Менің есімім Балабек Бағдат, қазіргі таңда «Алатау-Aestate» агенттігінде атқарушы директор лауазымында жұмыс істеймін. 2015 жылы Алматы қаласындағы ҚТЛ-нің түлегі болдым, қысқаша осылай.
1. ҚТЛ-да тәлімгерліктің тетігі неде?
ҚТЛ оқушылары — 7-11 сынып оқушылары. 7-11 оқушылары енді тұлға болып қалыптасу жолында болады, яғни әлі де толық тұлға емес, сол кезде өзінің ісімен, сөзімен басқа да іс-әрекеттерімен оларға дұрыс жолды көрсетіп, орысша айтқанда «выбор» көрсетіп тұратын адам керек. Солардың бірі осы лицейдегі тәлімгерлер немесе тәрбиешілер.
2. Тәлімгерлік тәжірибеңіз туралы айтып бересіз бе?
Мен 2015 жылы өзім сол мектепті бітіргеннен кейін, сол жерде 2020 жылға дейін тәлімгерлік қызметті атқарып жүрдім. Сол 5 жылдың ішінде 1 класспен жүмыс істедім, өте қызықты кезеңдер болды, эмоционалдық жағынан өте күшті болды. Қазіргі таңда үлкен жетістікті көрсетіп жатқан оқушыларым бар, кейбіреулері музыкалық шыңдарды бағындырып жатса, кейбіреулері білім жолында шет мемлекеттерде оқып жатыр.
3. Қарапайым мектеппен салыстырғанда тәлімгерлік оқушыларға қалай көмектеседі?
Қарапайым мектептерде балалар үлгі алатын адамдарды сырттан іздейді, ол адамдардың жақсы жағын да, жаман жағын да өздері байқамай үйрене бастайды, ал лицейлерде тәлімгер адамдар көбінесе жақсы жақтарын көрсетіп отырады, ал жаман жақтарын балаларға ескертіп солай жасамаудың дұрыс жолдарын көрсетеді.
4. Оқушы тәлімгердің айтқандарының бәрімен келісуі керек пе?
Негізі тәлімгерлер оқушыларға «осыны істейсің!», «былай істейсің!» деп айтпайды, баланың өзіне таңдау жасауға береді, мысалы, бір кез келген жағдайдың үсті-асты жағын қарап, мынаның осындай жақсы жағы бар, жаман жағы бар деп бағдар көрсетеді және балаға «сен қайсың таңдайсын» деген сияқты өз таңдауын береді. Яғни таңдау әркімнің өз қолында.
5. Ата-аналарға нағыз көшбасшыларды тәрбиелеуге қатысты кеңестер бере аласыз ба?
Қазіргі таңда ата-аналар гиперопекамен әуестенеді. Бұл баланың өмірінде кішкене қиындықтар тудыруы мүмкін. Сондықтан ата-аналар балаға гиперопека жасамаса, жауапкершілікті жүктеп тұрса, балалар үлкен-үлкен асуларды бағындыра алады.