23 жасында миллиардер атанған Марк Цукербергтің әлемге ықпал ету жолы

Автор: редактор 19 Желтоқсан, 2023


23 жасында миллиардер атанған Марк Цукербергтің әлемге ықпал ету жолы

📌 Марк Цукерберг— АҚШ бағдарламаушысы, Facebook әлеуметтік желісінің негізін қалаушы әрі Meta Platforms компаниясының бас директоры. 23 жасында ол әлемдегі ең жас миллиардер атанды. Сәуір айындағы соңғы мәліметке сәйкес, оның байлығы 84,9 миллиард долларды құрады. Осы көрсеткішпен ең бай адамдар тізімінде 14-ші орында тұр.

👨🏻‍💻Марк жастайынан компьютерге ерекше қызығушылық танытып, электронды машинаға деген икемі жоғары болды. Осы қабілеттерінің арқасында жас Марк 12 жасында Atari BASIC платформасында “Zucknet” деп ат қойып, хат алмасуға арналған бағдарлама жасап шығады. Кейін бұл құралды бүкіл отбасы өзара сөйлесу үшін қолдана бастады.

Әкесі Эдвард “Zucknet”-ті клиникасында жаңа емделушінің келгендігін біліп отыру үшін пайдаланды. Ұлдарының компьютерлік ойындарды да жасап жүргенін көрген ата-анасы баласының талантын шыңдау үшін бағдарламашы Дэвид Ньюманды жалдап оқытады. Осылайша мұғалім аптасына бір рет келіп, Маркпен жұмыс істейді.

🏛️ 2002 жылы ол Гарвард университетіне оқуға түсіп, топ жарған бағдарламашылардың қатарында бой көрсетеді. Көп ұзамай мұнда студенттердің нақты қандай сабақтарға қатысатынын көрсететін Coursematch қосымшаны жасап шығарады. Сонымен қатар Цукербергті адамдардың бір-бірімен байланыс орнатып, танысуға мүмкіндік беретін белгілі бір жүйенің жоқ болуы алаңдатты. Die Welt am Sonntag газеті журналисінің Coursematch қалай Facebook болды деген сұрағына Цукерберг өнер тарихының қорытынды емтиханы шешуші рөл атқарғанын жеткізді. Себебі оқу барысында Цукерберг уақытының басым бөлігін бағдарламалауға арнады. Сондықтан ол бұл емтиханнан өте алмайтынын іштей сезеді. Оған белгілі бір өнер нысанының құндылығы туралы эссе жазу қажет еді. Осылайша, Цукерберг коллекциядан кездейсоқ таңдалған элементті көрсетіп, ол туралы пікір қалдыруға мүмкіндік беретін қосымша жасайды. Кәсіпкердің емтихан нәтижелері жоғары болады. Марк тағы бірнеше сынақтан өткеннен кейін, Facebook-тің бірінші нұсқасын жасауға бел байлайды. Бұл адамдардың өз ойларымен бөлісіп отыратын қолданба жасау идеясы еді.

Ал оның Гарвардтағы құрдастары оқиғаның мүлдем басқаша болғанын айтады. Дивья Нарендра мен ағайынды Винклвосс Цукербергті компанияларына әзірлеуші ​​ретінде жалдаған кезде олардың идеясын, технологиясын, дизайнын және бизнес жоспарын ұрлады деп айыптады. Бұл – танысу сайты еді. Олардың айтуынша, Цукерберг сайттың егжей-тегжейімен танысып, өз жұмысын адал атқарудың орнына, Facebook-ке айналған жеке веб-сайтты құрған. Осылайша бұл кикілжің сотқа дейін барады. Ал сот процессі құпия түрде өтеді. Қандай жағдай орын алса да, Facebook әлемді жаулап алды. Бұл қолданбасыз өмірімізді елестете алмайтынымыз да рас.

📍Facebook стартаптар мен технологияларға белсенді түрде инвестиция салады. Сондай-ақ сатып алған компаниялардың саны елуден асады. 2012 жылдың маусым айында Цукербергтің компаниясы суреттерден кім екенін тануға мүмкіндік беретін Face.com қолданбасына да иелік етеді. Сол жылы Instagram әлеуметтік желісін де 1 миллиард долларға сатып алады. Себебі ол Facebook-тің басты бәсекелесі болды. 2014 жылы Facebook Oculus VR виртуалды шындық құрылғысын әзірлеушіге 2 миллиард доллар жұмсады. Виртуалды шындық достарыңызбен естеліктер мен оқиғаларды бөлісумен қатар, оларға өз сезімдеріңізді жеткізуге де мүмкіндік береді.

📍Сонымен бірге Facebook-тің ең үлкен инвестициясы – WhatsApp мессенджері. Оны 19 миллиард долларға сатып алды. Фейсбуктың жеке мессенджері тек 2015 жылы, яғни WhatsApp-ты сатып алғаннан кейін ғана жеке қосымша ретінде шығарылды.

☝🏻 Айтпақшы, WhatsApp-тың әлемдік жетістігіне қарамастан, оны АҚШ-та халықтың бірнеше пайызы ғана пайдаланады. Америкалықтардың негізгі байланыс әдісі – SMS (60% -дан астам), содан кейін Facebook мессенджері – 15%, WhatsApp – 2% . WhatsApp әртүрлі елдің адамдары арасындағы қарым-қатынас мәселесін шешумен байланысты болса керек. Өйткені американдықтардың көпшілігінде мұндай мәселе болмаған. Өкінішке қарай, Цукерберг пен WhatsApp құрушысы Ян Кум арасында мессенджерді монетизациялау бойынша кикілжін туындайды. Осылайша екеуі жұмысын тоқтатады.

🏆 Марк Цукерберг 26 жасында “Жыл адамы – 2010” атағымен марапатталады. Оның бұл дәрежеге ие болуына “Әлеуметтік желі” фильмі әсер етті. Бұл фильм Facebook желісінің негізін қалаған жас жігіттің өз ісіне берік­тігі, еңбекқорлығы баяндалады. Кейбір мәліметтер бойынша, Марк Цу­керберг әлемге танымал Билл Гейтстің өміріне еліктеп, Гарвард университетіндегі оқуын тастап, фрилансер болуға ұмтыл­ған.