2024 жылы күшіне енетін ТОП-3 заң: Қазақстандықтарды қандай өзгеріс күтіп тұр?

Автор: редактор 28 Желтоқсан, 2023


2024 жылы күшіне енетін ТОП-3 заң: Қазақстандықтарды қандай өзгеріс күтіп тұр?

2024 жылы елімізде бірқатар заң күшіне енеді. Ендеше бүгін солардың ең негізгі үштігіне тоқталамыз.

1️⃣ Ең төменгі жалақы мөлшері өседі

📌 Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңға қол қойды.

Заңға сәйкес 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап:

▪️ең төменгі жалақы (ЕТЖ) – 85 000 теңге;

▪️айлық есептік көрсеткіш (АЕК) – 3 692 теңге;

▪️мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері – 28 215 теңге;

▪️зейнетақының ең төменгі мөлшері – 57 853 теңге;

▪️базалық әлеуметтік төлемдердің мөлшерін есептеуге арналған ең төменгі күнкөріс минимумы 43407 теңге болып бекітілді.

Жасы бойынша зейнетақы төлемдеріне және еңбек еткен жылдары үшін зейнетақы төлемдеріне бөлінген қаражат осы аталған сомалардың 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап 9%-ға ұлғаюын ескере отырып қарастырылған.

Сондай-ақ мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2024-2026 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» заңға қол қойды.
Бұған дейін заң жобасы қоғамдық талқылауда болды.

2️⃣ Жалпыға бірдей декларациялаудың үшінші кезеңі басталады

📍Жалпыға бірдей декларациялаудың үшінші кезеңі 2024 жылы басталады. Үшінші кезеңде активтер мен міндеттемелер туралы «кіріс» декларациясын (250.00-форма) алғаш рет 2024 жылғы 1 қаңтарға заңды тұлғалардың (ЖШС, АҚ, ҚБ және басқалар) басшылары, құрылтайшылары (қатысушылары), жеке кәсіпкерлер және олардың жұбайлары ұсынады.

Ал 1-2-кезеңде декларация тапсырғандар 270.00-форма бойынша кірістер мен мүлік туралы декларацияны тапсыруды жалғастырады.

3️⃣ 18 жасқа дейінгі балалар Ұлттық қордың инвестициялық кірісінің бір бөлігін алады

☝🏻2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап Ұлттық қордың инвестициялық табысының жартысы жыл сайын 18 жасқа дейінгі барлық жастағы балалар арасында бөлінеді.

Заңға сәйкес, Ұлттық қордың жылдық инвестициялық кірісінің 50 пайызы балалар 18 жасқа толғанға дейін олардың арнайы жинақ шотына аударылады. Бұл ақшаны олар болашақта баспана сатып алуға немесе білім алуға жұмсай алады. Бұл ретте қаражатты шетелдік жоғары оқу орнында оқу үшін пайдалануға рұқсат етіледі. 18 ­жасқа дейінгі бала үшін болжамды жи­нақ сомасы шамамен 3,5 мың долларды құрайды. Алайда бұл сома капитал нарығының құбылмалылығын ескере отырып, тарихи деректер негізінде есептелген және әлемдік экономиканың конъюнктурасына байланысты түзетілуі мүмкін.

📍Соңғы деректерге сүйенсек, Қазақстанда 18 жасқа дейінгі 6 млн 700 мың бала бар. Демек кәмелетке толмаған әрбір қазақстандық бала Ұлттық қордан өз үлесін алуға құқылы.

Шотта жиналған ақшаны 18 жасқа толғаннан кейін ғана пайдалануға болады. Алайда бала азаматтығын өзгерткен немесе жоғалтқан жағдайда төлем алу құқығынан айырылады. Ұлттық қордан берілетін қаражатқа салық салынбайды. Ал егер бала шетелде өмір сүріп, бірақ Қазақстан азаматтығын өзгертпесе, оның шотына кәмелет жасқа толғанға дейін қаражат аударыла береді.

Ал сіз тізімге тағы қандай заңды қосар едіңіз?🤔