Қаржылық сауат: кіріс пен шығысты қалай есептеу кажет?
💸 Қаржылық сауаттылық бойынша кіріс пен шығысты есептеп отырудың маңызы жоғары.
1️⃣ Атап айтатын болсақ, біріншіден — қаржылық сауаттылықты тұрақты түрде бақылауға аласың.
2️⃣ Екіншіден — қажетсіз шығындарды азайтасың.
3️⃣ Үшіншіден — діттеген мақсаттарыңа тез жете аласың. Мәселен, саяхаттауға көңіл бөліп, ойыңда жүрген бағалы затты алуға мүмкіндік туады.
💸 Ақшаны басқару әрі оны дұрыс бағытта жұмсау — қиын емес. Мұны кез келген жастағы адам меңгере алады. Тек қарапайым әдісін үйреніп, нақты әрекетке көшсең жеткілікті. Ал нәтижесін бір айдан кейін байқайсың.
📌 Сонымен табыстар мен шығыстардың есебін күнделікті жүргізіп отыру үшін арнайы дәптер баста. Егер дәптер ыңғайсыз болса, электронды түрде жүргізуіңе де болады. Мысалы, IOS AppStore және Android PlayMarket платформаларында кіріс пен шығысты есепке алу бойынша көптеген қосымша бар.
Ақшаны дұрыс басқару үшін табыс көзі мен шығыстарды дұрыс бөлуіміз керек.✔️
🟢 Кіріс
➕ Тұрақты түрде түсіп отыратын – жалақы, зейнетақы, шәкіртақы;
➕ Күтпеген жерден түсетін – сыйақы, бір рет берілетін табыстар;
🔴 Шығын
➖ Тұрақты шығын — яғни, азық-түлік, шаруашылық тауарларын сатып алу, коммуналдық қызметтерді, жолақы, оқу ақысын төлеу;
➖ Жеке кәсіпке немесе білімге арналған инвестиция. Мәселен, курсқа қатысу, тауарларды сатып алу, орынды жалға алу;
➖ Жоспарланған шығын немесе күтпеген жерден орын алған оқиғалар. Мысалы, көңіл көтеретін іс-шара шығындары немесе киімге кететін шығын;
➖ Ай сайын төленетін несие.
📌 Кесте дайын болғаннан кейін айлық табысыңның шығындарға жетіп-жетпейтіндігін байқай аласың. Егер кіріс шығындарды жабуға жетпей жатса, қажеттіліктерімізді маңыздылығы мен жеделдігіне қарай ретпен тізіп жазамыз. Содан соң тізім бойынша ақшаны жұмсаймыз.
📌 Сонымен қатар, күтпеген жағдайлар үшін ақша бөліп қойғанымыз жөн. Бұл қор күтпеген қиындықтар туындаған жағдайда үлкен көмегін тигізеді.
📌 Егер шығынға бөлінген қаражат артылып жатса, оны келесі айға қосуға, басқа маңызды бір қажеттілікті жабуға немесе арнайы қорға қосып қоюға болады.
📌 Ал қандай да бір бағалы зат немесе ақылы білім алғың келсе, сол мақсаттарыңа жету мерзімін белгіле. Содан соң әрбір мақсатыңа жету үшін айына қанша ақша жинай алатыныңды бағала. Бұл жалпы табыстан барлық шығысты алғаннан кейін қалатын сома болуы тиіс.
🟢 Мақсаттарыңа жету үшін жеткілікті соманы қандай мерзімде жинай алатыныңды есепте.
1. Қанша сома қажет екенін анықтау;
2. Мақсатқа жету мерзімін білу;
3. Белгілі бір соманы ай сайын жинау.