2025 жылы “7-20-25” ипотекасында қандай өзгерістер болады?
📢 ҚР Ұлттық Банкі 2025 жылы “7-20-25” ипотекалық бағдарламасына енгізілетін өзгерістерді жариялады.
Өзгерістер Ұлттық Банктің 2024 жылғы 30 қазандағы № 65 Басқарма қаулысымен енгізіледі.
🔹 Бағдарламаны қаржыландырудың жылдық көлемі 2025 жылы 100 млрд теңгеге дейін шектелмек.
🔹 Әскери қызметшілерге жеңілдіктер: негізгі қарыз және сыйақы бойынша төлемдер әскери қызмет өткеру мерзіміне, сондай-ақ ол аяқталғаннан кейін 60 күнді қоса алғандағы мерзімге кейінге шегеруді енгізу.
🔹 Жаңа талаптар: 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап әрбір отбасы мүшесіне пайдалы ауданы 15 шаршы метрден кем жатақханалардағы бөлмелерді, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен апат жағдайында деп танылған тұрғын үйлерді қоспағанда, Қазақстан Республикасының аумағында соңғы 18 ай ішінде қарыз алушының (және жұбайының/зайыбының) меншік құқығында тұрғын үйінің болмауы туралы талапты енгізу көзделеді.
🔸 Ұлттық банк бұл өзгерістер тұрғын үйге мұқтаж қазақстандықтарды қолдау мақсатында енгізіліп отырғанын айтты. Ал ипотека шарттары өзгеріссіз қалды: ең төменгі бастапқы жарна, несиенің ең жоғары сомасы, сыйақы мөлшерлемесі және т.б.
«Бұл нормалар халықты, әсіресе, баспанаға мұқтаж азаматтарды мейілінше көбірек қамту мақсатында, сондай-ақ мерзімді әскери қызметтің әскери қызметшілері үшін банктік қарыз шарттары бойынша негізгі борыш пен сыйақы бойынша төлем мерзімін кейінге қалдыруды көздейтін заңнамадағы өзгерістерге сәйкес енгізіледі. Бағдарлама аясында берілетін ипотекалық тұрғын үй қарыздарының параметрлері (бастапқы жарнаның ең төменгі мөлшері, қарыздың ең жоғары сомасы, сыйақы мөлшерлемесі, қарыз мерзімі, өңірлер бөлінісінде сатып алынатын тұрғын үйдің ең жоғары құны және т.б.) өзгеріссіз қалады», — делінген хабарламада.
📊 Бағдарлама нәтижесі: 2018 жылдан бері 1 триллион теңгеден астам сомаға 76 753 жеңілдетілген несие берілген.
✒️ “7-20-25” бағдарламасы 2018 жылы жұмыс істейтін азаматтарға 20% бастапқы жарнамен, жылдық 7% сыйақымен, 25 жылға дейін қолжетімді ипотека ұсыну үшін іске қосылған болатын.
🏡 Бұл бағдарламаның мақсаты — Қазақстан азаматтарының баспана мәселесін шешу жолында қолдау көрсету.
Қаулының толық мәтінімен Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ресми интернет-ресурсында танысуға болады.