Жаңа жылдық дастарханға кететін қаражат биыл өсті ме?!

Автор: Редактор 22 Желтоқсан, 2023


Асыға күтетін жанұялық мереке жаңа жылды тойлауға санаулы күндер қалды. Қуаныш пен шаттықтан тұратын мейрамның сәйкесінше, өзіндік шығыны да бар.

Бұл мейрам жақындарға сыйлық алу, мерекелік дастархан, жаңа зат сатып алу сынды дәстүрге айналған бұлжымас заңдылықтардан тұрады. Отбасы мүшелері үстел басына толық жиналып мерекелік дастарханда міндетті түрде бас қосатынын жақсы білеміз. Ал оған жұмсалатын қаражаттың бағасы биыл қаншаны көрсетіп тұр екен?! Алматыдағы ірі супермаркеттерге барып бағаны көріп қайттық.

Барлық үй міндетті түрде жасайтын оливье салатына қажетті заттардың бағасын тізіп көрелік.

картоп – келісі 155 теңге;
сәбіз – келісі 167 теңге;
жұмыртқаның – ең төмен бағасы 599 теңге;
пісірілген шұжық – 877 теңгеден және одан жоғары;
тұздалған қияр – 858 теңге;
жасыл бұршақ консервілері – 1 банка 849 теңге;
майонез –295 теңгеден және одан жоғары;
тұз – 70 теңге;

Барлығын қосқанда орта есеппен 3870 теңге жұмсалады екен.

Еліміздегі картоп пен пияздың ең төмен бағасы Ақтөбеде. 132 және 103 теңге. Ең қымбат көкөністер Жезқазғанда сатылады.

Ал толық дастархан жасау үшін, үстел бетіне кем дегенде 2 салат, тәттілер, жеміс-жидек, сусын, ассорти, ыстық тамақ, жаңғақ түрлері пен кептірілген жеміс салынған екі тәрелке қою қажет болады. Мұның барлығының бағасын қосқанда орта есеппен 45 мың теңге керек.

Айталық, тартылған сиыр етінің келісі Алматыда супермаркетте 3399, ал базарда 2900 теңгені көрсетіп тұр. Бұл манты жасауға керек ең негізгі зат. Ал, ет асатындар үшін, бүтін ет пен қазының бағасы мәнтіден жоғары тұратыны айтпаса да түсінікті. Ал, биыл өткен 2022 жылдың тамызымен салыстырғанда азық-түлік тауарлары 6,8% қымбаттаған. Бұған мереке қарсаңында қосылатын қымбатшылықты қосып қоялық. Қалай десекте, қалтаға оңай тимейтіні анық.

Тұрғындардан сұрап білгенімізде аталмыш мерекедегі басты шығын дастархан емес көрінеді. Қаражатты жұмсау мерекелік демалыста ұлғаяды дейді қала тұрғыны.

– Дастарханға керек 40-50 мыңмен мәселе бітпейді. Себебі, жаңажылдық 5 күн демалысты қонақ күту мен баруға біраз ақша кетеді. 31 желтоқсанға деп алынған азық-түлік туыстар мен достарды күтуге жетпей қалады. Үстінен тағы да алып қосатын заттар бар. Ал, қонаққа барсақ құр қол бармайтынымыз белгілі. Бір үйге бару үшін тәтті мен сыйлыққа кемі 10 мың керек. Сондықтан, өз басым екі-үш ай бұрын жаңажылдық шығынға деп, бөлек қаражат жинап бастаймын. Бұл отбасылық бюджетке ауыр соқпайтын өте тиімді әдіс. Әрі мерекені көтеріңкі көңіл-күймен қарсы алуға көмектеседі. Сондықтан осындай амалды жасаңыздар дер едім, – дейді қала тұрғыны Райхан.

Жаңа жылды шығын қылып алатын өзіміз дейді диетолог мамандар. Айтуынша, қазір мерекеге жұмсайтын қаражатты бес күн демалыста тынығып қайтуға жұмсаған жөн дейді.

– Ең біріншіден түнгі уақытта тамақ ішу асқорыту жүйесіне зиян. Кілең зиянды өнімдерден тұратын тағамдарды тұтыну асқазанға одан кейін қалтаға ауыр. Үстел басында отырып күтпесең болмайды деген қағида жоқ. Өзге мерекелерге қарағанда салыстырмалы түрде демалыс күні көп болғандықтан, мұны дұрыс пайдалана білу керек. Күн сайын қонақ күткеннен гөрі тауға, демалыс орындарына барып миын тынықтырған жөн. Туыстарды қонаққа басқа күндері де шақыруға болады, – дейді диетолог, нутрициолог Ұлдана Ырыс.

Ал, мерекеде көп шығындалып, жыл басында әмияныңыз бос қалмасын десеңіз, үнем жасаған қашанда абзал. Міндетті түрде дастарханды толтыру керек деген қағида жоқ. Я болмаса әкімдіктен келіп сізді ешкім тексермейді. Ұзақ сақтауға болатын өнімдерді ертерек алып қоюға болады.

Есесіне қымбатшылыққа ұрынбайсыз. Сыйлық беру керек ең жақын адамдардың нақты тізімін жасап, оларға керекті деген затты да 1-2 ай бұрын алу да артықтық етпейді. Сонда желтоқсанның жалақысы түгелімен мерекені қарсы алуға кетпейді. Сондай-ақ, мерекені шаршап шалдығып қарсы алмас үшін, үйдегілерден көмек сұрай білген жөн.

Автор: Мөлдір Бегімбет