Студенттер уақытын кітап оқуға арнай ма, әлде жолда өткізе ме?

Автор: Редактор 17 октября, 2024


Қоғамда  студент жастардың күнделікті өмірінде жеке бас қауіпсіздігі — жақындары мен тұтас елдің тыныштығы үшін аса маңызды. Үйден аман шыққан баланың, кешке есен-сау жеткені керек емес пе?!. Иә, Алматыға күн сайын қаншама студент  іргелес ауылдардан қатынап оқиды. Бұған қоса, сол  күніне үш-төрт сағатын жолға кетіріп жүргендерге қарап, «уақыт жетпейді» деп жүрген адам, тәубеге келсе болатындай. Әсіресе, білім алып, оған қоса  түрлі жұмысқа үлгеретін қайраты мол жастық шақта жолға кеткен текке уақытқа қалай ішің қылп етпесін?!

Сонымен,  сабаққа кешікпей жету үшін, студент таңертең қаншаға тұрады? Оқу орнына неше сағатта жетеді? Қандай маршруттармен келеді? Қанша ақша кетеді? Кешке қайтқанда  қараңғыға қалып кетпейді ме? Қандай да бір оқиғаларға тап болған жоқ па? Жалпы университетке жету үшін ұзақ уақытты жолға кетірудің олар  қандай кемшін тұстарын көріп жүр? Алматы қаласындағы  «Саяхат», «Алтын орда» және Төле би -Момышұлы қиылыстарына барып, ауылдарына қайту үшін жолда тұрған жастармен тілдесіп қайттық.

Төле би-Момышұлы көшелерінің қиылысына келсең, қашанда ығы-жығы. Себебі, Қаскелең, Ұзынағашқа және сол маңдағы елді-мекендерге бет алғандардың автобекетіне айналып кеткендей. Алматыдан 40 км қашықтықтағы Қайназар ауылында тұратын Ақниет, Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ-ге келіп сабақ оқиды. Бірде автобус, бірде такси арқылы жұмыс күндері қала мен ауылдың  арасын жалғап жүр.

— Сабақ сегізде болса, алтыда тұрсам үлгеремін. Ұзынағаш ауданына дейін ауылымнан такси 150 теңге. Ал Ұзынағаштан қалаға такси құны 500 теңге. Сонда күніне 1300 теңгені тек жолыма жұмсаймын. Алыстан келгенді ұнатпайтындар бар шығар, бірақ жеке өзім аса қиналмаймын. Үйреніп кеткенмін. Қалада пәтер жалдап тұрғанға қарағанда өз үйіңнен келген әлдеқайда жақсы. Үйдегілерге де, өзіме де қаланың у-шуынан гөрі өз ауылымыз ұнайды ,- дейді Ақниет.

Кешкі 18.00-де және таңғы уақытта  «Саяхат» автовокзалының маңайындағы жол жиектерінде көлік күткен адам көп. Бұл жерден халық қала маңындағы Талғар, Есік, Бесағаш, Байсерке, Шелек тіпті Іле ауданына қайту үшін барады. Автобус келген сәттен  жолаушыларға толады. Сыймай қалғандары  таксиге қарай бет алып жатыр.

Небәрі 17 жастағы колледжде оқитын студент қыз да алыс жолдағы ауылынан келіп жүр. Қыз баласы ұзақ  жолдан шаршайтынын айтты.  Саяхаттан Алматы облысы Іле ауданына қарасты Жаңа Дәуір аталатын ауылына қайтқалы жатыр екен.

— Жұмыс күндері міндетті түрде таңертең сағат алтыда оянамын. Таңғы астан соң, жолға шыққан мен екі сағат дегенде оқу орныма жетемін.  214-ші одан түсіп одан   27-ші нөмірлі автобусқа мінемін. Арасында таксиге мінуге тура келеді.  Жалпы, күніне екі сағат ары екі сағат бері жол жүруге уақыт жоғалту маған үлкен шығын. Салдарынан сабақ оқып үлгермеймін. Ұйқым жеткілікті болмағандықтан, шаршау жүріп, энергиям жетпей кетеді. Өзіме бұлай жүрген ұнамайды, үйім қалада болмағандықтан амал жоқ,-дейді студент  Балнұр Талғатбек.

Ал, тап осы жерден Шелек ауылына баратын жігіт төменгі курс кезінде, тәуекелге бел буудан бас тартып, жатақханадан орын алыпты.

— Сабағым күндіз болғандықтан, таңертеңгісін ерте ояну деген проблема мен де жоқ. Бұрын 2 жыл жатақханада тұрдым. Қазір оң солымды танып, қаланың тіршілігіне етім үйрене бастағандықтан  өз үйімнен келіп оқып жүрмін. Бір тәулікте біраз шаруа бітіргің келеді, алайда уақыттың біразы жолға кетіп қалады. Оған қоса жол аздап шаршататындықтан, жасаймын деген екпінің бәсеңсіп, ынтаң да түсіп кетеді екен,-дейді өзін Бекзат деп қана таныстырған жігіт.

Қаскелең, Шамалған, Ұзынағаш және т,б елді мекендерге «Алтын Орда» базары арқылы қайтады.  «Саяхат» жақпен салыстырғанда жолы кең. Өйткені,  бірі қоғамдық көлікке арналған, екіншісі жеңіл көліктерге арнап ялдама екіге бөлінген-ді. Алайда,  жүргізушілерге ыңғайлы болғанымен, жолаушыларға қауіпті әрі тиімсіз, олар жол жиегінде такси тоқтатуға мәжбүр болады.  Сол жол жиегіне шығып такси тоқтатып тұрған жігіттің бірін әңгімеге тарттық. Әйтеуір ер бала тікелей үйіне бірден баратын боп шықты, әйтпесем мұнда түскен соң, өз ауылына деп  тағы да көліктен көлікке ауысатындар көп.

— Ұзынағаштың өзінде тұрамын. Кептеліс болмаса, «Алтын Орда» базарына дейін бір сағатта жетемін. Ал, жолда кептеліске тап келсем, университетке жетемін дегенше үш сағат өтіп кетеді. Биыл оқуға түскен бірінші жылым болғандықтан, қазір осылай келіп байқап көріп жүрмін. Былай үйреніпте кетеді екенсің. Бірақ, шаршап энергияны жолға кетірген тиімсіз екенін жасырмаймын,-дейді Нұрсұлтан.

Қала билігі 2030 жылға дейін тұрақтар мен жеткізу жолдары бар екі көлік торабын іске қосуды жоспарлап отыр: «Батыс» торабы («Барлық» базары); Шығыс қақпасы (Құлжа тас жолы) торабы.  Сондай-ақ, іргелес елдімекендердің қалаға жалғайтын жолдардың сапасы да жолаушылар үшін маңызды. Айталық жақында Алматы мен қала іргесіндегі ірі аудандарды жалғап тұрған «Құлжа» тас жолы кеңейтілді. Күніне 70 мыңнан астам көлік өтетін трассаны жөндеу жұмыстары жазда басталып, жақында аяқталды.

Әркім әрқалай себеппен қаладан алыс жерде тұрғысы келеді немесе мәжбүр. Әрине ол көбіне ересектердің шешімі. Ал, жоғары білім аламын деген олардың балалары күн сайын сабылып, алыс жолдан қалаға келіп жүр. Алтындай бағалы уақыттың біршамасын жолға кетірудің тиімдісіздігін қалай шешсе болады екен?..

Авторы: Мөлдір Бегімбет