Үй сатып аларда нені ескеру қажет? ТОП-7 кеңес

Автор: редактор 11 июня, 2025


Үй сатып аларда нені ескеру қажет? ТОП-7 кеңес

Тұрғын үй сатып алу — өмірдегі маңызды әрі жауапты шешімдердің бірі. Бұл адамның тұрмысына, отбасының әл-ауқатына, болашаққа деген сеніміне тікелей әсер ететін үлкен қадам. Сондықтан баспаналы болуға бел буған әрбір адам келесі негізгі факторларды ескеруі тиіс:

1️⃣ Қаржыңызды есепке алыңыз

Алдымен, өзіңіздің ай сайынғы табысыңызды, шығындарыңызды және жинаған қаражатыңызды есептеңіз. Егер ипотека алуды жоспарлап отырсаңыз, банкке төленетін бастапқы жарна (көбіне 10–30%) мен ай сайынғы төлем сіздің табысыңыздың 40–50%-нан аспауы қажет. Әйтпесе, бұл ұзақмерзімді қаржылай ауыртпашылыққа әкелуі мүмкін.

2️⃣ Ипотекалық шарттарды зерттеу

Ипотекалық несиенің пайыздық мөлшерлемесін, мерзімін, жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін (ЖТСМ), қосымша төлемдер мен сақтандыру шарттарын мұқият қараңыз. Әсіресе бастапқы жарна көлемі мен банк талабына назар аудару қажет. Мысалы, қазіргі таңда көптеген азамат бастапқы жарнаны төлей алмай отыр. Осыған байланысты депутат Ерболат Сатыбалдин Үкіметке ипотекалық шарттарды қайта қарау туралы депутаттық сауал жолдады. Бұл халықтың көкейіндегі мәселе екенін тағы бір дәлелдейді.

«Тұрғын үй адамның басты конституциялық құқығы. Бұл Ата Заңда айқын жазылған талап. Алайда іс жүзінде бұл құқықты жүзеге асыру қиынға соғып отыр. Мәселен, шамамен отыз миллион теңге тұратын автокөлікті сатып алу әлдеқайда жеңіл. Жылдық мөлшерлеме небәрі 6 пайыз, бастапқы жарна талап етілмейді. Құжат ресімде онлайн әрі жылдам. Ал дәл осы сомаға баспана алғысы келген азамат кемі отыз пайыздық бастапқы жарна төлеуге мәжбүр. 18–20% көлеміндегі жоғарғы пайызбен келісуге тиіс. Құжат жинау процесі ұзақ, нәтижесінде банк ипотека бермей қоюы да мүмкін”, — деді ол.

3️⃣ Үйдің орналасқан жері

Баспана сатып аларда оның орналасуы аса маңызды рөл атқарады. Жұмысқа, мектепке, балабақшаға, дүкендер мен қоғамдық көлікке жақын орналасқан үйлер — ыңғайлы әрі бағасы тұрақты болады. Сонымен қатар аудандағы инфрақұрылымның даму перспективаларын да ескерген жөн.

4️⃣ Құжаттардың заңдылығы

Жылжымайтын мүлікке қатысты барлық құжатты мұқият тексеру — міндет. Үйдің меншік құқығы, техникалық паспорты, жер телімінің мәртебесі, алдыңғы иесінің қарызы бар-жоғы, үйге сот тыйымы салынбағаны — бәрі заңгердің немесе нотариустың қатысуымен тексерілуі тиіс.

5️⃣ Техникалық жағдайы

Сатып алатын үйдің немесе пәтердің техникалық жағдайын білікті маманмен бірге тексеріңіз. Жасырын ақаулар кейін қомақты шығынға алып келуі мүмкін (жылу жүйесі, шатыр, электр желісі, канализация, қабырғада сыз бар-жоғы т.б.).

6️⃣ Ескі немесе жаңа үй?

Бүгінде адамдар ескі үйден гөрі жаңа салынып жатқан тұрғын үй кешендеріне қызығады. Бірақ құрылыс компаниясының сенімділігін, тұрғын үйдің эксплуатация мерзімін және басқа да заңдық тәуекелдерді ескеру маңызды. Қайталама нарықта да өзіндік артықшылықтар бар: орналасқан жері ыңғайлы, инфрақұрылымы қалыптасқан.

7️⃣ Келісімшартты мұқият оқу

Сатып алу-сату келісімшартын толықтай оқып шығу — заң тұрғысынан да, қаржы жағынан да маңызды. Кез келген түсініксіз тармақты нотариустан немесе заңгерден нақтылап сұраған жөн.

Қорытынды

Үй сатып алу — тек эмоциямен шешілетін мәселе емес. Қаржылай есеп, құқықтық тексеріс пен болашақты бағамдай алатын парасат қажет. Осы қағидалар ескерілген жағдайда ғана жаңа баспана — нағыз бақыт пен жайлылықтың мекеніне айналады.