Сәлеметсіз бе! Менің есімім Леонид. Мен зоология институтының арахнология және басқа омыртқасыздар зертханасында лаборантпын.
1. Өз қызметіңіз туралы айтып бересіз бе?
— Мен өрмекшітәрізділерді зерттеумен айналысамын. Оларға өрмекшілер, сальпугалар, сарышаяндар, кенелер, пішеншілер және басқа да аса танымал емес таксондар жатады. Біз осы омыртқасыздардың есебін жүргіземіз және электронды мәліметтер базасын толтырамыз. Коллекция жасаймыз.
2. Неліктен бұл мамандықты таңдадыңыз?
— Маған барлық тіршілік иелерінің ішінен өрмекшілер мен омыртқасыздар ұнайды. Тірі табиғат қызықтырды. Сондықтан мектептен кейін мен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға биология факультетіне түсіп, осы жерде арахнолог болуға шешім қабылдадым. Неліктен аранология десеңіз – ол маған ұнағаннан басқа, бұл сала аз зерттелген және де осы аз зерттелген топтарды зерттеуде қазіргі әлемде кездесетін, кейбір маңызды мәселелерді шешудің кілттері бар. Биология мәселелері, медицина мәселелері делік. Мүмкін арахнология саласы мен фундаменталды ғылымның басқа да аса танымал емес салаларында осы мәселелерді шешудің стандартты емес, тиімді жолдарын табуға болатын шығар. Қандай да бір дәріні, шартты түрде қатерлі ісікке қарсы дәрі десек. Мүмкін оның кілті өрмекшілерде шығар?
3. Қазақстанда қандай өрмекшілерден сақтану қажет?
— Қазіргі уақытта Қазақстанда 1000-ға жуық өрмекші түрі белгілі. Олардың ішінен тек қарақұрттан сақтану керек. Қарақұрт — қара жесірлер тұқымдасына жатады. Бойында ақуызды нейропаралитикалық у бар. Жалпы, барлық өрмекшілердің уы ақуыздық сипатқа ие, бірақ әсер етулері әртүрлі. Қарақұртта бұл әсер нейропаралитикалық болып келеді. Шаққан жағдайда, шағылған жерді екі сіріңкемен қүйдіру керек, яғни бұл жерде жоғары температураның әсерінен у денатурацияға ұшырайды да, оның басым бөлігі адам ағзасына зиянсыз затқа айналады. Бірақ, қалай болса да, дәрігер көмегіне жүгіну қажет. Қазақстанда өрмекшілердің көбінде у бар, бірақ көп жағдайда олар адамдар үшін улы емес. Удың уыттылығы өрмекшінің жасына, жынысына, тамақтануына байланысты болуы мүмкін. Яғни, уыттылықтың факторлары көп болғандықтан, бұл өте күрделі мәселе. Бірақ соған қарамастан, өрмекшілердің көпшілігі адамдар үшін зиянсыз. Өрмекші ешқашан бірінші болып шабуыл жасамайтынын әрдайым есте сақтаған жөн, яғни ол тек өзін-өзі қорғау үшін ғана шағады. Өрмекшінің өзі үшін уды жайдан-жай жұмсаудың пайдасы жоқ, себебі у олар үшін құнды ресурс болып табылады. У олаға қорегін аулау үшін қажет. Сондықтан өрмекшілер ешқашан адамға бірінші болып шабуыл жасамайды.
4. Өрмекшітәрізділер қандай маңызды функция атқарады?
— Өрмекшісіз әлем өте қауіпті болар еді. Біріншіден, олар жәндіктер санын реттеп отырады. Егер барлық өрмекшітәрізділер кенеттен жоғалып кетсе, онда біз біраз уақыттан кейін жәндіктер санының күрт өсуін байқаймыз. Жалпы өрмекшілер аулайтын организмдердің саны өседі. Жыртқыштардан басқа, өрмекшітәрізділер класында басқа да тіршілік иелері бар – бұлардың бірі кенелер. Кенелер көбіне паразиттер болғанымен, олардың арасында паразиттік емес, еркін тіршілік ететін түрлері де бар. Мысалы, топырақ кенелері – орибатидтер. Егер олар болмаса, былай айтқанда топырақ зардап шегеді. Себебі осы кенелер топырақ түзілу процестерінің пионерлері болып табылады. Оларсыз әлем ұзаққа шыдамайды. Тепе-теңдік бұзылады. Жануарлардың басқа түрлері осыған байланысты жойылып кетуі мүмкін. Себебі бұл жерде түрлі нәтижелер шығуы мүмкін. Өкінішке орай, біз әлі де бәрін білмейміз, бірақ зерттеуге тырысамыз.
5. Жануарларды зерттеу не үшін керек?
— Жануарлар арқылы біз белгілі бір мәселелердің шешімін табамыз. Біраз уақыт бойы жануарлар біз үшін қорек көзі болды. Уақыт өте келе біз оларды зерттеп, өте пайдалы факторларды анықтай бастадық. Мысалы, вакциналар жануарларға сыналып ойлап табылды. Шешек ауруына қарсы жылқы антиденелері бөлініп шығарылды да, адамдар шешек ауруын жеңді деп айтуға болады. Былай айтқанда, жануарларды өмірімізді жеңілдету үшін зерттейді.
6. Сіз қандай зерттеу жүргіздіңіз?
— Биофакта оқыған кезде, дипломдық жұмыс аясында әдебиеттерді оқып жүріп зерттеулердің негізгі үлесі алқаптар туралы екенін байқадым. Ал қалалар мен адамдар мекендейтін аумақтар туралы деректер болған жоқ. Дегенмен өрмекшілер мен жалпы өрмекшітәрізділер барлық жерді, бүкіл құрлықты мекендейді. Оларды тек Антарктидада ғана кездестіре алмайсың. Міне, осыған байланысты қалалардың фаунасын зерттеуге бел байладым. Алысқа бармай, Алматы қаласынан бастадым. Арахнофаунасын зерттей бастадым. Қала бойымен жағдайлары біршама ұқсас бірнеше аймақтарды нүктелеп алдым, яғни бұл аймақтардың өсімдік жамылғысы мен температурасы шамамен бірдей, айырмашылығы тек биіктігінде болуы мүмкін. Алынған нәтижелер әзірге алдын-ала деректер болып табылады, әлі де қосымша зерттеулер жүргізу қажет. Егер біз осы аумақтарды құрамы мен басқа түрлердің саны бойынша салыстыратын болсақ, онда бұл территориялар аралдарға ұқсайтыны белгілі болды. Яғни, аймақтардың бір-бірінен оқшауланғаны өте үлкен рөл атқарады, барлық аймақтардың биотоптары, жағдайлары бірдей болғанымен, құрамы бойынша оларда үлкен өзгешеліктер болуы мүмкін. Сәйкестігі 50%-дан аз. Бұл архипелагтардағы түрлер популяциясына ұқсас. Жалпы дипломдық жұмысым осы туралы болды.