Сәлем! Менің есімім — Эльдар. Мен туризм және саяхат саласында жұмыс істеймін!
1. Жұмысыңыздың тетігі неде?
— Біздің жұмысымыз — қонақтарды қарсы алу, сүйемелдеу. Оларға ең жақсы әрі жағымды эмоциялар сыйлау. Жергілікті аймақ туралы айтып беру.
2. Сіз неше елде болдыңыз?
— Бұл өте қызықты сұрақ, тез санауға да қиын. Соңғы жылдары шамамен 15-16 елге барып шықтым. Тайланд, Малайзия, Түркия, Доминикан Республикасы, Греция, Италия, Франция, Вьетнам, Камбоджа және басқа да елдер.
3. Сапар үшін кім төлейді?
— Егер де сіз белгілі бір бағдарламалармен барсаңыз, онда әдетте сапарларды туроператорлардың өздері төлейді. Ал егер фрилансер болып барсаңыз, онда сапар үшін өзіңіз төлейсіз, өзіңіз жаңа аймақта тұрақтанасыз.
4. Тұру үшін ең жақсы ел, ойын-сауық үшін ең жақсы ел және табыс үшін ең жақсы елді атап бересіз бе?
— Бұл өте күрделі мәселе. Себебі көптеген қызықты елдерді ренжітіп алуға болады.
Мен үнемі ең алдымен өз елінен бастау керек деп айтамын. Біздің елімізден, жерлерімізден бастау керек. Қазақстанда, міндетті түрде көріп шығуға қажет, әдемі жерлер өте көп. Алматыдан, Медеуден, Шымбұлақтан, Көлсайдан бастауға болады.
Бағыттар өте көп. Әлемде Оңтүстік-Шығыс Азиядан да, Орталық Америкадан да бастап көруге болады. Бұл енді, әр адамның талғамы мен таңдауына байланысты нәрсе.
Қонақта болу жақсы, бірақ өз үйіңде болған жақсырақ дегендей, ең қолайлы ел ретінде отаным — Қазақстанды таңдаймын.
Табыс үшін бұл жұмыстың өзіндік артықшылықтары да, кемшіліктері де бар. Шетелде туризм саласында сіз фрилансер болып саналасыз, бұл жерде жұмыс көбіне хобби ретінде болады. Былай айтқанда кереметтей көп ақша таппайсыз. Өз еліңде бір жұмыста тұрақты қызмет етіп, тұра сол ақшаны табуға болады.
5. Жақсы гид қандай қасиеттерге ие болуы керек?
— Жақсы гид қандай да бір елде болған кезде, жергілікті мекенді жақсы білу керек. Мүмкіндігінше түрлі тілдерді, халықаралық тілдерді білуі тиіс. Егер гид сол жердің тілін білсе құба-құп. Міндетті түрде география мен тарихты өте жақсы білуі қажет.
6. Жазда туризм үшін қандай елдерге баруға кеңес бересіз?
— Әрине, егер халықаралық туризмді алсақ, біздің азаматтарымыз көптеген елдерге саяхаттауын қалар едім. Сіз Оңтүстік-Шығыс Азиядан бастай аласыз. Таиландқа, Малайзияға, Түркияға барып, белгілі бір сервисті, адамдардың қалай жұмыс істейтінін, туристерді қалай қарсы алатынын көріңіз.
Бұл өте қызықты, менің ойымша, осыдан бастау керек!