Шетелге көшуді әлеуметтік желі насихаттай ма?

Автор: Редактор 29 ноября, 2023


Қазақ жастары неге шетелге кетуге құмар болып кетті?! Автоматты түрде, әлеуметтік-экономикалық жағдайды себеп көретін едік. Бірақ бұған соңғы кездері әлеуметтік желі арқылы жылтыраған өмірді жариялаушылар да ықпал етіп отырған тәрізді.

Ресми статистиканы іздеудің қажеті жоқ. Инстаграм, тик-ток желісінің іздеу жүйесіне елдің атын жазсаңыз болды, сол елде өмір сүріп жатқан отандастарымызды оңай таба аласыз. Бұдан бөлек, көп қаралым жинаған посттар алдыңыздан іздемей-ақ шығатын болды.

«Мен қалай пәлен деген елде өмір сүру арманына қол жеткіздім», — деген тақырыптағы жазбалар талайды арбауда. Әрине, ел көріп, таным көкжиегін арттырған құба-құп. Алайда, білгенін мемлекетімізге кеп бөлісуге асықпайтындар да табылуда. Әрі ебі жоқтар да алысқа жолға шығып, көтере алмас шоқпарды беліне байлап алғандары да табылып жатыр..

Америка деп жазғанымызда оқырман саны көп, Мадина есімді қазақстандық келіншектің парақшасына кез болдық. 36 жастағы Мадина бақандай 18 жылдан бері Америкада тұрады. Бұл күнде өзге құрлықтан елімізге тауар жөнелтумен айналысатын байерлік қызмет арқылы жан бағып жүрген азаматша, тұрақты табысқа жету үшін бастапқыда барлық қиындықтарды бастан кешкенін айтады. Өзге елде еден жуған ол бүгінде тәп-тәуір кәсіпкерге айналған.

— Бірінші жылы «Work and travel» бағдарламасы арқылы бұл елге келдім. Ал, келесі жылы өз күшіммен оқуға түстім. Әр жаз сайын Қазақстанға келіп тұрдым. Магистратураға түскеннен кейін, Америкада жолдасыммен таныстым. Одан кейін, жанұя құру, өмірге балалардың келуі деген секілді жалғаса берді. Студент кезде жұмыстың түрін таңдамай, тіпті еден де жудым. Бүгінге күнге таза еңбектің арқасында жеткеніміз өзімізге де жақындарымызға да аян. Елге жуық арада қайту жоспарымызда жоқ, — дейді Мадина Көшербаева.

Ол, АҚШ-қа оқуға түсу жолдары, жұмыс істеу мен өмір сүру туралы желіде бар білгенімен бөліседі. Бұл өзге елге кетуді жөн көретіндер үшін таптырмас шынайы тірі ақпарат көзі болып отыр.

Айталық ерлі-зайыпты Диас пен Қымбат осы жазда Америкаға көшуге бел буып, алайда виза шықпай қалып қалған. Олар Америкада тұру үшін бар білімді желіден-ақ жетік меңгере алған.

— Отбасын құрғанымызға 2 жыл болған жас жанұямыз. Таным көкжиегімізді кеңейту үшін, Америкада тұрғымыз келді. Бүкіл құжаттарымызды жинап, дайындықтықты бастап кеттік. Жолдасым студент кезінде Америкада мәдениет фестиваліне қатысқан. Яғни, бұрын барып көргені бар болғандықтан, жас баламен баруға жүрексінбедік. Оның үстіне инстаграмнан да біраз мәлімет жинағанымыз бар. Астана қаласына сұхбаттасу кезеңіне барғанда, елшіліктегі атмосфера одан сайын шабыттандырды. Қабырғадағы Американың көрікті жерлерін көрсеткен видеожинақтар, атақты тұлғалардың суреттері, американдықтардың стилінде киінген қызметкерлер.. Құдды бір Американың төрінде жүргендейсің. Әңгімелесудің соңында біздің өтпегенімізді айтты. Көңіл күйіміз түссе де, алдағы уақытта тағы ба бағымызды сынап көреміз деп өзімізді жұбаттық, — дейді Қымбат Мырзабай.

Ағылшын тілін жетік білетін екі жас түбі қоныс аудармай қоймайтыны байқалады. Америка шекарасына өту үшін, онда барудағы мақсат арқылы рұқсат алатын боласыз. Ал, рұқсат түрінің ішіндегі жұмысқа бару бойынша консулдық алым бағасы 190$. Алу уақыты екі аптадан аспайды. Мақұлдану үшін, әңгімелесуден өту қажет болады. Егер, соңғы бес жылда шекарадан шықпаған, тұрақты жұмысы болмаған, соңғы 5 жылда үш рет жұмыс орнын ауыстырған болса, сізге виза берілмейді. Себебі, бұл белгілер сіздің белгілі бір уақытта елге нақты оралатыныңызға күмән келтіретін факторлар саналмақ. АҚШ азаматтығын алған отандастарымыздың саны өткен жылы 945-ті көрсеткен, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 100 адамға көп.

Шетелде ұзақ мерзімде тұруды мүлдем қолдамайтындар да бар. Туған топырақтан алысқа кету мен үшін қиын дейді Жәудір.

— Ауылда өсіп, ауылда тұрып жатырмыз. Біздің қазіргі бар арманымыз балаларымызды өсіріп, жетілдіру. Шетелге тұру деген ой басымызға мүлдем келмепті. Үйреншікті қоңыр тіршілігіміз өзімізге ұнайды. Тек саяхаттап барып қайтқан дұрыс. Болашақта балаларымыз шетелде білім аламын десе, қауіпсіздігіне 100 % көз жеткізгенде ғана жібереміз деп ойлаймын. Бастысы, өз еліміздің дамуына қызмет еткені маңызды, — дейді Жәудір есімді ел тұрғыны.

Шетелге кеткісі келетін жандардан себебін сұрап сауалнама жүргізген едік. Бірінші орында білім алу үшін барғысы келетіндер болса, екінші сатыда жұмыс істеп мол қаражат жинап қайтуды көздейтіндер бар. Бұдан бөлек, ажырасқан жандар өткенді ұмытып, жаңа өмір бастаудың құралы ретінде кетуді жөн көреді. Сондай-ақ, «қашан үйленесің, қашан тұрмысқа шығасың», — деген сұрақтардан мезі болған сүр бойдақтар да бой көрсетті.

Тәуелсіздік алғалы бері, әуелі шетелге кету бақытына «Болашақ» бағдарламасы арқылы Еуропа асып, оқуға түскендер болды. 1994 жылы бір топ қазақстандық студенттер тұңғыш рет шетелдік жоғары оқу орындарына жіберілгені көптің есінде. Одан бері де, шекарадан шығудың түрлі мүмкіндіктері ашылған-ды. Ал қазір шетелде оқимын дегендер үшін, интернеттен өз бетімен іздеп түрлі бағдарламалар арқылы оқуға түсудің жолы көбейді.

Айталық, Turkiye Burslari атты бағдарламамен Түркияның үздік университеттерінің бірі Hacettepe University –де халықаралық қатынастар бөлімінің студенті атанған жерлесіміз 5 жылдан бері біздің елдің тұрғыны емес. Өзінің үлгерімінен бөлек, жан-жақты ізденісінің арқасында бауырлас елде тұрып жатыр.

— Мектепті алтын белгіге бітіріп, оған қоса қоғамдық істерде белсенді болғандықтан, Түркияның мемлекеттік грантын жеңіп алу бақытына қол жеткіздім. Қазір енді магистратураға түсуге дайындалып жүрмін. Осы алған барлық білімім арқылы мемлекетімізге кеп, еңбек етемін деген ниетім бар. Елімді жақсы көремін. Отанға деген махаббат, патриотизм шетелде жүргенде артатын секілді. Менің мамандығым үшін, шетелді білім алу тәжірибе жинақтау өте маңызды. Сондықтан, дұрыс шешім болды деп ойлаймын. Қазақстанды өзге елде тәжірибе жинақтаған жастар көтеру керек. Ал, бастапқыда қыз балаға қиын деген секілді жақындарымның маған алаңдағандықтан қарсылығы болғанын жасыра алмаймын, — дейді Айдана Әби.

9-сыныптан бастап, тіл білуді жетілдіріп, әуелден дайындалған Айдана еліміздің білікті кадрының біріне айналсын деп тілейміз. Орта Азиядан жұмыс үшін келетіндер көп, ал, қазақстандықтардың басым бөлігі білім үшін келгендер секілді дейді. Студент қыз, шәкіртақыдан бөлек тіл курстарын өткізіп, оқуға түсуге көмектесіп табыс табады.

Соңғы 10 жылда 360 мың адам шетелге қоныс аударған. Айта кетейік., қоныс аударған қазақстандықтардың көбі Ресей, Германия, АҚШ, Польша, Түркия мемлекеттерін таңдаған.

Мөлдір Бегімбет