Қазақ тарихына негізделген ТОП-3 кітап

Автор: редактор 06 Наурыз, 2024


Қазақ тарихына негізделген ТОП-3 кітап

✍🏻 Қазақтың тарихы мен саяси өміріне негізделіп жазылған кітаптар аз емес. Ендеше бүгін соның бір парасын назарларыңызға ұсынамыз.

📕Ілияс Есенберлин – “Көшпенділер”

Бұл шығарма – қазақ сөз өнерінің әлемдік нұсқасына қосылған тарихты көркемдік пайымдаудың үздік үлгілерінің бірі. Трилогия “Алмас қылыш ,Жанталас, Қаһар” деген бөлімдерден тұрады.

Көшпенділер трилогиясында бес ғасырлық оқиға, яғни, XV-XIX ғасыр аралығындағы Қазақ хандығы өмір сүрген кезең суреттеледі.

📍Алмас қылыш романында ХV –ХVІ ғасырларда Қазақ хандығының құрылуы, Әбілқайыр, Жәнібек, Керей хандардың тақ үшін таласы, қазақ руларының бірлесу идеясы суреттеледі.

📍Жанталас романында ХVІІ –ХVІІІ ғасырлардағы Қазақстанның шетел басқыншыларымен күресі және Әбілқайыр ханның Қазақстанның Батыс бөлігімен Ресей патшалығы қол астына кіруі сипатталады

📍Қаһар романында ХVІІІ ғасырда Абылай хан бастаған қазақ халқының қалмақ басқыншыларын біржолата талқан етуі, Абылайдың қазақ елін дербес Қазақ хандығына біріктіру әрекеттері және Абылай хан мен оның батырларының ел тәуелсіздігі үшін күрестегі ерлік, даналық істері баяндалады.

📗Мұстояпова А. – “Бұғауды бұзған қазақ даласы”

Отарлаудан кеінгі кезеңді зерттеу аясында қолға алынған Қазақстанның отаршылдықтан құтылуы мәселесіне арналған мақалалар жинағы. Автор бұл еңбегінде көшпенділердің бірегейлігі, тарихи және әлеуметтік-мәдени мұрасына қатысты проблемаларды қозғайды, сондай-ақ қазақтардың тарихы, тұрмысы мен салт-дәстурі туралы отарлық және кеңестік мифтер мен таптаурындарды зерттейді.

📘 Мұхтар Мағауин – “Қыпшақ аруы”

Мұхтар Мағауиннің «Қыпшақ аруы» романында ХІ ғасырдан бүгінге дейінгі өнер адамының  (Қыпшақ ханы Көбектің бәдізші ұлы Саржан, оның бүгінгі жалғасы мүсінші Көбеков Саржан)  қилы тағдыры арқылы ұлтымыздың тарихы, саяси өмірі, мәдениетінің көкейкесті мәселесі қозғалады. Шығармада  ХІ-ХХІ ғасыр аралығындағы оқиғалар, яғни мың жылдық шегіндегі ел өміріндегі елеулі бел-белестер қамтылады. Романның бас кейіпкері талантты мүсінші Саржан Совет кезеңінде өмір сүрген.

📌 Идеологиялық тапсырыстарды орындап табысқа жеткен. Атағы да баршылық. Бірақ өз-өзіне көңілі толмайды. Істеген ісіне, сомдаған мүсіндеріне. Еуропаша білім алған. Жаны да, қаны да қазақ. Бірақ ұлттық өнердің тұңғиығына бойлауға тарихи санасы кемшін. Сөйтіп жүргенде Жазушымен кездейсоқ кездеседі. Жазушы – ұлттық мәдени кодтың иесі. Мүсіншіге жол нұсқайды (Қыпшақ өнерінің озық үлгісі – балбал тастар арқылы). Саржанның эпопеясы осы кезден басталады. Романда Кеңестік кезеңде өмір сүрген дарынды мүсінші Саржан тылсым жағдайда бүгінгі өмірден жоғалып, өзінің түпкі бейнесі қыпшақ ханы Көбектің ұлы бәдізші Саржанның дәуіріне өте алады. Қыпшақ дәуірінде ол Айсұлу бегім – Қыпшақ аруымен танысады.

Сөйтіп өзін-өзі жоғалтып таба алмай жүрген мүсінші Саржан Көбеков «мазмұны да, формасы да ұлттық» бірегей өнер туындысын жасау арқылы өзін табады. ХХ ғасырға қайта келгесін ол «Саржан мен Айсұлу бегім» мүсінін жасап, ХІ ғасырға келместей боп қайтып кетеді.