Featured Video Play Icon

Териология нені зерттейді? Фототұзақ деген не?

Автор: редактор 25 июня, 2022


Менің аты-жөнім Салторе Сапарбаев. Мен Зоология институтының ғылыми қызметкерімін. Мамандығым бойынша териологпын.

1. Өз қызметіңіз туралы айтып бересіз бе?

Менің негізгі міндетім — қызыл кітапқа енген жануарлар мен шаруашылық жануарларды зерттеу болып табылады. Яғни бұл ірі сүтқоректілер. Қызыл кітапқа енгендерден қар барысын, Тянь-Шань қоңыр аюын, түркістан сілеусінін, тас сусарын, құландарды, қарақұйрықтарды, арқарларды және т.б. алуға болады.

2. Эволюциялық тұрғыдан қарағанда сүтқоректілер қалай пайда болды?

Эволюциялық тұрғыдан — олар цинодонт ұрпақтары. Одан жер үсті сүтқоректілері пайда болды. Бірақ бұл палеозоология сұрағы.

3. Қазақстанда саны бойынша ең көп жабайы сүтқоректі қайсысы?

Қазір Қазақстанда ақбөкендер (Saiga tatarica) саны көп. Әсіресе Орал популяциясы. Олар өте тез көбейеді. Осыдан 20-30 жыл бұрын олардың түріне қауіп төнген болатын. Ал қазір олардың саны айтарлықтай өсті. Әсіресе Орал популяциясында миллионнан астам бас бар.

4. Жабайы жануарларды түсірудің ерекшеліктері қандай?

Негізгі ерекшелігі-жануарлардың әдеттерін, мінез-құлқын білу. Яғни, оған білдірмей жақындаудың, үркітіп алмаудың жолдарын білу қажет.
Ең алдымен жануардың мекендейтін жері мен жиі жүретін аймағын біліп алу керек. Егер қар барысын алсақ, көпшілік оны таулардың мифі деп санады. Алайда ол саны азайып келе жатқан жануарға жататындықтан, сирек кездеседі.
Мен оларды қалай түсіремін? Оның қайда мекен ететінін алдын-ала білемін. Себебі оның қорек базасы бар – бұл таутекелер. Қар барысы қойшы сияқты, таутекелердің артынан жүреді. Кейбір мамандарда қар барысы тек альпілік белдеуде тұрып, жаз бен қыста орманға түспейді деген қате пікір бар. Мен Алматы қорығында жұмыс істеген кезімде 1200 м биіктікте қар барысының іздерін көп байқадым. Яғни, бұл қар барысы жүретін төменгі орман белдемдері.

5. Мемлекет ғалымдарды қаржылай қолдайды ма?

Бұл жерде белгілі бір бекітілген жалақы жоқ. Біз нысаналы қаржыландыру есебінен қаражат аламыз. Гранттар бар, егер сіз грант ұтып алсаңыз, онда белгілі тақырып бойынша жұмыс істейсіз. Егер тақырып қар барысы туралы болса, онда қар барысын зерттейсіз. Көлденең қаржыландыру да бар, бұл – БҰҰ дамуы программасы. Олар да конкурс жариялайды.

6. Фототұзақтың ерекшелігі неде?

Мен Қазақстанда алғаш фототұзақ әдісін қолданған адаммын деп айта аламын. Біз қар барысы бойынша фототұзақтармен 2012 жылдан бастап айналысып келеміз. 2019 жылдан бастап мен жаңа әдісті қолдана бастадым. Біз үшін бұл жаңа, ал шетелде бұл қолданыстағы кәдімгі әдіс.

Қозғалыс сенсорының негізінде айналы камера орналастырылады да, жануар өткен кезде фототұзақ оны суретке түсіреді. Бұның көптеген нюанстары бар – композиция жасау, айқындықты туралау үшін жануардың қайдан өтетінін білу керек. Осының барлығы алдын — ала бірнеше рет тексеріледі. 2019 жылдан бастап фототұзақтарды мақсатты түрде қар барысына қойдым. Менде әлемде басқа ешкімде жоқ фотосуреттер бар.

7. Болашақ зерттеушілерге тілек?

Менің тілейтінім — мақсаттың болуы. Ең бастысы — ынта. Өз объектісін жақсы көріп, оны зерттеу.