2024 жылы қай маман иелерінің жалақысы өседі?

Автор: редактор 04 Қаңтар, 2024


2024 жылы қай маман иелерінің жалақысы өседі?

📌 2024 жылы Қазақстанда бірқатар сала қызметкерлерінің жалақысы өседі.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы мөлшерін 85 мың теңгеге өсті. Бұл бастама 1 миллион 800 мың адамның жағдайын арттыруға септігін тигізеді екен.

Ал халықтың табысын арттыру бағдарламасы аясында азаматтарды жұмыспен қамту үшін 2024 жылға 3,5 трлн. теңге көзделіп отыр.

1️⃣ Су саласы қызметкерлері

2024 жылғы 1 қаңтардан бастап су шаруашылығы қызметкерлерінің еңбекақысы орта есеппен 25%-ке артты.

«Еңбекақыны көтеру – су шаруашылығы саласында жұмыс істеуді тартымды ету қадамдарының бірі. Әрине, салада жүрген мамандарды ұстап қалып қана қоймай, оларды қажетті дайындықпен, заманауи дағдылармен және біліммен қамтамасыз ету қажет. Министрлік бұл бағытта белсенді жұмыс жүргізіп жатыр», – деді су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

Бұдан бөлек, министрлік отандық су саласының кадрлық әлеуетін жақсарту үшін су шаруашылығы мамандарын қайта даярлауды және олардың біліктілігін арттыруды жоспарлап отыр.

2️⃣ Тәрбиеші, ғалым, орманшы

2024 жылы балабақша тәрбиешілерінің жалақысын 30 пайызға көтеру үшін бюджеттен 96 миллиард теңге қарастырылған. 242 миллиард теңге ғылымды қаржыландыруға бағытталмақ.

Ал мемлекеттік табиғи және орман қорғау қызметкерлеріне қосымша ақы төлеуге 15 млрд. теңге көзделген.

3️⃣ Журналистер

Мемлекеттік БАҚ құралдарында еңбек ететін қызметкерлердің айлығы да өседі. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақов хабарлады. Мемлекеттік БАҚ-та жұмыс істейтін журналистердің 2024 және 2025 жылдары жалақысы көбейеді. Биыл 30 пайызға, келесі жылы да 30 пайызға, ал, 2025 жылы 20 пайызға көбеймек.

4️⃣ Кеншілер

Қауіпті өндіріс орындарында жұмыс істейтіндер әлеуметтік төлем алады. Жаңа заң жобасын Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әзірледі. Бұл металлургия, энергетика, тау-кен секторындағы жұмысшыларға қатысты. Төлемақы 55 жасқа толғандарға 200 мың теңге көлемінде беріледі. Кеншілердің жалақысы да өсуі мүмкін. Ең төменгі жалақы 300-400 мың теңге шамасында болады. Ал, бүгінде қауіпті өндіріс орындарында 490 мыңнан астам адам жұмыс істейді.