Фактчекинг: Фейк және жалған ақпаратты қалай тексереміз?
🔉 ХХІ ғасыр — ақпараттандыру ғасыры. Алайда ақпараттың шектен тыс қолжетімді болуы, сайттар мен топтардың көбеюі жұртшылықтың аналитикалық ойлауын төмендетіп жатыр. Нақтырақ айтсақ, қазіргі таңда ақпаратты сұрыптап оқитын жандардың қарасы аз. Неге? Себебі көбі құрғақ ақпаратқа сеніп, ізденгісі келмейді. Ізденіс тоқтағаннан кейін шолақ ойлауға әдеттеніп кеткен.
🗯 Ендеше “Әлеуметтік желіден келетін хаттар мен жаңалықтардың рас-өтірігін қалай тексеруге болады?” деген тақырыпқа тоқталып өтейік. Фейк ақпарат пен жалған ақпаратты қалай ажыратуға болады? Ватсаптан келген және инстаграм желісіндегі ақпараттарды қалай сұрыптаймыз? Осы сұрақтарға жауап берейік.
📌 Ескерте кететін бір жайт, жалған және фейк ақпарат екі түрлі нәрсе.
📍Жалған ақпарат еш эмоциясыз беріледі. Сондықтан оны ажырату қиынға соғады.
📍Ал фейк ақпаратта назар аудартатын кілт сөздер болады. Сонымен қатар күшейтпелі және асырмалы шырайлар көп қолданылады.
🔍 Фейк ақпаратты қалай тексереміз?
▪️ Дереккөзді тексеріңіз.
Фейк ақпараттарда орфографиялық әрі грамматмкалық қателіктер көп кездеседі. Сондай-ақ сөз бен сөздің, сөйлемдердің логикалық байланысы болмайды.
▪️Жан-жақты ақпарат көздерінен тексеру
Бір ғана хатқа немес жаңалыққа тәуелді болмаңыз. Көпке белгілі ақпарат көздері мен бұқаралық ақпараттардағы мәліметтерге де назар аударыңыз. Егер аталмыш ақпарат сенімді дереккөздерінде жарияланса, демек шындыққа жанасуы мүмкін.
▪️Критикалық ойлау
Фейк ақпарат эмоцияға толы болады. Оны оқымау мүмкін емес. Мұнда асыра сілтеушілік пен драмматизация да бар. Сондықтан әр ақпаратқа сыни көзбен қарауға тырысыңыз.
▪️ Сурет пен видеоны тексеру
Әлеуметтік желіден келген сурет көкейіңізге күдік ұялатса, оны тексеруге мүмкіндік бар. Суреттердің түпнұсқасын Google Image Search немесе Yandex Image Search іздеу жүйелері арқылы тексеруге болады. Осы арқылы күмән тудырған суретке байланысты қандай мақала, ақпарат шыққанын, ол қандай ақпарат көздерінде жарияланғанын біле аласыз. Google Image Search іздеген суретке ұқсайтынын тауып, оларды сұрыптауға мүмкіндік береді.
▪️Ақпаратты сұрыптап, оның рас-өтірігіне қол жеткізу үшін factcheck.kz сайтын оқуға кеңес береміз. Жобаның негізгі міндеті – ақпарат құралдарында жарияланған ақпараттың, әлеуметтік желідегі жазбалардың және ел алдында жүрген тұлғалардың мәлімдемелерінің рас-өтірігін тексеру. Сайттағы мақалалар қазақ және орыс тілдерінде жарияланады.