«Күніне 5 мың теңге жаратамын, стипендия бір жарым аптаға ғана жетеді». Алматыда оқитын студенттер қалай күн көріп жүргендерін айтты

Автор: Редактор 28 Наурыз, 2023


«Студенттік кезең – ең қызықты шақ қой» дейді, үлкендер. Бірақ, қазір студент болу өте ауыр сияқты. Олар бір-бірінен қалыспай қызылды-жасылды киіну үшін ақшаны қайдан алады? Пәленше топтасында бар айфонды армандап түсінде көретіндерді қосып қоялық. Қазіргі студенттер қанша стипендия алады? Ол жете ме? Қайда тұрады? Армандары не? Біз осыны білеміз бе?

Осы тақырыпқа қатысты репортаж жасайын деп шешкенімде, Алматыдағы бірқатар жоғарғы оқу орындарын аралауға аттандым. Стипендия жете ме, жетпей ме деген сұраққа жауап алу үшін жұмыс істейтін және жұмыс істемейтін студентпен кездескім келді. Сосын, жатақханаға іліне алмаған студент пен керісінше ілінген бақытты студентті салыстырғым келді. Мен көп жүрдім. Менімен тілдесуден қашпаған студенттермен ашық сөйлестім. Қызық болса ары қарай оқыңыздар.

Мажит Құлтанов Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде магистрант. Өзі Ақтөбе қаласынан келген. Алатын стипендиясы 87 000 теңге. Пәтер жалдап тұратын болғандықтан, стипендиясының тең жартысы пәтерақыға кететін көрінеді.

Мажит Құлтанов

– Негізі алыс облыстан келгендіктен, жатақханада тұруға толық құқым бар еді. Бірақ бұйырмады ғой. 35 мың теңгесін пәтер қожайынына беремін. Ал 5 мың теңгесін коммуналдық төлемге жұмсаймын. Пәтер университетке аса жақын емес. Қосымша жұмыс істейін десем, үй тапсырмаларын жасауға үлгермей қаламын. Қалада кептеліс бар болғандықтан жұмысқа кешігіп қалуым да мүмкін. Бұдан бөлек үлкен себеп бар. Мен Алматыға бірінші рет келдім. Оқуға түскенге дейін бұл қалада тұрмағандықтан жұмысты тез таба алмағанымды айтқым келеді. Тіпті бастапқы 3-4 айға дейін көшеде адасқаным да бар. Тек степендиямен күн көру маған оңай емес. Жазға дейін шыдаймын, сосын міндетті түрде жұмыс істеуім керек, – дейді, Мажит Құлтанов.

Студентті қинайтын мәселенің маңыздысы – жатақхана. Себебі, жатақханада тұрса ақша үнемделер еді. 2022 жылы ел бойынша жатақханалар саны 361-ге жетіп, онда 110 мыңнан астам студент тұрған. Сонда Қазақстанда әрбір 5 студенттің бірінде ғана жатақхана бар. Ал, Алматыда өз есебіміз бойынша әрбір сегізінші студентке ғана жатақхана бұйырды. Қала бұл мәселені шеше алмағандықтан, студенттерді Алматы облысына шығарып жіберуді ойластырып отыр. Яғни, Қонаев қаласын студенттер астанасы ретінде дамытып, барлық жоғарғы оқу орындарын сол жаққа көшіру жоспары бар. Егер Қонаев қаласында ірі кампустар салынатын болса, онда жатақхана проблемасы шешіледі деп айтуға болар еді. Бірақ оған әлі уақыт керек.

  

Сонымен, Мажит 87 мың теңгенің 40 мыңын пәтерге жұмсаса,  қалған ақшасын күнделікті қажетіне бағыттайды. Айталық, азық-түлік алуға айына 20 мыңды әрең жеткізеді. 6 мың теңгесі жолақысына кетеді. Ұялы телефонның тарифіне кететін 3000 теңге де кәдімгідей шығын. Сондай-ақ, сабаққа керек қағаз шығару жұмыстарына да 5-7 мың теңге міндетті түрде керек. Осының барлығын қосқанда Мажиттің стипендиясы тиын-тиынымен жаратылады. Үйінен ақша алмайды.  87 мың теңгені бір айға толық жеткізіп отырған студентке риза болдық.

Ақтоты Қалмұрат

Ақтоты Қалмұрат – біз кездесіп, сұхбаттасқан екінші студент. Ол Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде 4 курста оқиды. Түркістан облысынының тумасы ай сайын 58 мың теңге стипендия алады.

Мажиттен айырмашылығы – Ақтоты 1-ші курстан бастап жұмыс істейді. Даяшы болудан бастап, сату менеджері, жеке шағын онлайн дүкенін ашып, smm менеджерге дейін жұмыстарды атқарған. Ақтоты стипендиямен күн көру  мүмкін емес деп отыр.

– Мен стипендиямнан ай сайынғы коммуналдық төлемге 10 мың теңге жұмсаймын. Қалған 48 мың теңге бір жарым аптаға ғана жетеді. Тарқатып айтар болсам, үйден жұмысқа, сосын жұмыстан университетке таксиге 3-4 мың теңге кетеді. Түскі асым тағы бар. Ал 1 айда төрт апта барын ескерсек, 58 мың теңге стипендия әрине жетпейді. Сол үшін жұмыс істеймін. Студенттік өмірдің екі жылы карантинмен тұспа-тұс келді. Онлайн оқығандықтан жұмысты қосымша алып жүру қиын болмады. Ал қазір оқуды аяқтайтын жылым. Сабақ кешкі уақытта және сабақ саны азайған, – дейді Ақтоты Қалмұрат.

Ақтоты қазір жекеменшік компанияның маркетинг бөлімінде істейді. Айлығы 250 мың теңге. Бұл ақшаны қалған 2 жарым аптаның жол пұлы мен тамаққа жұмсайды. Ал қалған бөлігіне киім-кешек, кітап алады. Алыстағы ата-анасына да ақша жібереді. Ақтоты жатақханаға іліне алмады. Енді бітіруші курс болғандықтан оған ешкім жатақхана бермейді. Сондықтан туыс әпкесінің үйінде тұрады. Туысы болғандықтан, тегін тұрады.

Студенттер шәкірақысы қанша өскенімен, олар жыл сайын кедейге айналуда. Себебі – қымбатшылық, инфляция. Білім алудың орнына көп студент мамандығынан мүлде бөлек жұмыс істеуге мәжбүр.

Ақтоты да, Мажит те жатақханасыз қалды. Өйткені, Алматы қаласы жатақхана проблемасын шеше алмады. Оған қауқарсыз болып шықты.

Сонда жатақхана бұйырған студент бар ма? Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетіндегі №8 жатақханадан біз Санжар Серік есімді бірінші курс студентін тауып алдық. Оған жатақхана берген. Алматыға бірінші рет тұрып жатқан Санжар үшін бұл қауіпсіз орын. Себебі, ересек өмірге қалыптасу барысында бірігіп тұрғанның пайдасы көп. Санжар үшін бірінші семестрде жатақханадан орын табылмаған. Тек екінші семестрде орын бұйырды.

Санжар Серік

– Ерекше атмосферасы бар орын екенін айта аламын. Әсіресе топтастарыммен тұрудың бірге сабақ оқуға пайдасы тиеді. 5 қабатты жатақхананың 2 қабатында оқу залы бар. Бұл жеткілікті деуге болады. Өйткені әр бөлмеде де сабақ оқитын орын қарастырылған. Университетке жақын орналасқанының да пайдасын көріп жүрмін. 5 минутта жететін жер. Бір бөлмеде 6 бала тұрамыз. Барлығымыз да 1 курс студенттеріміз. Пәтерде тұрғанға қарағанда артықшылығы көп. Сабаққа керек-жарақты бір-бірімізден сұрай саламыз. Ал қаржылық жағынан тиімді екені айтпаса да түсінікті шығар, – дейді, Санжар Серік.

Санжар Алматыға Жамбыл облысы, Жуалы ауданынан келген. Таңертең сабаққа ұйықтап қалу проблемасы жоқ дейді. Түйедей құрдас балалар болғандықтан, бір-біріне демеу болып жүргендері қуантады. Бұл балалардың еркелігі кетіп, енді ас бөлмеде кезектесіп тамақ дайындап жүр. Санжар келесі жылы да жатақханадан орын бұйырса екен деген тілегін жасырмады.

Айнұр Тоқбаева

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетіндегі жатақханаға ілінген Айнұр есімді студентті әңгімеге тарттық. ҚазҰУ-да 8 жатақхана бар. Оның сегізіншісі – соңғы салынғаны. Сәйкесінше ішіндегі жабдықтары жаңа.

Ал Айнұр Тоқбаева №4 жатақханада тұрады. Ең бастысы, жатақхана қыста жылы болған. Тараздан келген ару фармацевтика мамандығы бойынша білім алуда.

– Мен үшін жатақхананың ең тиімді тұсы – университетке жақын болғаны. Уақытың үнемделеді. Сондай-ақ, бос уақытымның көпшілігін бөлмемде өткіземін. Бір бөлмеде 4 қыз тұрамыз. Тамақты кезекпен дайындап, бөлмені ауысып жинаймыз. Қабырғаға сабақ жоспарын іліп қойғанбыз. Таңертең осы арқылы бір-бірімізді оятып, кешігіп қалмауымызды қадағалаймыз. Бекітілген күзетші әйел тазалық пен тәртіпті үнемі тексеріп бақылап жүреді. Қауіпсіздігімізге ата-анамыз алаңдамайтындықтан, жатақхананың артықшылықтары көп. Жатақхана барлық курс студенттеріне жетсе екен. Басқаларының да алаңсыз жақын жерден оқуға барғаны жақсы ғой, – дейді, Айнұр Тоқбаева.

Алматыдай алып шаһарда жұмыс табу қиын емес. Бірақ студентке ең бастысы білім алу керек. Осы дилемма қалай шешіледі? Қашан біздің студенттерге стипендия оңай жететін болады? Қашан барлық студенттерге жатақхана жеткілікті болады? Бұл сұрақтар жыл сайын қойылады. Бірақ оған жауап жоқ.

Мөлдір Бегімбет