30,3 млрд теңге: 2024 жылы 2,5 пайыздық микрокредит туралы не білуіміз керек?

Автор: редактор 21 декабря, 2023


30,3 млрд теңге: 2024 жылы 2,5 пайыздық микрокредит туралы не білуіміз керек?

📍Кредитті қандай мақсатта алуға болады?

2,5%-дық микрокредит жастардың кәсіпкерлік бастамаларына жәрдемдесу мақсатында беріледі.

Конкурстық комиссияның шешімімен үздік деп танылған жас кәсіпкерлердің бизнес-жобалары микрокредит ала алады.

◼️ Микрокредит шарты қандай?

* Несие бағдарламасына тіркелгеніне әлі 5 жыл толмаған жеке кәсібі бар, 35 жасқа толмаған жастар қатыса алады. Үміткердің жасы құжат тапсыру сәтінде ескеріледі.
* Несиенің ең жоғары сомасы – 5 млн теңге (кепіл қою міндетті).
* Сыйақы мөлшерлемесі – жылдық 2,5%-дан аспайды.
* Кредиттеу мерзімі мал шаруашылығына – 7 жыл, өзге кез-келген мақсат үшін – 5 жыл.

📌 Кұжаттарды қайда өткізеді?

* Микрокредит алуға ниетті адам құжат қабылдау науқаны басталған соң «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның жергілікті филиалдарының біріне жүгінуі керек. Үміткер оған қажет құжаттарды (құжаттар тізімі – келесі бөлімде) ұсынады.
* Аграрлық несие корпорациясы құжаттарды өтініш тіркелген күннен бастап 3 жұмыс күні ішінде тексереді. Құжаттар мен ондағы мәліметтер микрокредиттеу шарттарына сай келмесе, себебін көрсете отырып құжаттарды иесіне қайтарады.
* Өтініш тіркелген күннен бастап 15 жұмыс күні ішінде құжаттар мен бизнес жобаға бағалау жүргізіледі.
* Бизнес жобаны бағалаудан кейін 3 жұмыс күні ішінде нәтижесін конкурс комиссиясына ұсыну үшін халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті атқарушы органға жібереді.
* Бизнес жобаларды іріктеу жөніндегі конкурстық комиссияның отырысы айына ең кемі бір рет өткізіледі.
* Үздік бизнес жоба иелері халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті атқарушы органмен және Аграрлық несие корпорациясымен микрокредит беру туралы шартқа және кепіл шартына қол қояды.
* Кепіл шартын уәкілетті орган тіркегеннен кейін Аграрлық несие корпорациясы 5 жұмыс күні ішінде үміткердің шотына микрокредит сомасын аударады.

📂 Қандай құжаттар талап етіледі?

Микрокредит алуға үміткер келесі құжаттарды Аграрлық несие корпорациясына ұсынады:

1. Микрокредит алуға сауалнама-өтініш;
2. Жеке басты куәландыратын құжат;
3. Кредиттік тарих субъектісінің ол туралы ақпаратты кредиттік бюроға беруге, сондай-ақ кредиттік есепті алушыға кредиттік есепті беруге келісімі;
4. Субъектінің мемлекеттік (оның ішінде құқық қорғау)/мемлекеттік емес органдарға, БАҚ-қа берілген микрокредит туралы ақпаратты, мәліметтерді және кредит беру туралы шарт бойынша міндеттемелердің орындалу-орындалмауы туралы барлық мәліметті беруге және алуға келісімі;
5. Бизнес-жоспар;
6. Қарыз алушының микрокредит алу, мүлікті кепілге беру жөніндегі мәмілені мақұлдау туралы шешімі;
7. Агенттің ішкі құжаттарына сәйкес ресімделген мүлікті кепілге беру жөніндегі кепіл берушілердің келісімі;
8. Қызмет көрсететін банктен шоттың бар екені туралы анықтама;
9. Несиелік берешектің, оның ішінде қаржы ұйымдарынан мерзімі өткен берешектің болуы туралы анықтама (кредиттер болса);
10. Қарыз алушының жалақысын, өзге де кірістерін растайтын құжат (жинақтаушы зейнетақы қорының үзінді көшірмесі);
11. Бағалау туралы есеп;
12. Кепіл беруші және кепілмен қамтамасыз ету жөніндегі құжаттар.

1, 3 және 4-нөмірдегі құжаттар кредитордың қатысуымен толтырылады.

💸 Бюджеттен қанша қаржы бөлінген?

2023-2025 жылдары 90,5 млрд теңге сомасына 18,2 мың микрокредит беру жоспарланған. Оның ішінде:

* 2023 жылы – 28,9 млрд теңге сомасына 5,8 мың микрокредит;
* 2024 жылы – 30,3 млрд теңге сомасына 6,1 мың микрокредит;
* 2025 жылы – 31,3 млрд теңге сомасына 6,3 мың микрокредит.

🤔 Бағдарлама қай жылға дейін жалғасады?

Қазақстан президентінің сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарында 2029 жылға дейін жастарға микрокредит беріледі деп көрсетілген.