Қаржылық сауатыңызды арттыратын ТОП-4 кітап

Автор: редактор 19 декабря, 2024


Қаржылық сауатыңызды арттыратын ТОП-4 кітап

📔 Ақша ақшаны жасайды (Деньги делают деньги)

Қаржылық тәуелсіздік – еркіндіктің ең маңызды түрлерінің бірі. Қаржылай еркін адам үшін ақша – күнкөріс құралы емес, мүмкіндік көзі. Дмитрий Лебедевтің бұл кітабы – автордың өз тәжірибесі мен таныстарының қаржылық жетістіктеріне негізделген еңбек. Ондағы барлық кеңес пен мысал шынайы өмірден алынған және тексерілген.

✔️ Бұл кітаптан сіз “Ақшаны қайда сақтау керек?”, “Қайда инвестиция жасау керек?” деген сұрақтардың жауабын табасыз. Бұл өз кезегінде жеке капиталды қалыптастыру, оны үнемдеу және көбейту жолдарын үйретеді. Осылайша ақша басты мәселе болудан қалады. Сіз өмірден ләззат алып, демалып, саяхаттап, өзгелерге көмектесуді үйренесіз.

📕 Вавилондағы ең бай адам (Самый богатый человек в Вавилоне)

Джордж Самуэл Клейсонның бұл еңбегі алғаш рет 1926 жылы жарық көрді. Ежелгі Вавилондағы оқиғаларға негізделген бұл кітап байлыққа жетудің ережелерін қарапайым әрі түсінікті тілмен баяндайды. Автордың пікірінше, адамның байлығы әмияндағы ақшаның мөлшерімен емес, табысын дұрыс басқара білуімен өлшенеді.
Кітап қаржыны жоспарлау, табысты сақтап, үнемдеу дағдыларын үйретеді. Оны “байлық әліппесі” деп атауға болады, себебі бұл туынды әлемнің көптеген миллионерлерінің жетістікке жетуіне ықпал етті. Егер сіз де өз қаржылық тәуелсіздігіңізді қалыптастырғыңыз келсе, бұл кітапты оқып көріңіз.

📗 Бай әке, кедей әке (Богатый папа, бедный папа)

Роберт Кийосакидің бұл кітабы – қаржы сауатын арттырып, инвестиция жасауды үйренгісі келетіндер үшін таптырмас еңбек. Автор өзінің өмірлік тәжірибесіне сүйеніп, екі түрлі дүниетанымды салыстырады: біріншісі – кедей әке ұстанымы, екіншісі – бай әке философиясы.
Кедей әке “Жақсы оқы, жақсы жұмыс тап”, деп кеңес берсе, бай әке “Жақсы оқы, өзің компания сатып алатын деңгейге жет”, дейді. Роберт бай әкенің ақылына құлақ асып, табысқа жетудің ерекше жолын көрсетеді. Кітап сізге қаржылық тәуелсіздіктің мәнін түсінуге көмектеседі.

📘 Қаржылық еркіндікке апаратын жол (Путь к финансовой свободе)

Бодо Шефердің бұл кітабы қаржылық еркіндікке жетуді армандайтындарға арналған. Автордың айтуынша, кедей мен байдың басты айырмашылығы – олардың ойлау жүйесінде. Ақша тек шоттағы сандармен емес, дұрыс жоспарланған энергиямен де келеді.
Кітапта табысыңызды үнемдеу, оны көбейту және дұрыс жоспарлау жолдары түсіндірілген. Әрбір табыстың белгілі бір бөлігін жинақтау әдетін қалыптастырып, қаржылық тәуелсіздікке қол жеткізуге болады. Егер сіз де ертеңгі күніңізге сенімді болғыңыз келсе, бұл еңбекті оқып шығыңыз.