Featured Video Play Icon

Продюсер мен режиссердің қандай айырмашылығы бар? Фильм түсіру үшін қаржыны қайдан алуға болады?

Автор: редактор 31 Мамыр, 2022


Сәлеметсіз бе! Аты-жөнім – Бекбаев Эдуард. NARXOZ университетінде “Медиа” бөлімінің басшысымын. Осыған дейін 10 жыл фотосурет, продюсерлік, режиссура және тағы басқа салаларда қызмет атқардым. Барлығы медиа-сферамен байлынысты.

1. Продюсер мен режиссердің қандай айырмашылығы бар?

Продюсер – produce сөзінен шыққан. Нақтырақ айтсам, бұл сөз “өндіру” деген мағынаны білдіреді. Продюсер – фильм мен музыкалық контенттің бүкіл процесіне тікелей жауап беретін адам. Ал режиссер түсірілім алаңында командамен жұмыс істейді. Міне, екеуінің айырмашылығы – осы.

2. Фотограф болу үшін не істеу керек?

Менің ойымша, кез келген адам түрлі мамандықты игеріп, кәсіби маман бола алады. Ең бастысы – қызығушылық болсын. Сонымен бірге өз ісінді жақсы көруің керек. Осы сәтте барлығы жүзеге асады.

3. Кім көп қаражат табады? Продюсер әлде режиссер?

Негізі қаражат – режиссер немесе продюсердің статусына байланысты төленеді. Мәселен, атақты режиссерлер мен продюсерлерге арнайы еңбекақы ұсынылады. Содан соң келісімшартқа отырады. Айтып өткенімдей, продюсер бүкіл процеске жауапты болғандықтан, олардың табысы жоғары болады.

Сондай-ақ продюсер мен режиссер қызметтерін біріктіруіне болады. Қаржыға байланысты схема осы нұсқалар бойынша құрылады.

4. Фильм түсіру үшін қаражатты қайдан алуға болады?

Гранттарды жариялап отыратын компаниялар бар. Мысалы, Қазақстанда Salem Social Media компаниясын атап өтуге болады. Олар қысқа метражды фильмдерге, телехикаяларға түрлі грант ойнатады. Сонымен қатар жеке инвесторларды тартуға болады. Егер олар
идеяңызды ұнатса, сізге қаржат бере алады.

5. Менің идеям бар, бірақ сценарий жаза алмаймын. Не істеуге болады?

Біріншіден, бұл жерде сұрақ бір мағыналы емес. Идеяны қалай дамытамын десеңіз, үнемі шабыт беретін әдеби кітаптарды оқып, телешоулар мен фильмдерді көруге кеңес беремін. Егер өзіңіз мүлдем жаза алмасаңыз, мамандардың көмегіне жүгінуіңіз керек. Мен бастаушы режиссердің немесе оператордың орнына Жүргенов академиясына барып, жас түлектермен танысып, қандай да бір коллаборация жасайтын едім. Осылайша, сценарий жазамын.

6. Медиа саласында өз жолыңызды қалай бастадыңыз?

Еңбек жолымды фотосурет түсіруден бастадым. Осы уақытта мініп жүрген көлігімді сатып, студия аштым. Әрине, нәтижесі ойдағыдай болмады. Себебі бұл кезде клиенттерім де, тәжірибем де жоқ еді. Біраз уақыттан кейін ісім күйреді. Осылайша түнгі порталда жұмыс істей бастадым. Karloff-media (қазір Кipyatcom) порталында қызмет атқардым. Аталмыш порталдарда ақырындап дағдыларымды дамыттым. Қызықты адамдармен таныстым. Қанат Бейсекеев екеуміз порталға бір уақытта келдік. Содан соң ол деректі фильмдерді түсіруге көшті. Ал мен фотосурет және продюсерлікпен айналысып жүрдім.
Бірде техниканы тез сатып алуға қатысты қызықты оқиға болды. Тәжірибе жинақтаған кезім еді. Мені бір ірі компания фотосурет түсіруге шақырды. Бұл тапсырыс тендер бойынша болды. Мен оны ұтып алып, бірден камераның бағасын растап алдым. Осы кезде шамамен екі есе көп табыс таптым.

7. Камераны қалай таңдау керек?

Камераларды таңдауға байланысты көптеген пікір бар. Менің ойымша, бастапқыда өзіңе ұнайтын әрі қалтаң көтеретін камераны таңдауың керек. Табыс тапқаннан кейін ақырындап сипаттамасына, түріне, түсіне қарап алуыңа болады. Ал өзім үнемі Canon компаниясын қолдандым. Кейбір адамдар Nikon-ды пайдаланады. Алайда екеуінің арасында үлкен айырмашылық жоқ. Егер сізде талант болса, кез келген камераға түсіріп, өте керемет фотосуреттер жасай аласыз. Қазіргі уақытта ең жақсы камера – Sony деп ойлаймын. Мықты деген операторлардың өзі осы камераға түсіріп жатыр.

8. Медиа саласында дамығысы келетін жастарға тілек.

Ең алдымен қызықты жанр, идея ойлап табуыңыз керек. Еш нәрсеге қарамастан мақсатыңызға қарай қадам басуды тоқтатраңыз. Осы сәтте қалаған нәтижеге қол жеткізе аласыз. Басты нәрсе – қойған мақсатыңыздан бас тартпаңыз.