От, өрт пен қоқыс. Алматыдағы «Алма-Арасан» шатқалы күнде өртенетін қоқыс полигонына айналды

Автор: Редактор 27 Сәуір, 2023


Туризмді дамыту, экология мәселесі, инфрақұрылым. Әбден жауыр болған сөздерден ел азаматтары жыл сайын шаршай бастады. Қадағалаушы органдар көп болса да «Алма-Арасан» шатқалындағы өрт қауіпсіздігі, тазалық, экология, жол мәселесін әлі күнге шеше алмай келеді. Бір сөзбен айтқанда, масқара жағдай.

Оған әр жерге отыра қалып от жағатын, әр учаскеде тазалаушы дворник жүргендей қоқыс тастап кететін демалушылар да қосылды. Өрттің экологияның басты жауы екенін, әдемі табиғатымыздан айрылып қалу қаупі бар екенін өкінішке орай көп адамдар түсінбеуде.

Өткен жексенбіде, 23 сәуірде сағат 16:30 шамасында, қар көшкіні қаупіне байланысты Үлкен Алматы көліне баратын жол жабылғанына қарамастан, сол жабық учаскеде өрт шықты. 500 шаршы метр аумақта ағаштардың өртену себебі әлі аталмады. Өртпен күресуге 75 адам мен 18 техника тартылды. Оның ішінде Алматы облысы Төтенше жағдайлар департаментінің 31 қызметкері, 7 техникасы және 1 ұшқышсыз ұшу аппараты, Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің 25 қызметкері мен 6 техникасы, «Іле Алатауы» ұлттық паркінің 19 қызметкері мен 5 техникасы болды.

Келесі күні өрттің салдарын көргіміз келді, бірақ қар көшкінінің жағдайына байланысты бізді посттан өткізбей қойды. Қайта оралсақ, дүйсенбіге қарамастан, табиғатта демалушылардың өте көп екенін байқадық. Олардың барлығы барбекю немесе кәуап жасау үшін от жағып жатты. Дүйсенбіде бұлай болса, демалыс күндері не болатынын көзге елестету қиын. Шатқалда бұған көзіміз жетті. Ет қуыруға арналған арнайы құрылғылар жоқ. Көпшілігі тастардың арасында от жағады. Бұл өте қауіпті.

Алма-арасанда осыдан үш жыл бұрын да үлкен өрт болған. Жалпы, шатқал кез-келген уақытта тағы да өртенуі мүмкін. Неге? Шатқалға келген кез-келген адам от жағуды әдетке айналдырып алғанын үстінде жазғанбыз. Әр метр жүрген сайын үңірейген ошақтың іздерін көрдік. Әр күйік ошақтың айналасы қоқыс.

Жалпы, қоқыс – «Алма-Арасан» шатқалының жылдар бойы келе жатқан трагедиясы. Проблема – сол қоқыс тастайтын келушілер мен оның тым сылбыр жиналуында. Көзге көрініп тұрған жолдың бойы таза болса да, кез-келген ағаштың түбіне кіре қалсаңыз, жылдар бойы жиналмай жатқан қоқысты көрер едіңіз. Мұндайды, көзбайлаушылық дейді.

Жалпы, Алма-Арасанда жұмысты бір-біріне итеру, сен істе, ол істесін деген принцип бар сияқты. Мысалы, кафе-дүкеннің айналасындағы жолды кім реттеу керек, қоқысты кім жинауы керек? Кәсіпкерлер әкімдік пен ұлттық паркке сілтейді. Ал құзырлы мекемелер өз кезегінде пайда тауып отырған кәсіпкерлер жолді жөндеп, қоқыс жинасын дейді. Осылай «футбол» ойнап жүргенде, бүкіл инфрақұрылым жойылып, тау шатқалы қоқыс полигонына айналып барады.

Жол бойындағы дүкенге кіріп мұндағы жатқан қоқыстардың кім тастайды, кім  жинайды дегенді сұрадық. Сөйлескен 20 минуттың ішінде бірнеше адам сауда жасап үлгерді. Демек қазір осы адамдардың барлығы тұтынып болған соң,  жинамай далаға тастап кететін болса, шындап шошитын жағдай дегенді ойлап үлгердік.  Адамдардың жеке бас мәдениетінің төмендігінен әсем табиғат қоқысқа көміліп жатыр дейді.

– Мен өзім күніне бір мезгіл дүкен айналасын тазалап шығамын.   Демалушылардың ісіне қарның ашады. Дүкеннің артына бөтелкелерді тастамауын ескертіп айтсам да, көз көрмейтін жерге лақтырып кете салады. Егер әр адам қоқыс тастамауды білсе, мұндай жерлер ластанбас еді ғой. Неге бизнес иелері  біреудің артын жинап жүру керек. Балабақша емес қой бұл жер. Ересек бол тұра, мәдениеті төмен адамдар көп. Осыған әбден көзім жетті, – дейді дүкенші.

Есімін атамауды өтінген азамат осы дүкенде 10 жылдан бері сатушы болып істейді екен. Қоқыс тастайтын контейнерлерді де көбейтіп, сондай-ақ кірер сәтте әр демалушыға түсіндіру жұмыстарын жасау керек дегенді айтты. Айтуынша, құзырлы органдар айына бір рет осы жердің  тазалығын тексеріп кететін көрінеді. Сонымен қатар, меншік иелерінен бөлек, орманшылар да жинау жұмыстарына қатысады екен. Оның өзінде олардың басқа да жауапты жұмыстары көп.

«Алма-Арасандағы» жол мәселесі ушығып тұр. Жолдың шұрқ тесіктігі таң қалдырды.

Алма-Арасан – жылдың кез келген уақытында қала тұрғындары үшін ең танымал демалыс орындарының бірі. Табиғатымызды көрсету үшін қонақтарын әкеліп, Қазақстанның көрнекті белгісіне айналған жер. Бірақ, өрт, қоқыс, жол мәселесі шешілмегендіктен, ол осы статусынан айрылып қалуы мүмкін.

Алма-Арасанды неге осындай аянышты күйге түсірдік? Табан астындағы табиғат тамашасын сақтай алмасақ, елдігіміз қайсы?

Мөлдір Бегімбет