Үй кезегіне қалай онлайн тіркелуге болады? “Отбасы банкінде” жаңа ақпараттық жүйе іске қосылды

Автор: редактор 27 мая, 2025


Үй кезегіне қалай онлайн тіркелуге болады? “Отбасы банкінде” жаңа ақпараттық жүйе іске қосылды

🏠 Енді баспанаға мұқтаж қазақстандықтар “Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы” ақпараттық платформасы арқылы өтініш беріп, кезекке тұра алады. Бұл туралы Отбасы банкінің өкілдері хабарлады.

Платформа 24 мамыр күні сағат 09:00-де іске қосылды. Өтініш беру үшін orken.otbasybank.kz сайтына кіріп, жарамды ЭЦҚ (электрондық цифрлық қолтаңба) арқылы тіркелу қажет.

✔️ Кімдер өтініш бере алады?

Отбасы банкінің мәліметінше, өтініш берген азаматтың тұрғын үйге мұқтаж екенін жүйе автоматты түрде тексереді. Егер өтініш беруші – кәмелет жасына толған Қазақстан азаматы болып, өзі мен отбасы мүшелерінің соңғы бес жылда жеке меншігінде тұрғын үй болмаған жағдайда, ол азамат мұқтаждар тізіміне енгізіледі.

Мемлекеттік қызмет ретінде тіркеу бір жұмыс күнінде жүргізіледі. Егер өтінішке қосымша құжаттар (мысалы, үйдің апатты екенін растайтын анықтама) тіркелсе, қызмет көрсету мерзімі үш жұмыс күніне дейін ұзартылуы мүмкін. Ал демалыс күндері келіп түскен өтініштер келесі жұмыс күні қаралады.

🏘️ Цифрлық портрет жасалады

Жүйе тек меншік құқығындағы баспананы емес, отбасы құрамын, әлеуметтік жағдайды, кіріс деңгейін, жәрдемақы немесе зейнетақы алу фактілерін де автоматты түрде тексереді. Осылайша, әрбір азаматтың цифрлық портреті жасалып, мемлекет тарапынан қандай қолдау шаралары қажет екені анықталады.

📞 Өтініш берген азамат пен оның отбасы мүшелеріне 1414 нөмірінен SMS-хабарлама жіберіліп, дербес деректерді жинауға келісім сұралады. Бұл хабарламаға жауап беру қажет.


🟢 Қандай қолдау шаралары қарастырылған?

Айта кетейік, мұқтаж азаматтарға тегін пәтер берілмейді. Жағдайына қарай келесі қолдау тетіктері ұсынылады:

• жалдамалы баспананың төлемін субсидиялау;
• жергілікті әкімдіктердің жалдамалы пәтерлері;
• бастапқы жарнасы төмен, жылдық сыйақы мөлшерлемесі 2–5% болатын тұрғын үй бағдарламалары;
• “Наурыз” бағдарламасы және “Наурыз жұмыскер” бағыты.

🟢 Алғашқы кезекте кімдерге басымдық беріледі?

Мемлекеттік тұрғын үй бағдарламаларында бірінші кезекте баспана алу құқығына ие азаматтар:
• Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен оған теңестірілген тұлғалар;
• Батыр аналар мен көпбалалы отбасылар;
• Жетім балалар мен ата-ана қамқорлығынсыз қалғандар;
• 1 және 2 топтағы мүгедектігі бар жандар;
• Мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасылар;
• Жесір немесе жесір қалған азаматтар.

Кезекке тұру күніне қарай баспана бөлінеді. Жалпы пәтер қорының кем дегенде 70%-ы – жоғарыда аталған азаматтарға беріледі.

❓Қазіргі базада тұрғандар не істеуі керек?

2025 жылдың 17 маусымынан кейін әкімдіктердің тұрғын үй кезегі Отбасы банкіне беріледі. Осыған байланысты азаматтарға egov.kz порталындағы деректердің (ЖСН, отбасы құрамы, некелік жағдай, мүлік туралы мәліметтер, тіркелген мекенжай) актуалдығын тексеру ұсынылады. Сондай-ақ kezekte.kz сайтынан ИИН арқылы өз мәртебесін қарап, сәйкессіздік болса – әкімдікке хабарласу қажет.

ЭЦҚ-ның болуы және Мобильді азаматтар базасында тіркелген нөмірдің болуы міндетті. Себебі, барлық хабарламалар 1414 қысқа нөмірінен келеді.

📝 Қандай жағдайларда тіркеуден бас тартылады?

• Соңғы 5 жылда тұрғын үй болған жағдайда;
• Мемлекеттік тұрғын үй қорынан немесе әкімдік арқылы жалға берілген баспанада тұрып жатса;
• Жалған немесе қате мәліметтер ұсынған жағдайда;
• Бұрын мемлекеттік баспананы алған және жекешелендірген жағдайда;
• Апатты жағдайдағы үй басқа қалада болса;
• Мемлекеттік ипотекалық қолдаумен баспана алған болса.


Читайте также