Жатақханадағы орыннан оқуға түскен студенттің саны басым

Автор: Редактор 06 сентября, 2023


Әне-міне дегенше, жаңа оқу жылы басталып кетті. Қыркүйек жылдағыдай жатақхана мәселесімен шымылдығын ашты. Студент саны көп және жатақхана тапшылығы бойынша Алматы әдеттегідей көш бастап тұр.

26 тамыздан бастап,  жатақханаға орналасуға жолдау қағазын алған студенттердің тізімі жарияланады. Ілінбегендер осы күннен бастап, оқу басталғанша бір жерге тұрақтауды өз бетінше қарастыра бастайды.

Әлеуметтік желіде Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің алдында жатақхана алуға құжат тапсырып жатқан нөпір халықтың видеосы тараған еді. Кезек күтіп тұрған адамдардың қарасы көп. Ал, бұл 25 ші тамыздан бастап, мерзім аяқталғанша болды.  Tik-tok желісінде жүрген видеодағы жайт, медициналық тексеріс құжаттарын өткізуге тұрған адамдар екен. Мұнымен қоса, тізім шыққаннан кейін де, орынсыз қалған студенттердің ата-аналары шулап жатқан түрлі видеоларын кезіктіруге болады.  Аталмыш оқу орнына барып, жатақханадан орын жетпеген студенттің бар-жоғын сұрап қайттық.

Негізгі корпустың алдында орындықта отырған қыздарды әңгімеге тартқанымызда бұл проблемаға тағы бір көз жеткізуге болады. Ақтау қаласынан келген Аружан есімді талапкер, биыл бірінші курс студенті. Грантқа оқуға түссе де, алыстан келген аруға жатақханаға орналасу бақытына қолы жетпеген.

— Жатақхана алу үшін тиісті құжаттарды өз уақытында   тапсырдым. Алайда, маған бұйырмады. Себебін сұрағанымда биыл студент саны жылдағыдан көп дегенді айтты. Бас-аяғы 2000 орындық жатақханаға,   5000-ға жуық адамнан өтініш келіп түскен. Бұдан бөлек, педигогикалық мамандықтар Алматыдағы өзге мемлекеттік жоғарғы оқу орнында саны қысқарған көрінеді. Нәтижесінде, біздің университетке түсушілердің  саны артқандықтан, топтардың саны көбейген. Салдарынан сонау Батыстан келген мен де  орынсыз қалып отырмын, — дейді Аружан.

Жатақханада тұруға ең бірінші, тұл жетім, ардагердің немересі, көпбалалы отбасынан  шыққан адамдар қабылданады. Аружан әрине бұл критерийге кірмейді. Дегенмен, пойызбен Алматыға 3 күнде жететін алыс облыстан келген оған, корпустың жанынан кіріп шыққан ыңғайлы еді. Студенттерге арналған ақылы жатақханалар мен хостелдер болса  алыс. 1 курс студентіне жақын жер тиімді. Енді университет маңайынан пәтер жалдаудан өзге амалы жоқ. Ал, ол әрине қалтаға ауыр тиеді.

— Қазір Талғардағы туысымның үйіндемін.   Қыркүйектің ішінде, жақын маңнан пәтер жалдауым керек.  Квоталық жағдайдағы студенттер жатақханаға бірінші қабылданады. Ал, мен ол жеңілдіктегі тізімге енбеймін. Дегенмен, алыстан келгендіктен маған қиын тиіп жатыр. Ұзынқұлақтан естуімше, орта курстардағы белсенді студенттер, квотадан кейінгі алу мүмкіндігі бар жандар екен. 1 курста пәтерге тұру екі есе стресс. Қалаға енді келіп жатқан адамға, жақын жердегі жатақханадан сабаққа келіп кету дұрыс шешім еді.

Абай атындағы ҚазҰПУ-да 2023-2024 оқу жылына 2964 талапкер мемлекеттік білім грантының иегері атанған. Ал, университеттің әкімшілік қарамағындағы бес жатақханадағы орындардың жалпы саны 2086 төсек орынды құрайды. Осыдан-ақ орын тапшылығын анық байқауға болады. Бұдан бөлек, жаңа оқу жылында 2 курста — 4015, 3 курста — 4155, 4 курста — 4285 студент білім алады. Сонымен қатар, ақылы бөлімге 1 курсқа қабылданатын талапкерлерді де қосу керек.

Студенттердің басым бөлігі мемлекеттік жоғарғы оқу орнына түседі.  Сәйкесінше,  жатақхана тапшылығы проблемасы бой көтереді. Ал жекеменшік университеттерде керісінше, бос орындар бар болып шықты. 50% жекеменшік санатқа жататын Алматыдағы «Сымбат» сән академиясында керісінше мұнда жатақханаға талас жоқ.

— Биыл жатақханамызда бірнеше бос орындар әлі де бар.  Корпустың дәл түбінде орналасқан өте ыңғайлы. Тоңазытқышқа дейін қамтылған. Студент саны жылдағыдай, — дейді аталмыш университеттегі оқытушы-куратор Мария Жайғұлова.

Түркістан облысынан келген Серікбай, жатақханадан орын тиген бақытты студенттің бірі. Алматыдағы мемлекеттік оқу орнының біріне түскен ол,   ақылы бөлімнің студенті. Тиісті күні құжат тапсырған талапкер, әлеуметтік желіден тізімнен өзінің есімін оқып қуаныпты.

— Оқу ақысы 1 млн теңге еді. Енді оған пәтер ақысын қосамын ба деп отырғанда, жатақханадан орын тигені әрине дұрыс болды. Ата-анама да оңай болмас еді. Онсызда күнделікті жүріп-тұрғанға да қаражат салып отырады.  Бағасы шарықтаған пәтердің ақшасынан құтылғанымыз да отбасымыз үшін қуантышты жағдай болып отыр дейді, — 1 курс студенті Серікбай Мырзабай.

Студент үшін грантқа оқумен түсумен қатар, жатақханадан орын алу бірдей бақыт болып отыр.  Жақында ғана Алматыда 300 орындық жатақхана ашылды деген жаңалықты қуана хабарлағанымен бұл барлық студентті қамтымайтыны белгілі.

Алматы қаласында 280 мың студент бар. Олардың 70 проценті еліміздің басқа өңірлерінен және шетелден келген жастар. Қала әкімдігінің мәліметінше, мегаполисте әлі де 32 мың төсек орын жетпейтін көрінеді. Алаңсыз білім алатын күн барлық студентке бұйырсын деп тілеуден өзге шарамыз жоқ!

Автор: Мөлдір Бегімбет