Жазғы демалысты тиімді өткіземін деген балалар үшін, лагерьлер, үйірмелер, мен аула клубтары жұмыс істейді. Жыл сайын үйірмелердің саны мен сапасы артпаса кеміп жатқан жоқ. Себебі, сұраныс бар.
Бұрынғыдай үйдегі ересектер, баланың мойнына жұмыс артып қоймайды. Пікірімен санасып, қызығушылықтарына мән береді. Көрші балалармен текке қуаласып кешті батыратын заман емес.
Барамын деген жанға ақысыз түрлері де толып тұр. Жылдам қарқынмен дамып жатқан ғасырда кішкентай күнінен жан-жақты дамымасына тағы болмайды. Сонымен, мектеп оқушыларына арналған тегін топтардың жұмысымен таныстық. Баланың өзі оқитын мектебіндегі жазғы лагерьлердің атмосферасы мен үйретушілер оларға жақсы таныс.
Сондықтан, өзіне бейтаныс жерге барғысы келетіндері бар. Бұл ретте, қалалық оқушылар үйі, инновациялық шығармашылық орталықтары, оқушылар сарайы секілді мемлекеттік ұйымдарға баруына болады.
Алматыдағы №6 оқушылар үйіне бас сұққан едік. Аулада мәз-мейрам боп жүрген балалар қарсы алса, іште түрлі шығармашылық топтары қыз-қыз қайнап жатыр екен. Мұнда тап қазір жұмыс істеп тұрған тегін үйірмелер де бар. Жазғы мектеп балаларға не береді дегенімізде оның пайдасын тек бала ғана көрмейді дейді үйірме жетекшісі.
— Жазғы мектеп тек оқушылар үшін ғана емес, ата-аналарға да пайдалы болмақ. Себебі, күні бойы олар жұмыста болғандықтан, балалар үйде қараусыз қалады деп алаңдамайды. Керісінше бос уақытын тиімді пайдаланып, шығармашылықпен айналысуға, өзін дамытуға бағыттай алады. Дәл қазіргі уақытта бізде тегін үш үйірме жұмыс істеп тұр. Олар, шахмат, би, кинология топтары. Қатысушылар әр түрлі жасты қамтыған. Өткен айда басқа үйірмелер болды. Келесі айда да қатысамын дегендер үшін басқа да тегін үйірмелер жұмыс істейді,-дейді «Genetics» би студиясының жетекшісі Фархат Касимов.
Айта кету керек, бұл мемлекеттік қосымша білім беру ұйымдарындағы үйірмелер мен секциялар барлық санаттағы балаларға арналған. Ал, мұндай қала, аудан деңгейіндегі үйірмелерге жазылудың өз тәртібі бар. Олардың тізімін білім басқармаларының сайтынан көруге болады.
Онда таңдалған лагерьдің жұмыс кестесімен және толық бағдарламасымен танысуға мүмкіндік бар. Кез келген лагерьге жазылу үшін, баланың тіркелген мекенжайы мен тұрғылықты жері маңызды емес. Бірінші сыныптан 10-сыныпқа дейінгі балалар жіберіледі. Мектеп бітіруші 11- сыныпқа көшкен оқушылар ҰБТ-ға дайындалатындықтан жазғы демалысқа жіберілмейді.
Жазғы үйірмеге перзентінің жай ғана барып қана қоймай, үйге көтеріңкі көңіл-күймен келетіні де маңызды дейді.
— Үйірме ұстаздарының біліктілігі өте жоғары. Балаларым мәз болып барып келіп жүр. Мерекелік концерттерде түрлі сыйлықтар беріп, жақсы көңіл-күй сыйлайды. Балаларға ерекше көңіл бөліп, бар ықыласымен жұмыс істейді,-дейді үйірмеге баласын берген анасы Лидия Тарасенкова.
Ал, мектеп жанындағы лагерьге баланы орналастыру мәселесі бойынша мектептің әлеуметтік педагогына қабылдау туралы өтінішпен жүгіну қажет.
Алматыда биыл жазғы демалыс кезінде 266 мың бала демалып жатыр. Ал, ел бойынша биыл жазғы демалыста 2,9 млн оқушы демалыс және сауықтырумен қамтылуда.
Автор: Мөлдір Бегімбет