Заманауи қазақ жастарының мәдени бейнесі: уақытпен үндес ұрпақ

Автор: Редактор 02 июля, 2025


Әр дәуірдің өз ұрпағы, өз үнін танытатын жастары болады. Бүгінгі қазақ жастары тәуелсіз елде туып-өскен, еркін ойлайтын, заманауи технологиямен сусындаған буын. Олар ұлттық болмыс пен жаһандық өзгерістердің тоғысында өмір сүріп жатқан ұрпақ. Осы ұрпақтың мәдени бейнесі қандай? Бұл бүгінгі күннің ең өзекті сұрағы.

Қазіргі қазақ жастары сан қырлы. Бірі ұлттық өнерге бет бұрса, енді бірі стартап ашып, IT саласында бағын сынап жүр. Олар домбыра тартып отырып TEDx-ке қатыса алады, ұлттық киім киіп жүріп TikTok-та тренд бола алады. Бұл жастардың тек дәстүрмен ғана шектелмей, оны заманауи тілмен сөйлете алғанының айғағы. Жастар арасында мәдениетке деген қызығушылық бар.

Мысалы, соңғы жылдары жастардың қазақша подкасттар тыңдауы, ұлттық әдебиетке бет бұруы жиілеген. 2023 жылы «Qazaqsha podcast» платформасында қазақ тіліндегі тыңдарман саны 40%-ға артты. Бұл қазақ тіліндегі контентке деген сұраныстың артып келе жатқанын көрсетеді. Сонымен қатар, жастар ұлттық би, дәстүрлі музыка, кино мен театр саласына да белсенді араласуда.

«Мен қазақпын» жобасы арқылы мыңдаған жас өнерпаз өз талантын танытты. Мұндай жобалар тек өнерді ғана емес, ұлттық болмысты да жаңғыртып отыр. Алайда, бұл бейне тек жағымды жақтан тұрмайды. Кей жастардың арасында шетел мәдениетіне еліктеу, тіл шұбарлау, өз болмысынан алыстау секілді мәселелер де бар. Бұл жаһандану кезеңіндегі табиғи көрініс. Бірақ мұндай жағдайда дұрыс бағыт беру, ұлттық тәрбие мен рухани құндылықты дәріптеу маңызды. Мысалы, елімізде «Ұлттық рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында мектептерде қазақ халқының дәстүрі, салт-санасы тереңірек оқытылып келеді. Жастар арасында «Домбыра party», «Абай оқулары», «Жас қалам» секілді жобалар кең танымалдыққа ие болуда.

Заманауи қазақ жастары — күрделі, алайда үміт ұялататын құбылыс. Олар ескі мен жаңаның, шығыс пен батыстың арасында өз жолын іздеп жүр. Бұл ізденіс ұлт болашағы үшін аса маңызды. Жастардың мәдени бейнесі ұлттың айнасы. Егер бұл айнада тек сән емес, сана, тек киім емес, кие көрінсе, онда ел ертеңі жарқын. Ендеше, әрбір жас өзінің ұлттық болмысын сақтай отырып, заманауи әлеммен тең сөйлей алатын деңгейге ұмтылуы тиіс. Себебі болашақты бүгінгі жас жасайды.

Авторы: Ақбота Баймахан


Читайте также