2024 жыл: Мақсатты дұрыс қоюдың 4 қадамы

Автор: редактор 25 декабря, 2023


2024 жыл: Мақсатты дұрыс қоюдың 4 қадамы

🟢 Арман. Мақсат. Әрекет. Адам осы үшеуі арқылы өз дегеніне жете алады. Арманды шындыққа айналдыру үшін алдыңа қойған нақты мақсатың болуы керек. Ал мақсатты іске асыру үшін әрекет қажет. Қара сөздің қара нары Құнанбайдың Абайы да “Өзі­­ңе сен, өзіңді алып шы­ғар, еңбегің мен ақылың екі жақ­­тап!” деп айтып өткен.

Олай болса бүгін біз осыған қатысты пайдалы жазбамызды ұсынамыз! Мұнда сен дұрыс мақсат қоюды үйренесің.✅

📌Мақсатыңа деген сенімнің болуы

Мақсатты жүзеге асыру үшін «менің қолымнан келмейді» емес, «мен жасай аламын» деген ұстанымды басты назарға ал. Мәселен, электр шамын жасау үшін Томас Эдисон 10 000 рет қателесті. Уолт Дисней әйгілі Диснейлендті құру үшін 303 рет банктен «жоқ» деген жауап естіді. «Гарри Поттердің» авторын қаншама баспагер қайтарып жіберді. Міне, бүгінде олардың әлемге әйгілі болуының басты құпиясы өз арманы мен мақсаттарына деген сенімінде болды. Сондықтан сен де өз мақсатыңа адал бол! Оған сен!

📌Мақсаттардың тізімін жазу

Тек ойда жүрген мақсатыңның орындалуы екіталай. Түбінде ол жай ғана арман болып қалуы әбден мүмкін. Сондықтан арнайы дәптер бастап, мақсаттар тізімін жазып шық. Аралық мақсат қойып, оны кіші мақсаттарға бөлеміз. Кіші мақсаттарды кезеңдерге жіктеп, нақты қадамдарын жазамыз.

📌Мақсаттың нақты болуына мән бер

Өзіңнің нақты не қалайтыныңды анықтап ал. Мәселен, “ҰБТ-дан жоғары балл жинасам ғой” дегеннің орнына, қанша балл алғың келеді, қай жоғары оқу орнында білім алғың келетінін ойлап, мақсатыңның орындалуына қадам жаса.

📌Мақсаттың орындалу уақытын анықта

Әр мақсаттың белгіленген уақыты болсын. Мерзімі мен нақты уақыты жоқ мақсат, орындалмаған күйі қала береді. Есіңде болсын, жетістіктің сыры санда емес, сапада. Ал сапаға жұмыс істеу үшін уақытыңды бағалап үйрен. Мақсаттарыңның күні мен айын белгілеп қойсаң, өмір сүрудің оңай әрі жағымды екенін байқайсың.

Ендеше саған сәттілік! Мақсатың айқын болсын! ✅