Соңғы уақыттары байқағанымыздай тик-ток желісінде таза қазақша контент өтімді. Себебі, аудитория солай. Ал, инстаграмда сапалы контент, алайда орыстанған. Сондықтан, бүгінде тик-ток арқылы қазақша курстарды сату салыстырмалы түрде оңай болып тұр, — дейді маркетолог Дарын Жанатұлы.
Маркетологтың қызметін тұтыну арқылы кез-келген сала мамандары желі арқылы курсын көбірек сата алады. Әрі танымалдылыққа ие бола алады. Бұл дәлелденген дүние. Өз бетімен жұмыс істеген адам болса, тек өзінің шағын аудиториясымен шектелуі мүмкін. Мұның барлығы контентінен көрініп тұрады. Тіл тазалығы тұрғысынан пандемия кезінен бергі 4 жылда алуан тақырыптағы қазақша курстар көбейді. Өзгеріс көп. Ендігі тіл тазалығы тұрғысынан оң өзгерістер болуы үшін осылай уақыт керек дейді маркетолог.
Әлеуметтік желі арқылы курс алып, оны кәдесіне жарата білген тұтынушылар жетерлік. Қазақша курстардың көбеюі тұрғындардың барлық бөлігін қамтуымен ерекшеленеді.
— Маған бір тақырыпты меңгеру үшін өз ана тілімде ақпарат алған өте қолайлы. Сондықтан, қазақ тілді онлайн курстардың дамып түрленіп жатқанына әрине қатты қуанамын. Ал, енді ақпараттанамын деген адам үшін, орыс жән ағылшын тілінде интернетте кез-келген тақырыпта мәлімет жеткілікті ғой. Қазақша ұғынықты тілмен түсіндірген курстың арқасында мен smm мамандығын оқып, декретте үйде отырып табыс таптым. Егер қазақ тілінде курс болмаса, мен өзім үшін жаңа саланы үйренуге тіптен ықыласым болмас еді. Әлеуметтік желіде біздің отандық эксперттердің жазбаларына көрші елдерден де оқырмандардардың пікір жазып жатқанына қарап, еліміз бұл бойынша ілгеріде екенін аңғаруға болады. Демек, көрсеткіш жаман емес, — дейді онлайн курс арқылы білім алған көпбалалы ана.
Әлеуметтік желі бизнес құралына айналған сайын сәйкесінше, ақпараттың беру сапасы да өзгере бастады. Қазір желі тек ойын сауық арнасынан бөлек, қаншама эксперттер өздерінің біліктілігімен бөлісіп жатыр. Инстаграм, тик-ток, ютуб қарау адамдарды экранмен жақындастырды.
Ал, экранмен дос болған жұрт, онлайн курстарды қалай сатып алып кеткенін байқамайда қалды. Жоғарыдағы мамандардың пікірінен отандық онлайн курс нарығы туралы аз-кем білдіңіз деп ойлаймын.
Мөлдір Бегімбет