Артық ойдан арылудың ең қарапайым әрі тиімді жолы туралы не білеміз?
‼️ Бүгінгі ақпарат ағыны адам санасына жүк, жүрекке уайым, санаға күмән жүктеп жатыр. Әрбірімізде шешілмей жүрген сұрақтар, басталмай қалған істер, іште бүккен ойлар бар. Осындайда санадағы түйткілді тарқатуға көмектесетін ерекше тәсіл бар – ол фрирайтинг әдісі.
🔎 Фрирайтинг – қазақшаға аударғанда “еркін жазу” немесе “еркін хат” деген мағынаны білдіреді. Бұл – қолыңызға қалам алып, ішкі дүниеңізді сүзгіден өткізбей, ашық әрі шынайы түрде ақ қағазға түсіру. Бұл әдіс көп жағдайда психологиялық жеңілдік беріп, нақты шешім табуға жол ашады.
📌 Кімдерге пайдалы?
• Бір істі бастағысы келіп, батылдық таппай жүргендерге;
• Мәселесіне жауап таппай жүргендерге;
• Жаңа идея іздеген шығармашыл жандарға;
• Ішкі ойын сыртқа шығара алмай жүрген, эмоционалды тығырықтағы адамдарға;
• Шабытын жоғалтқандарға;
• Мидағы ауыр ойдан арылғысы келетін кез келген адамға бұл әдіс нағыз көмекші құрал бола алады.
📍Фрирайтингті қалай жазуға болады?
1. Тыныш ортаға жайғасыңыз. Қолға қалам мен таза парақты алыңыз.
2. Оятқышты 20 не 30 минутқа қойыңыз.
3. Ішкі сұрағыңызды анықтаңыз. Мысалы:
– «Мен неге алаңдаймын?»
– «Қандай бағытқа бет бұруым керек?»
– «Мені не бақытты етеді?»
4. Таймер қосылғаннан кейін – жай ғана жаза беріңіз. Ойыңызға келген кез келген дүниені – талғамай, сұрыптамай, тоқтамай қағазға түсіріңіз.
5. Таймер шырылдағанға дейін тоқтамаңыз. Ой келмей жатса – «ештеңе ойыма келмей тұр» деп жазыңыз. Маңыздысы – жазу.
6. Уақыт біткен соң жазғаныңызды оқып шығыңыз. Ішінен маңызды ойларды, қайталанған тіркестерді түртіп алыңыз – бұл сіздің ішкі түйсігіңіздің жауабы болуы мүмкін.
📍Фрирайтингтің басты ережелері:
▪️ Ойланбаңыз – жазыңыз. Қағазға ой сүзгіден өтпей түсуі тиіс. Қателер мен стильге мән берудің қажеті жоқ.
▪️ Шынайы болыңыз. Біреудің пікіріне тәуелді болмай, өз ішкі дауысыңызға құлақ түріңіз.
▪️ Ойыңыз бөлініп кетсе – тоқтамаңыз. Мазасыз ойлардан арылудың бірден-бір жолы – оларды жазып тастау.
▪️ Сөз емес, сөйлеммен жазыңыз. Ойыңыз тұтас ағын секілді ағуы керек.
Фрирайтинг – әр адамның ішкі дауысы. Ол сіздің санаңызға жиналған ауыр ойды сыртқа шығарып, маңызды шешімге бір қадам жақындатады. Кейде адамға психолог та емес, кеңесші де емес, тек өзі керек. Осы әдісті күнделікті өміріңізге енгізсеңіз – жауабын таба алмаған сұрақтарыңыз өздігінен тарқай бастайды.