Featured Video Play Icon

SMM маманы немен айналысады? Оның жалақысы қандай?

Автор: редактор 19 апреля, 2022


1. SMM маманы немен айналысады?
— SMM менеджері әлеуметтік желілерде компаниялар мен жеке брендтерді жылжытады. Сондай-ақ маркетингтік стратегияларды жасайды. Бренд және компаниялардың репутациясын сақтаумен айналысады.

2. Айналадағы трендтердің артынан қалай үлгеруге болады?
— Менің ойымша, ең алдымен әлеуметтік желілердің белсенді пайдаланушысы болуыңыз керек. Әйтпесе өзіңіз пайдаланбайтын нәрсені қалай сатасыз? Сондай-ақ, идеяны жылжыту үшін жаңа құралдар мен маркетинг туралы ақпараты бар әртүрлі пабликтерге жазылу пайдалы. Онда сіз әрқашан пайдалы ақпаратты таба аласыз.

3. Қай әлеуметтік желі ең маңызды болып саналады?
— Шын мәнінде, ең маңызды әлеуметтік желі жоқ. Барлық желілер әртүрлі және түрлі қажеттіліктер мен мақсаттар үшін қажет. Мысалы, егер сіздің мақсатты аудиторияңыз 40 жастан үлкен, бизнеспен айналысатын адамдар болса, онда сіз Facebook-ті сынап көруіңіз керек. Жастар көбінесе Tiktok-та отырады. Сондай-ақ, әр әлеуметтік желінің ерекшеліктерін ескеру қажет. Instagram үшін визуал маңызды, ал Телеграмм үшін сатуға көмектесетін, былай айтқанда «сатушы мәтін» маңызды.

4. SMM маманының жалақысы неге байланысты?
— Барлық мамандықтарда сияқты, маманның тәжірибесі мен кәсібилігіне байланысты. Сен нарықта неғұрлым ұзақ болсаң, соғұрлым жобаларды көбірек жүргіздің деген сөз, сондықтан тапсырыс берушіге көбірек сатылым әкелесің. Мысалы, басында 60 мың теңгеден бастауға болады, ал максималды жалақы СММ маманы үшін мүлдем шектелмеген. Барлығы оның жұмыс көлеміне байланысты.

5. Келешекте SMM маманына қандай дағдылар қажет болады?
— SMM маманына ивент-менеджердің, яғни іс-шараларды ұйымдастырумен айналысатын адамның дағдылары қажет деп санаймын. Қазіргі кезде әлеуметтік желілер ойын-сауыққа бағытталуда және жаңа активитилерді ойлап табу үшін сіз ивент менеджері болуыңыз керек. Сондай-ақ, SMM менеджері посттар үшін вижуалдар мен бейнероликтерді жасаудың нюанстарын түсінуі керек. Сауатты жазу, жалпы сауатты болу өте маңызды.
Жалпы, SMM — бұл шексіз даму. Сен күнде жаңа нәрселерге үйренетін сала.