Жер сілкінісінен қорқып қалған жандар фобиямен қалай күресуі керек?

Автор: Редактор 26 Наурыз, 2024


Алматыда биыл екі рет болып үлгерген жер сілкінісі тұрғындарды біраз шошытып қойды. Әсіресе көпқабатты үйде тұратындар қорқынышпен күнелтіп жүр.

Жас балалары бар жанұялар қажетті заттары салынған сөмкелерін жанына қойып, киіммен ұйықтап жүргендерін айтады. Демек, тұрғындарға ақпараттық көмек керек. Алматы халық тығыз орналасқан қала екенін ескерсек, бұл аса маңызды.

Бүгінде алып шаһарда 2 234 963 адам тұрады, ал облыста 1 532 985 тұрғын бар. Екеуін қосқанда ел халқының 18.79%-ын құрайды екен.

Осынша адамның қорқынышпен таңды атырып, күнді батырып жүргендері әрине жақсы емес. Психологияда, қорқыныш адамның еркінен айырып, жүйкесінің сыр беруіне алып келеді делінген. Жер сілкінісінен пайда болған фобия да үнемі ойды мазалайтын болып тұр. Фобия дегеніміздің өзі белгілі бір құбылысқа қатысты бойында өзі басқара алмайтын қорқыныштың, үнемі дамыл бермейтін жанталастыра беретін үрейдің болуы.

Біздің жағдайда бұл жер сілкінісі мәселесі болса, бұл фактор тікелей өмірге қауіп төндіріп тұр. Жаңадан салынған көпқабатты үйдің 17-қабатында тұратын тұрғыны қатты қорыққанынан өз үйінен кетіп, 1-қабаттан ақыға жалдамалы пәтерге уақытша көшкенін айтады. Қалтасынан қаражат шығарып, өз үйінен кету қалыпты өміріне өзгеріс әкеліп тұрғаны рас.

-Терезе зырқылдып, жиһаздар қозғалғанда қатты қорқып кеттім. Жолдасымда ол кезде үйде емес еді. 1 жастағы ұлыммен үйде жалғыз болғандықтан, тіпті сасып қалдым. Ешқандай әрекет жасауға мұршам болмады. Сондықтан жолдасым бір күндігі 40 мың теңге тұратын үйден 1 аптаға пәтер жалдады. Бұл менің сәлде болса, алаңсыз болуыма ықпал етті. Уақыт өтіп, кішкене ұмытыла бастаған соң қайта өз үйіме келдік,-дейді Гүлжанар.

Бұдан қала тұрғындарының біршамасы жер сілкінісіне дайын емес екенін аңғаруға болады. Эмоцияға ерік беріп, бірден қажетті әрекетке көшпейтінін көрсетіп тұр. Демек, қауіпсіздік шараларын жасау үшін психикалық күштің мықтылығы қажет. Оқиға өтісімен, әлеуметтік желіде қатты қорқып қалған жандарға арнап шұғыл онлайн топтық терапия өткізген психолог маманмен тілдестік. Оған қатысу үшін ешқандай баға қойылмапты. Тек әркім өз мүмкіндігіне орай, төлем жасауды ұсынған. Тегіннің орнына алу беру заңдылығын сақтау үшін осылай жасалған көрінеді. Қорқынышқа батып кетпеудің жолдарын меңгеріп, кішкене де болса серпілгендерін айтуда дейді.

– Жер сілкінісінен кейін аудиторияма топтық терапия өткіздім. Қатысушылардың кері байланысына қарасам олардың ұйқысы тынышталып, үрейі басылған. Адамның бойындағы қорқыныш өмірдегі қадамдарымызға үлкен әсер береді. Қандай да бір істі бастай алмау, зейінді бір жерге шоғырландыра алмау, концентрацияның жоғалуы мен еңбек өнімділігінің азаюына алып келеді. Қатты қорыққанда ағзаға кислород жетіспейді, сол кезде тыныс алу арқылы жасалатын практикаларды жасаған дұрыс. Одан кейін әрине жер сілкінісіне бейімделу керек. Мен мына жерге тығыламын деген қауіпсіз орынын дайындап жүргені дұрыс. Яғни адам өзін-өзі қорғауды меңгеретін сәт болып тұр. Жер сілкінісі болғанда қалай сақтанасың дегенге нұсқаулық видеолармен жақсылап танысып жаттап алғаны абзал. Жамандық шақырып не керек деп жауапсыздық танытпағаны жөн болар еді. Яғни, бұл құбылысты жоққа шығармай, керісінше мойындап, болған жағдайда мен дайын болуым керек деп өзінің әрекеттерін жасап үйренгені жақсы,-дейді психолог Эльвира Ерғалина.

Ал адамдардың әліге дейін қорқып жүруіне, әлеуметтік желідегі түрлі ақпараттар үрейін одан әрі үдетіп жатуы да себеп, сондықтан одан алшақ болуға шақырды психолог маман.


– Жер сілкінісінен қорқу қалыпты, бірақ ол үрей мен белгісіздікті одан сайын күшейтіп жатқан әлеуметтік желідегі байбаламдар. Олар қорқыныштың сейілуін ұзартып жатыр. Салдарынан түрлі қорқыныштар араласып, адамдарды бір орында отырғызбай жатыр. Бұл қауіпсіздігімізді қамтамасыз ету үшін болатын бойымыздағы сигналға қайта-қайта тиісу. Бұл үреймен күресе алмаймыз, бар болғаны оны басқару, еркіне жығылмау. Тезарада басылуға болушы еді, бірақ адамдар көз алдындағы картиналарды миында айналдырып, былайша айтқанда миы сағыз шайнап жатыр. Тықыр еткеннің барлығына жер сілкінісі болатын сияқты. Сондықтан әлеуметтік желілерге мүмкіндігінше өзінің ақпараттық қауіпсіздігін жасасын. Одан кейін, әрине мүмкіндігі болса маманмен жұмысы істеген өте жақсы. Оған мүмкіндігі болмаса, өзін тыныштандыратын арнайы практикалар жасауға болады, – дейді маман.

Ал жер сілкінісінен қорықпайтын жандардың да пікірін сұрап білдік.

– 15-қабатта тұратынымыз өзімізден бұрын алыстағы туыстарымызды уайымдатып отыр. Төменгі пәтерге көшіңдер деп жиі айтатын болды. Жер сілкінісі болғаннан соң, күні бойы далада жүрдік. Баламыз тоңды-ау дегенде үйге кірдік. Қатты қорқып, үрейге баттық деп айта алмаймын. Себебі, менің түсінігімде қайда жүрсеңде сақтайтын құдай, ажалың жетсе ештеңеден қашып құтыла алмайсың, – дейді тұрғын.

Тірлікке қолы бармай, қорқыныштан шыға алмай жүргенге қарағанда бұл әрине жақсы. Дегенмен, жағдайды мойындап, қауіпсіздік шараларын естен шығармағаны жөн.

Жер сілкінісі орын алғаннан кейін, әлеуметтік желіде және мессенджерлерде жалған ақпараттар қаптап кеткен болатын. Қираған ғимараттардың таспалары мен суреттерін жариялап, халықтың эмоциясын пайдаланғандарда табылып жатыр. Қаралым жинап, өзінің бас пайдасын ойлағандардың әрекеті құптарлық іс еместігі ақиқат. Мұндайда төтенше жағдайлар департаменттің ресми деректеріне сүйену маңызды.

Мөлдір Бегімбет