Шетелде тегін оқу: қазақ жастары үшін қандай мүмкіндіктер бар

Автор: Редактор 18 ноября, 2024


Бәз біреулер елімізде ақысыз білім алғанды місе тұтса, біразы ел асып өзге мемлекетте грантқа оқуға түсуге талпынады. Шетел университеттеріне қалай тегін оқуға түсуге болады? Қазір қандай жаңа мүмкіндіктер пайда болды? Оқу орталықтарының көмегі қаншалықты маңызды? Тек ауқатты отбасыдан шыққандар ғана оқып жүр ме?  Осы сұрақтарға жауап іздеп көрдік.

Қазақстан шетелде оқитын студенттерінің саны бойынша әлемде алдыңғы ондыққа еніп үлгерді. Бүгінде 100 мыңға жуық қазақстандық студент шетелде білім алып жатыр. Демек, бұл тақырып көпшілік үшін қызықты. Бұрын «Болашақ» бағдарламасы мен шетелге түсу егіз ұғым еді. Қазір үкіметаралық гранттар сондай университеттердің ішкі гранттары бар т,б мүмкіндіктер көбейді. Сонымен қатар дарынды балаларды ғана дайындайтын танымал мектептің түлектері ғана ел аса алады деген ой да келмеске кетті. Талпынған адамға алынбайтын қамал жоқ. Қарапайым мектептен шығуың саған кедергі бола алмайды. Мұны шетелге оқуға  түсуге дайындайтын оқу орталықтарының жұмысынан да байқауға болады. Себебі, қызметін тұтынушылар уақытты үнемдеп, жүйкеге артық салмақ салмайсың дейді.

— Біздің орталық үш түрлі бағытта жұмыс істейді. Біріншісі,  «қайда, қалай, қандай университетке түсуге болады?» деген секілді бастапқы мәселелерді қамтимыз. Содан кейін толыққанды қамтамасыз ету бағдарламасы бар. Яғни студенттің таңдаған  мемлекетінен бастап, сол елден оқу орнын таңдауға,  тиісті құжаттарды жинауға, мотивациялық хатын жазғаннан кейін оны бес рет тексеріп, тіпті шақырту қағазын сосын  гранты мен  визасын қолына алып, арысы ұшу билетін алғанға дейін біз оның қасында боламыз. Шетелге кеткеннен  кейінде егерде қандай да бір сұрақтар болса, біз әрқашан студентпен байланыстамыз. Бұдан бөлек орташа деңгейдегі бағдарлама бар. Біз ол жерде стандарттық көмек көрсетеміз. Яғни оған қамтамасыз етудің жарты жұмысы кіреді. Мұны қалауы мен қалтасына қарап адам таңдай алады,- дейді «Smart Qadam Academy» оқу орталығының негізін қалаушы Назерке Сыбанбаева.

Әлем бойынша студенттер оқуды қалайтын елдердің рейтингі мынандай:

  • АҚШ (833 мың);
  • Ұлыбритания (601 мыңға жуық);
  • Австралия (378 мыңға жуық);
  • Германия (376 мыңнан астам);
  • Канада (318 мыңға жуық).

Құрлық асып, сонау Америкада білім алушылардың көбеюі ондағы университтердің көптігіне байланысты болып отыр.  Шетелде оқып жатқан отандастарымыздың басым бөлігі де осында.  АҚШ өте үлкен және экономикасы жағынан бай мемлекет. Сәйкесінше қала саны да, штат саны да өте көп. Соған байланысты сырттағы халықаралық азаматтарға берілетін мүмкіндіктер де көп.

Жоғарыда айтқанымыздай оқу орталықтары арқылы шетелге оңай түсіп жатқандар болса, қазір ақпараттың жан-жақты қолжетімдігін аңғаруға болады. Әсіресе әлеуметтік желі арқылы жеке брендін дамытып, осы салада танымал болған эксперттер артқан. Айталық, желіге кіріп, «профориентация», «шетелде білім алу» деп  тергенімізде алғашқылардың бірі болып шыққан маманның парақшасына кірдік. Өзі шетелде тегін білім алып, елімізде қызмет етіп, қазір сонда тұрып жатқан жанның жеткен жетістігі де көп екен. Шетелде оқып, тәжірибе жинақтаған азаматтардың басын қосып, өзінің жеке компаниясы арқылы бүгінгі күнге дейін көптеген азаматтардың басқа мемлекетте білім  алуына септігін тигізіп жүр. Қазір өзіңді мойындатсаң, өзгелер сенен үйренуге сағаттап кезекке тұруға әзір. Оқырман саны көп, желіде танымалдыққа ие болып үлгергендердің тіпті бәсі биік. Сонымен, көптеген студенттердің АҚШ пен Еуропа елдерінде тегін оқуға түсуіне көмегі тиген маман қазір ақпараттың қолжетімдігімен қоса бәсекелестік те артқан деп отыр.

— Шетелде оқу мүмкіндігі әрдайым болады және бола береді. Бір есік жабылса, екіншісі ашылады. Өйткені бағдарламалар ауысады, кейбір емтихандардың тапсыру тәртібі өзгеріп жатады.  Қазір коронавирус пандемиясының алдындағы талаптар қандай болса,  сол талаптар қайта келіп жатыр. Кейбір ұйымдарда ақша пайда болып, қайтадан көбейтіп жатыр. Еліміздегі «Болашақ» бағдарламасы жұмысын жалғастырып келеді. Әрине приоритеттері мен бағдарламалары өзгеріп тұрады. Шетелге түсушілер көбейіп, грантқа талас көбейгенімен, бәсеке тек сапаның өсуіне ғана әсер етіп жатыр.  Тіпті интернет арқылы оқуға құжаттарын тапсырып, нәтижесін біліп, соған қарай оқу мен жұмысты жоспарлап, қоныс аударып жатқан  ересек отбасылы адамдар да артуда. Өйткені олар әлеуметтік желі арқылы олардың шетелдегі өмірін тікелей бақылау арқылы келуге деген ынтасы артып жатыр. Шетелде тұрып жатқан азаматтардың өмірі, балалары қайда барады, қалай оқиды деген мағлұматтармен жан-жақты алдын-ала танысқаннан кейін барып, шешім қабылдай алады. Бұл керемет мүмкіндік,- дейді шетелге оқуға түсірумен айналысатын ментор Сайдибурханиддин Ибрахимұлы.

Мұндай есімі жақсы таныс мамандардың қызметіне жүгінушілердің артқаны адамның сенімін арттырады. Себебі, Рабиға есімді студент алаяқ компанияға жолығып, теккке 2 жылы кеткен көрінеді.

— Шетелде оқуға түсіретін компанияларды таңдағанда абай болу керек. Инстаграмдағы әдемі картиналарға қызығу ақымақтық. Өзімнің басымнан өтті ғой. Бірінші таңдаған компания бүкіл құжаттарымды алып, бәрін жасағандай кейіп танытқанымен, нәтиже көрсетпеді. Шетелде оқуға түсу үшін ең бастысы дайындық мықты болу керек. Құжаттарды пысықтамай әсіресе мотивациялық хатсыз ешбір жер қабылдамайды. Бір айда дайындап береміз немесе ешқандай артық құжаттарсыз оқу түсіреміз деген жалған жарнамаларға сенбеу керек. Себебі ондай дүние жоқ. Сенімді мамандардың қызметі арқылы ғана мақсатқа қол жеткізуге болады. Ал,  Қытай  мен Қазақстанның оқу бағдарламасында айырмашылыққа келсем, мұнда жүктеме көбірек секілді. Таңнан кешке сабақ болады,-дейді Қытайда білім алып жатқан студент.

Қазір Ресейде 60 мыңға жуық, Кореяда 1 мыңға, Қытайда 12 мыңға жуық отандастарымыз білім алып жатыр. Яғни, Орта Азия елдеріне де оқуға түсіп жатқан қазақстандық студенттер жылдан жылға ақырындап артуда. Мұның себебін мамандар былай түсіндірді.

— Тек Еуропа мен АҚШ ғана емес, Азия елдеріне де гранттар бар екенін енді-енді отандастарымыз біліп жатыр десе болады. Жаһанданудың ықпалы да бар. Мәселен,  Корея мәдениеті Қазақстанға үлкен әсерін тигізіп жатыр. Дүкендері бар , брендтік киімдері мен  сериалдарына қызығып, сол елге оқуға бет бұрып жатқандар бар. Бірақ бұл грант санының өскеніне немесе кемігеніне байланысты емес. Олардың саны сол бұрынғыдай. Ал Қытайға келсек олар оқу гранттарын көбейтіп жатыр. Қытай үкіметі өздерінің оқу орындарының рейтингтерін көтеру үшін көп қаржы салып жатыр. Сондықтан Қытайға тек қазақстандықтар ғана  емес, бүкіл шетелден келген студенттердің саны  ақырындап ұлғаюда,-дейді «Smart Qadam Academy» оқу орталығының негізін қалаушы Назерке Сыбанбаева.

Тәуелсіздік алған бастапқы жылдары көптеген ақпарат қазақ тілді ортаға жетпей жататын. Өйткені ана тілімізде мағлұмат аз еді. Ал, қазір шетелге түсушілердің артқанын бәлкім осы жайтпен байланыстырса да болатындай. Өйткені әлеуметтік желі арқылы қазақша контенттің көбеюі оң әсерін тигізіп отыр. Назеркенің орталығы тікелей қазақтілді аудиторияға жұмыс істейді. Себебі ағылшын немесе орыс тіліндегі ақпарат онсызда жеткілікті. «Сондықтан қазақ тілді аудиторияға,  тек қалталы адамдар ғана емес, ізденімпаз, өзіне сенетін еңбекқор кез-келген адам грант арқылы  шетелде оқи алатындығын ұқтырғымыз келеді.  Соларға жол көрсету біздің негізгі ісіміз. Мұндай орталықтар көп, біз грантқа оқуға түсу бойынша көмек көрсетеміз» деп шегелеп айтты.

Шетелге түсемін деп бекінген адамға маман мынандай кеңесін ұсынды. Қажетін түртіп алуыңызға әбден болады:

— Мына ел жақсы, ал бұл жаман деген пікір жоқ, тек талапкердің қалауына байланысты. Шетелге түсу тек білім алу ғана емес,  баланың жан-жақты дамуына әсер етеді.  Басқа менталитет, өзге өмір сүру тәртібі, жаңа адамдардан алары көп болады.  Университет таңдаған кезде рейтингі мен  аккредитациясына қарау керек. Себебі, университеттің дипломымен студент ары қарай жұмыс жасайды емес пе?!. Бағдарламаның мазмұны, түлектердің жетістігі, мамандығына байланысты оқытушылардың біліктілігі  деген секілді әрқалай зерттеу жасағаны өзіне пайдалы. Жеке қаржылық мүмкіндігіңізді ескеріп, алғалы отырған грант 100%  қамтамасыз ете ме әлде  жартысы ма соны пысықтау да маңызды пунктерге кіреді.  Ең бастысы студент жүрегінің қалағанын жасау керек. Қай мемлекетте шындап оқығысы келсе, сол елден университет таңдау керек. 4 жыл сол елдің азаматы болатынын ескерсек, айнала қоршаған орта ұнаса міне  сол бақыт деп санаймын. Тек сабақты ғана емес, өзін емін еркін сезіне алуы үшін мемлекеттің ұнауы ең маңызды ереже екенін айтқым келеді,-дейді, «Smart Qadam Academy» оқу орталығының негізін қалаушы Маржан Сапар.

Авторы Мөлдір Бегімбет